Депутаттың айтуынша, қоғамның қауіпсіздігі үшін жауапты органдар айыптының заңға сәйкес жазасын алуын қадағалауы қажет.  
Адамды қорқытып, қоғамды қауіпті қылып көрсетіп, оны желіге жүктегендерді жүгендейтін кез келді – Мақсат Толықбай
443
оқылды

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай ІІМ Ержан Сәденовтің атына қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне қатысты сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz

– Былтыр білесіздер, әріптестеріміз Мәжіліс мінберінен қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Шерзат Полат туралы айтқан болатын. 16 жасар баланы аяусыз өлтіргендер қатаң жазаға тартылуы керегін талап еттік. Ағайынның кеудесін ашу кернеп отырғанда Шерзаттың өліміне күдікті ретінде қамалғандардың уақытша ұстау изоляторында ән тыңдап, тәтті жеп, ұялы телефон пайдаланып, уайымсыз ойнап-күлгенін көрдік. Жұрт жағасын ұстады, артынша қызметкерлер жазаланды. Бірақ бұл «ақшасы бардың абақтыда да мұртын балта шаппайды деген рас екен-ау» деген ойға қалдырды. 

Жуырда аталған іс бойынша сот басталды. Айыптау актісін оқыған прокурор елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Қаскөйлер анасы мен әжесінің көзінше Шерзаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, артынша басынан мылтықтың дүмімен ұрған. Бұл сұмдықты көзімен көріп баласына көмектеспек болған ананы тағы екі қаскөй жібермей ұстап тұрған. Бұл сұмдық емес пе? Қауіпсіз қоғамды қауіп-қатердің ортасына айналдырғандар уақытында неге жазасын алмаған? Сұрақ көп.

Шерзаттың қазасына қатысты сот онлайн өтсін деген талабымыз орындалды. Енді шешімнің әділ болуын жауапты органдар қамтамасыз етуі шарт,  деді депутат. 

Мақсат Толықбай Меркіде болған мотоцикл жүргізушісіне қатысты жағдайға да тоқталып өтті.

– Жақында Меркіде болған жағдай да қоғамды қатты үрейлендірді. Шымкенттегі мотомаусымның ашылуынан қайтып бара жатқан мотоциклшіге бір қаскөй жанармай бекетінде екі рет пышақ сұққан. Бәрі бейнежазбада бар. Артынша байкердің шетел азаматы екені белгілі болды. Қазақ «үйіңе келгенге, үйдей өкпенді айтпа» деуші еді. Ал әлгіндей әрекеттер Қазақстанның имиджіне есепсіз нұқсан келтірді. 

Жылдар бойы турист шақырамыз деп еткен еңбек еш кетті дей беріңіз. Тал түсте бейнекамераларды көре тұра адамды пышақтап кету қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты үлкен сұрақ тудырады. 

Желідегі жұрт «айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді» деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол қазір пранк аталып кеткен құбылыс. Интернетті ашып қалсаң, парақшаны басып қалсаң алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып, оны бір-біріне сұғып құлап, елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң «бұл пранк» деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі.  

Сиқыры жоқ, қолдарындағы қару кедергіге тап болғанда жүзі ішіне кіріп кететін пышақтар. Бұл не масқара? Енді бейтаныс біреу пышақ ала жүгірсе «бұл шын ба? Әлде пранк па? Қолындағы пышақ шынымен жаралай ма, әлде жүзі ішіне кіріп кете ме?» деп күтіп тұру керек пе? – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, қоғамның қауіпсіздігі үшін жауапты органдар айыптының заңға сәйкес жазасын алуын қадағалауы қажет.  

– Екінші мәселе арнайы жасақтың киімін киіп алып, той-туған күндерге кіріп барып, елдің есін алатындарға қатысты. Желіден жұрт жаппай көріп жүр. Арнайы жасақтың киімін киіп, қолына қару алғандар азаматтарды құрықтап, қолдарына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, оны далаға алып кетіп әбден қорқытады. Соңында бәрі баяғы пранк деп шығады. Арнайы қызметтің операциясын қалжыңға айналдыру, солардың киімін кию, адамды бас бостандығынан айыру бұл қандай ойын? 

Мәжіліске келген ІІМ вице-министрі «олардың киімі арнайы қызметтің киімінен айнымайды деу дұрыс емес» деді. Бірақ елең-алаңда бетпердемен кіріп келген бір топ адамның киімі арнайы жасаққа ұқсай ма, жоқ па оны жұрт қайдан ажыратсын. Тіпті, елдің көбі арнайы жасақтың шын киімі қандай болатынын толық біле бермейді. Себебі түрлі күштік құрылымның формалары да алуан түрлі.

Қалжыңдамақ болған адамның қан қысымы көтеріліп кетсе, жүрек талмасы ұстаса, оған кім жауап береді? Түптің түбінде сөз құқық қорғау орындарына келеді. 

Сондықтан адамды қорқытып, қоғамды қауіпті қылып көрсетіп оны желіге жүктегендерді жүгендейтін кез келді.

Осы айтылғандарды ескере отырып, уәкілетті министрлік аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолдарындағы қаруларын тәркілеуі керек деп санаймыз, – деді депутат.