Олар бұл шешімге мұғалімдердің жетіспеушілігінен келген.
Атырау қаласындағы мектептің бірінде орыс сыныптары жабылып жатыр
745
оқылды

Атырау қаласының Нұрсая ауданында орналасқан Салық Зиманов атындағы мектепте жаңа оқу жылы қарсаңында орыс сыныптары жабылатынын хабарлады. Олар бұл шешімге мұғалімдердің жетіспеушілігінен келген, - деп хабарлайды Аikyn.kz.

"Ақжайық" басылымының жазуынша, осы мәселеге біраз ата-ана қарсылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша,  төрт жыл бойы бір сыныпта оқып келе жатқан балалардың әртүрлі мектептерге бөлінуін дұрыс көрмейді. Балалардың психологиялық жағдайына, оқу үдерісінің тұрақтылығына кері әсер етеді деген пікірде. 

Негізі №37 мектеп ресми түрде қазақ тілінде оқытатын оқу орны болып есептеледі. Дегенмен 2021 жылы орыс сыныбына сұраныстың артуына қарай білім ордасы орыс тілінде оқытатын бірінші сынып оқушыларын қабылдаған. Қазір бұл оқушылар төртінші сыныпты тәмамдайды. 

Мектеп директорының міндетін атқарушы Нұргүл Ғабдуллинаның айтуынша, қазір сол төртінші сыныптың әрқайсысында 16-17 бала бар. Ондай сыныптан екеуі бар. Олармен жұмыс істеген мұғалім отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан шығып кетті. Ал енді қазір мұғалімсіз қалды. Оқушыларға сабақтарды басқа мұғалім жүргізіп жүр.

– Бастауыш сынып оқушылары негізі тек таңертең оқуы тиіс. Бірақ мұғалімнің жетіспеуінен бір мұғалім екі сыныпқа қатар сабақ беріп жүр. Сондықтан балалар бір бөлігі – таңертең, екінші бөлігі – түстен кейін оқуға мәжбүр. Ал жоғары сыныптарға орыс тілінде сабақ беретін мұғалім мүлде жоқ", – деді ол.

Қалалық білім бөлімі бұл оқушылардың жаңа оқу жылында сабағы, яғни 5-сыныпты жақын маңдағы мектептерге ауысу мүмкіндігін айтты. Дегенмен соңғы шешім оқу жылы аяқталғаннан кейін қабылданады.