Биыл еліміздегі 500 ауылдық елді мекенде "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде мыңға жуық жоба іске асырылмақ. Осы мақсатта биыл бюджеттен 176,4 млрд теңге қарастырылып отыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға – инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, негізгі қызметтерге қол жеткізуді арттыру, өмір сүруге қолайлы орта құруға арналып отыр.
2019-2024 жылдары ауылды дамытуға 524 млрд теңге бөлінді. 2,6 мың тірек және спутниктік ауылда 6,6 мыңнан астам жоба орындалды. Осының арқасында 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, мектеп, медициналық пункт пен мәдениет үйі сияқты 2,1 мың әлеуметтік нысан, 3 мыңнан аса кентішілік жол салынып, жөнделген.