Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында Белградқа жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, оның екі ел достығын нығайтудағы және сан қырлы ынтымақтастықты дамытудағы маңызына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Сапар аясында сауда және инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру, жасанды интеллект, сондай-ақ әскери қорғаныс өнеркәсібі салаларына қатысты келісімдерге қол қойылған болатын.
Александр Вучич Сербияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестік аясын одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға қос тарап та бейіл екенін растап, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелерді Сербия Президентінің биыл Астанаға жоспарланған сапары кезінде талқылауға келісті.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма Премьер-министрі Мин Аун Хлайнмен кездесті.
Мемлекет басшысы ең алдымен Премьер-министр Мин Аун Хлайнға жуырда Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет әрқашан өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынастарды сақтап келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жол ашатын мол әлеует бар екені айтылып, саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайту перспективасын зерделеу мәселесі қарастырылды.
Қазақстан Президенті қос ел бизнес қауымдастығы өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастырып, экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беруді ұсынды.
Мьянма Премьер-министрі осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, кездесуде мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік-логистика салаларында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар Венесуэла Президенті Николас Мадуромен кездесті.
Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Венесуэла Президенті Николас Мадуро кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жайында айтты. Президент Қазақстаннан майданға 1,2 миллион адам аттанып, олардың жартысы ерлікпен қаза тапқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэланы еліміздің маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар белгілі себептерге байланысты осы уақытқа дейін екіжақты ынтымақтастық ойдағыдай өрістемегеніне назар аударды. Осы орайда Николас Мадуроны өзара ықпалдастықты талқылау үшін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Венесуэла Президенті екі ел арасындағы байланыстардың жай-күйін пысықтауға мүмкіндік туғанына қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеудің жаһандық маңызы зор. Николас Мадуро Кеңес Одағының құрамында болған халықтар Жеңіске жету жолында негізгі рөл атқарғанына тоқталды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.