Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарымның төрағалығымен Astana Hub технопаркі алаңында «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылауға арналған көшпелі отырыс өткізді. Бұл жиын цифрлық дәуірде адам құқығы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заңнамалық негізді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Талқылауға Қоғамдық палатаның мүшелерімен қатар, заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, салалық министрліктің жауапты өкілдері, Astana Hub және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.
Аталған заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болды. Ал оны жүзеге асырудың маңызы жөнінде Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің биылғы кеңейтілген отырысында ерекше атап өткен еді.
«Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын», - деген болатын Президент өз Жолдауында.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым өз сөзінде бұл заң жобасының жай ғана техникалық акт емес, мемлекеттің цифрлық егемендігін қорғауға бағытталған кешенді стратегиялық құрал екенін айтты.
– Жасанды интеллект – қазақстандықтардың күнделікті өміріне белсенді енуде. Сондықтан бұл салада арнайы заңның болғаны дұрыс. Болашақта біз оны қажет бағыттар бойынша жетілдіре аламыз. Бүгінде кейбір салаларда жасанды интеллектті қолдану заңнамалық түрде бекітілген. Ал егер қазір кешенді заң қабылданса, бұл еліміз үшін тиімді болмақ. Әлем дамып жатыр, ал Қазақстан сол үдерістен қалыс қалмауы керек, – деді Айдос Сарым.
«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіз әрі этикалық талаптарға сай қолданылуын құқықтық деңгейде реттеуге бағытталған. Жобада адамның дербестігін сақтау, алгоритмдердің ашықтығы сияқты қағидаттар қамтылған. Бұл нормалар Қазақстанның цифрлық кеңістігінде адам құқығын қорғау мен мемлекеттік бақылауды үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы депутат Екатерина Смышляева 2025 жылғы 3 наурызда Мәжілісте «Жасанды интеллект (ЖИ) туралы» заң жобасын таныстыру кезінде нақтылаған болатын.
– Бұл заң жобасы ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Цифрлық заңнамада біз технологиялық бейтараптық принципін сақтауға тырысамыз, яғни жеке технологияларға заңдар мен нормаларды арнамаймыз. Ең маңызды және негізгі принциптер: біріншісі – ашықтық пен түсініктілік, ал екіншісі – технологиядан гөрі адамның әл-ауқатының басымдығы. Екінші мәселе ЖИ технологиясы қолданылмайтын барлық салаларға тән. Бұл дегеніміз, адамның қауіпсіздігі немесе пайдасы үшін технологияның қарқынды дамуын шектеу қажет болған жағдайда, бұл шектеулер пайда болады. Ал үшінші қағида – деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуы, – деп түсіндірді депутат.
Екатерина Смышляеваның айтуынша, жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары Үкіметтің құзырында қала береді. Бұл бағыттағы реттеуші орган ретінде былтыр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған Жасанды интеллект комитеті жұмыс істейтін болады.
Жасанды интеллект саласына қандай заңнамалық жаңалықтар енгізіледі?
- Жасанды интеллектіні тәуекел деңгейлері бойынша жіктеу жүйесі енгізіледі. Ол пайдаланушылардың және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне ықтимал әсеріне байланысты оларды пайдалануды реттеуге мүмкіндік береді.
- Бақылаусыз зардаптардың ықтималдығын азайту үшін Қазақстан аумағында адамның араласу мүмкіндігінсіз шешім қабылдайтын жүйелерді құруға және енгізуге тыйым салынады.
- Жасанды инттелект жүйелерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін Ұлттық платформа құрылады.
- Жасанды интеллект иелері мен әзірлеушілері пайдаланушыларға жасанды интеллектпен қалай әрекет ету қажеттігін ескертуге және оның қалай жұмыс істейтіні туралы түсініктеме беруге міндетті болады.
- Жеке деректерді қорғау күшейтіліп, адам мінез-құлқын басқаруға қабілетті ЖИ жасауға және пайдалануға тыйым салынады.
Ілеспе заң жобасы аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Ақпараттандыру туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Масс-медиа туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы – елдің цифрлық даму стратегиясындағы маңызды кезеңнің бірі. Бұл бастама Қазақстанның технологиялық прогреске бағыттала отырып, құқықтық реттеуді заманауи талаптарға сай жетілдіруге деген ұмтылысын көрсетеді.