Анастасия Светочева 1941 жылы жау қоршауында қалған Ленинград шайқасында немістерге блокада қойып, жаралы сарбаздарға көмектескен. Кейін ұрыс алаңында байланысшы болған.
«Күнде көше-көшедегі мәйіттерді жинап, Канонеркаға апарамыз»: жау қоршауында қалған Ленинград шайқасы
655
оқылды

Анастасия Светочева негізі 1922 жылдың қарашасында шаруалар отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Павел кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыста немістермен соғысып, ауыр жарақат алған. Жаудың оғы оның тізесіне тиіп, аяғы бүгілуден қалған. Сөйтіп, мүгедектігінен ұрысқа жарамай,  бұрынғы Күршім ауданы Буденовка ауылында ұсталықпен айналысқан.

Бала кезіннен Анастасияға әкесі кешкісін кітап оқып, түрлі хикаяларды баяндағанды ұнатқан. Содан болар, Ася оқуға құмар болған. 1938 жыл, ашаршылық жайлаған кез. Ел ішінде оқу түгілі күнкөріс қиындаған заман. Ол кезде Асяның тәмамдағаны бар-жоғы 7 сыныптық білім.

Сондай қиын заманда Ленинградтағы тәтесі екі баласына қарасуға көмек сұрап, Асяның анасына хат жолдаған екен. 16 жасқа толмаған, үйінен бір елі алыстамаған бойжеткен Ленинградқа жол тартады. Орта білімі болмағандықтан, институтқа түсе алмайды. Дәл сол кездерде әр институттың құрамында жұмысшы топтарға арналған факультеттер ашылады. Ася орта білім алып шыққанында үш жыл өтеді. Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген шақ.

Анастасия Светочеваның айтуынша, дәл сол уақытта немістер Ленинградты басып кірген екен.

– Сол күн әлі есімде. 1941 жылдың 22 маусымы. Жексенбі. Қиыр Шығыстан келген тусқаным екеуміз азанмен дүкен аралап қайтпақ болғанбыз. Ол кезде керек-жарақты қаладан барып алатын едік. Үйге келген бетіміз. Шай ішіп отырғанымыз сол еді, бір мезетте радиодан соғыс басталды деп хабарлады. Екеуміз үн-түнсіз, сілейіп қалдық. Дегенмен алғашқы күндері жұрт бұл соғысты ұзаққа созылады деп ойламады, – дейді Анастасия Светочева «yk-news.kz» сайтына берген сұхбатында.

Немістер Ленинградты басып кіргенде Анастасия Светочева өзгелер секілді қорғанысқа жұмылдырылып, жатақханадан казармаға орналасқан.

Айтуынша, жау 1941 жылдың 8 қыркүйек күні Ленинградты жан-жағынан басып алған. Немістер қаланың оңтүстік қатпалынан келсе, финдер солтүстік жақтан қоршай түскен. Міне, сол кездерде Ася өзге жастар секілді қорғаныс бекіністерін тұрғызуға көмектесіп, жаралылар мен әлін жоғалтқан сарбаздарға алғашқы көмегін жасап, өрт сөндіріп, түнде шатырдың төбесіне күзетке шығып отырған.

– Блокада Бадаев қоймаларындағы өртпен бір мезгілде басталды. Екі күнде – 8 және 10 қыркүйекте немістер 280 бомба тастады. 3 000 тонна ұн мен 2 500 тонна қант өртеніп кетті. Салдарынан қоршаудағы қалада 20 қарашадан бастап азық-түлік нормасы белгіленіп, жұмыс істей алмайтындарға тәулігіне 125 грамм нан ғана берілетін болды. Жасақшылар жұмыс картасы бойынша әуелде 300 грамм нан алса, артынан оны 250-ге азайтты. Өлместің күнін кештік.  Арасында қыздар әлі де жаралыларға қан тапсыра алды. Су да, нан да, жылу да жоқ кез. Сол күндерді еске алсаң, жанын түршігеді. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылында адам көп өлді. Аштыққа, суыққа шыдамай қаншамасы жан тапсырды. Пәтерге кірсек, үйдегі ересектер қырылып, балалар өлім аузында жатады. Күнде таңертең ертерек тұрып, көше-көшедегі мәйіттерді жинап, Канонеркаға апарамыз. Өліктерді тез арада тастап, артымызға қарайламастан кетіп қаламыз. Мәйіттің азды-көптігіне көз тоқтатпауға, қарамауға тырыстық, – дейді Анастасия Светочева.

Ленинград қоршауында көзсіз батылдығымен, жау соққысына қарсылық танытуынан танбағаны үшін Анастасия Светочева "II дәрежелі Отан соғысы" ордені және «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін 1945 жылы Новосібірде үш жылдай тұрып, Шығыс Қазақстан облысы Өскеменге қайтып келеді.

29 жасында тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі болып, шөберелерінің ортасында ғұмыр кешіп келеді.