Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафоны басталды. Ол 14 мамырға дейін жалғасады. «AMANAT» партиясының қолдауымен Алматы облысы әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған бес күндік ат жарысында Қазақстанның 13 өңірінен, сондай-ақ Ресей, ОАР, Мажарстан, Иран және Қырғызстаннан келген қатысушылар бас қосты.
Тарих, спорт және халықтар достығының символына айналған «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафоны өтіп жатыр
Фото: «AMANAT» партиясы
359
оқылды

Марафон бағыты Қазақстанның көрікті де тарихи маңызы бар аумақтары — Алматы облысының Балқаш, Жамбыл және Іле аудандары арқылы өтеді. Шабандоздар Алматы – Өскемен тасжолының бойындағы Бақанас көпірінен бастау алып, Қонаев қаласының «Қарлығаш» шағынауданында мәреге жетеді. Шетелдік қонақтар үшін этноауылдар, фотоаймақтар және интерактивті алаңдар ұйымдастырылған. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» жай ғана жарыс емес, халықтар арасындағы мәдени алмасу мен достықтың алаңына айналып отыр.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек марафонның өтуі – Қазақстанның өз тарихына адалдығы мен әлемге ашықтығын білдіретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамыту және мәдени мұраны ілгерілету мәселесін жіті назарда ұстайды. «Ұлы дала жорығы» – әртүрлі мемлекеттің спортшылары бас қосқан Ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің лайықты жалғасы. Бұл жоба әлемге еліміздің бай тарихи мұрасын, ұлттық рухын және қонақжайлығын дәріптейді. «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, соның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде партия ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді және ғасырдан-ғасырға жалғасқан тарлан тарихты жүйелі түрде ілгерілетуде. Соның ішінде осы «Ұлы дала жорығы» марафоны да бар», – деді ол.

Марафон – тек спорттық жарыс қана емес, ауқымды мәдени оқиға. Оның негізгі элементтерінің бірі – асылтұқымды жылқылар көрмесі болды. Бұл көрмеде қазақстандық ерекше жылқы тұқымдары таныстырылды. Іс-шара қонақтары ұлттық қолөнер жәрмеңкесіне де қатысты: еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер халықтық өнер туындыларын ұсынып, дәстүрлі мәдениеттің байлығымен бөлісті.

«Марафон бағыты – бұл жай ғана спорттық қашықтық емес. Бұл – еліміздің тарих беттері мен табиғи ескерткіштері арқылы өтетін жол. Қатысушылар әлемдегі ең ірі су айдындарының бірі – Балқаш көлінің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қарамерген қалашығының маңынан өтеді. Іле ауданында ерекше маңызға ие Тамғалы-Тас петроглифтері – қазақ жерінің рухани мұрасын бейнелейтін бірегей жартастағы суреттер де марафон бағытын қамтитын болады», – деді JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков.Ұйымдастырушылар марафон Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға, өңірлік экономиканы дамытуға және Алматы облысын негізгі туристік орталықтардың бірі ретінде ілгерілетуге үлес қосатынына сенімді.

Командалар бес күн ішінде күніне 100 шақырымнан жүруге тиіс. Әр 50 шақырым сайын қатысушылар мен жылқыларға демалыс ұйымдастырылады. Олардың жағдайын тәжірибелі ветеринарлар қадағалап отырады. Әр команданың жүру уақыты әртүрлі: алғашқы команда таңғы сағат 07:00-де жолға шығады, ал қалғандары әр 2 минут сайын жолға аттанады. Соңғы команда сағат 07:36-да жолға шығуға тиіс. Жеребе тарту кезінде командалардың нөмірі анықталды. Командалар бір-бірімен жарыспайды, себебі олардың әрқайсысының жүру уақыты әртүрлі. Барлық қашықтықты ең аз уақытта бағындырған команда жеңімпаз атанады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.