Иван Шевцов 1926 жылы Алтай өлкесінің Антоновка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 16 жасында мергендер мектебіне оқуға қабылданып, екі жылдан кейін Қызыл Армия қатарына әскери қызметке шақырылған.
Ол Польша мен Чехословакияны азат ету үшін шайқастарға қатысып, өз ерлігімен ерекшеленген. Ардагер өз қызметі барысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін "II дәрежелі Отан соғысы" ордені, "Қызыл Жұлдыз" ордені және адал еңбегі үшін медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін Отанына оралып, "Қазэлектромонтаж" кәсіпорнында учаске бастығы болып қызмет етті. Ол өз саласында жауапты маман ретінде танылды. 1952 жылы отбасымен Семейге көшіп келді, қазір осы қалада тұрып жатыр.
Ардагердің айтуынша, әкесі де соғысқа қатысқан екен. 1914 жылы әкесін соғысқа алып кеткенде анасымен бірге үйде кішкентай үш бала қалған. Сол жақта тұтқынға түсіп, кейін бұйрық шыққаннан соң босатылған.
– Сол себептен біз жастайымыздан қара жұмысқа араластық. Ол кезде бізге "кішкентайсың" деп жеңіл-желпі жұмыс беріп, жұмсақтық танытпады. Қазіргідей ешқандай техника болмады. 6 жасымда атқа отырып, шөп шабатынбыз. Таңның атысынан кештің батысына дейін тыным таппай, жұмыс істедік. Ұсталықтың да қыр-сырын үйреніп алдық. Әскерде жүргенде жергілікті егіншілердің құрал-сайманын реттеп-жөндеуім пайдаға жарады. Қазіргі жастардың өмірі біздікінен әлдеқайда жақсы ғой. Баршылықта, тоқтықта өсіп жатыр. Бізде ондай болмады. 7-сынып оқығанға дейін анамның жейдесін киіп жүрдім. Бала кезден бізді патриоттыққа, Отаныңды қорғауға тәрбиеледі. Ал бүгінгі жастар осыны біле ме екен? Өзім патриотпын, Қазақстан - менің екінші Отаным. Елімізде соғыстың болмауын тілеймін! – дейді ардагер мерейтой қарсаңындағы жастармен жүздесуінде.
Иван Романович жеңіске жеткен күннің әлі есінде екенін еске алды.
– Стерлитамактағы Рига жаяу әскер училищесінде оқимын. Бәрімізді түскі асқа асханаға апара жатқан. Кенеттен бүкіл қала бойынша хабарландыру жүре бастады. Әп-сәтте қуанғаннан бәрі бастағы қалпақтарын лақтыра бастады. Соғыстың аяқталғанын сөйтіп естідік,– дейді ардагер.