Шымкенттің тумасы Владимир Дмитриевич 3 тамыз күні жүз жасқа толады. Оның балалық шағы ерте аяқталады. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы ол Теміржол училищесіне түседі, бір жылдан кейін Белозеровтар отбасы Алтай өлкесіне қоныс аударады.
Сол жақта жүргенде 1943 жылы 18 жасында Владимир Белозеров әскерге шақырылады. Содан Барнаул жаяу әскерлер училищесіне оқуға жіберіледі. Бірақ олар оқуын аяқтамай, маусым айында бүкіл курс болып, майданға аттанады. 3-ші Украина майданы 92-ші гвардиялық дивизиясының 280-ші атқыштар полкінде қызметке түседі. Сөйтіп, Украинаны азат етті – Харьков пен Кременчугтағы шайқастарға қатысып, Днепрді кесіп өтеді. Днепрден өту кезінде Владимир Белозеров басынан ауыр жарақат алады. Ол госпитальда ұзақ уақыт ем алып, контузиясына байланысты майданға орала алмады.
Ұрыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» және Отан соғысы ордендерімен марапатталды. 28 жыл Алматы құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеді. Жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін 1990 жылы Владимир Дмитриевич Ленин орденімен марапатталды.
Владимир Белозеровпен өмірдің ащысын да, тұшысын да әйелі Тамара Ивановна Белова екеуі бірге татты. Бүгінде Владимир Дмитриевич әйелінсіз өмірді елестете алмайтынын сұхбаттарының бірінде айтады.
Естеліктерінің тағы бірінде ардагер әлі күнге дейін жаттығатынын сөз етті.
– 57 жыл бойы әр таңым жүгіруден басталды. Күн сайын Жандосов көшесінен Төле би көшесіне дейін 5 шақырым жүгіріп өтемін. Жүгіріп келген соң бір сағат гимнастикамен айналыстым. Сағат 8-ге таман жұмысыма кететін едім. Өкінішке қарай, операциядан кейін жүгіруді тоқтаттым. Бірақ менің таңым осы күнге дейін жаттығудан басталады, – деді ардагер Владимир Белозеров.