Financial Times хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, әлемдік іздеу нарығындағы өзгерістерді талдайды.
Apple жасанды интеллект саласындағы стартаптармен бірлесіп, Google-ге балама іздеу құралдарын жасамақшы. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Evan Buhler
2025 жылға дейін Google әлемдік іздеу нарығының 90%-дан астамын тұрақты иеленіп келеді. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-боттар бұл үстемдікті өзгерте бастады.
Apple компаниясының жоғары лауазымды өкілі iPhone және Safari браузеріне арналған іздеудің балама шешімдерін қарастырып жатқанын мәлімдеген соң, сәрсенбі күні (7 мамыр) Google-дің бас компаниясы Alphabet-тің акциялары 9 пайызға төмендеген.
Apple-дің аға вице-президенті Эдди Кью АҚШ сотында берген мәлімдемесінде, компания жасанды интеллект саласындағы стартаптармен, мысалы, Perplexity компаниясымен, Google-ге балама іздеу құралдарын жасау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Кью бұл құралдарды iPhone мен iPad пайдаланушылары Safari браузері арқылы интернеттен іздеу кезінде балама ретінде таңдауға болатын опциялар қатарына қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Алайда ол жаңа құралдар қашан қолдануға берілетіні туралы мәлімет бермеген.
Аға вице-президенттің айтуынша, Apple iPhone құрылғыларына қытайлық DeepSeek компаниясының жасанды интеллект қызметтерін енгізу мүмкіндігін де қарастыруда.
Google бүгінде iPhone мен Safari браузерлерінде әдепкі іздеу жүйесі болғаны үшін Apple-ге жылына 20 миллиард доллар төлейді. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Kylie Cooper
Іздеу қызметінің жаңа провайдерлеріне көшу Apple мен Alphabet арасындағы миллиардтаған долларлық келісімге қауіп төндірді. Бұл келісім бойынша Google – iPhone мен Safari браузерлеріндегі әдепкі іздеу жүйесі болып қолданылуы тиіс. Ол Google-ге жүздеген миллион пайдаланушыларды тартуға және жарнама бизнесін дамытуға мүмкіндік береді.
Bloomberg Эдди Кьюдің түсініктемелерін жариялаған соң Alphabet акциялары Нью-Йорк биржасында 7,5%-ға арзандады. Ал Apple акциялары 1,1%-ға төмендеді.
Кью бұл мәлімдемені АҚШ Әділет министрлігінің Google-ге қарсы басталған тыңдау барысында таратты. Өткен жылдың тамызында федералдық судья Google компаниясының заңсыз іздеу монополиясын байланыс операторларымен, браузер әзірлеушілерімен және құрылғы өндірушілерімен келісімдер арқылы сақтап келгенін анықтады. Егер осы шешім нәтижесінде Google-мен жасалған келісім жойылса, Apple миллиардтаған доллар пайдадан айырылуы мүмкін.
Google әдепкі іздеу жүйесі мәртебесін сақтау үшін Apple-ге жылына 20 миллиард доллар төлейді. Кремний аңғарының екі алыбы арасындағы бұл ұзақ мерзімді келісім АҚШ үкіметінің наразылығын туғызған.
Соңғы бір жыл ішінде Apple iPhone үшін бірнеше генеративті ЖИ құралдарын таныстырды. Оның ішінде Siri арқылы OpenAI-дің ChatGPT жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігі де бар. Бұдан кейін Siri-дің кең көлемді жаңартуы секілді басқа функцияларын енгізу кейінге қалдырылды. Бұл кейбір инвесторлардың Apple генеративті ЖИ жарысында Google, Amazon және Microsoft сияқты бәсекелестерден қалып қойды деген алаңдаушылығын тудырды.
Жасанды интеллект құралдары пайдаланушыларға іздеу сұраныстарына дәстүрлі веб-бет тізімін емес, нақты жауаптар мен қосымша сілтемелер ұсынады. Google де өз іздеу жүйесін генеративті ЖИ көмегімен жаңартты.
Сәрсенбі күнгі (7 мамыр) мәлімдемесінде Эдди Кью ЖИ алғаш рет Google-ге іздеу саласында шынайы бәсекелестік туғызып отырғанын атап өтті. Ол Apple-дің iPhone-ға Perplexity, Anthropic, қытайлық DeepSeek және Илон Масктың xAI секілді жаңа провайдерлерден түрлі ЖИ функцияларын қосу мүмкіндігін талқылағанын айтқан.
Іздеу жүйелерінің болашағы жасанды интеллектпен тығыз байланысты болып отыр. Генеративті ЖИ қолданушы сұраныстарына нақты әрі кең ауқымды жауап бере алады. Дәстүрлі іздеу форматынан ыңғайлы, тиімді мүмкіндіктер ұсынады. Біздің ойымызша, бұл технология іздеу тәжірибесін түбегейлі өзгертіп, пайдаланушының дербес сұранысына бейімделген, интерактивті ақпарат алмасу дәуірін бастайды деп ойлаймыз.
Бұндай өзгерістер туралы аналитик мамандардың сөздерін қарапайым халық түсіне бермейді. Мына видео соның дәлелі:
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.