Бұндай бағаға көрсетілетін қызмет түрлері де таңғалдырады. Airbus A380 ұшағында жолаушылар өздерін қалай сезінетіні біздің мақалада.
Дубай-Лондон әуе билеті 14 800 доллар тұрады
Әлемдегі ең жайлы Airbus A380 жолаушылар ұшағы. Фото forbes.com сайтынан алынды
501
оқылды

Financial Times жариялаған мақалада айтылған Emirates авиакомпаниясының мол табысының көзін Aikyn.kz британдық басылымға сүйеніп талдайды.

Emirates компаниясының табысын өсуіне жолаушылардың ең қымбат орындарды таңдауы себеп болған. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: Emirates

Дубайдың Emirates авиакомпаниясы жолаушылардың бизнес және бірінші кластарда көп жолаушы тасымалдап, рекордтық пайда тапқанын хабарлады. Компания жаһандық сауда шиеленістеріне қарамастан, қымбат әуе сапарларына сұраныс төмендемегенін мәлімдеген.

Emirates компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры шейх Ахмед бен Саид әл-Мактумның айтуынша, сұраныс барлық бағыттар мен жолаушылар сегменттерінде жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал табыстың өсуіне жолаушылардың ең қымбат орындарды таңдауы себеп болған.

Компания бейсенбіде (8 мамыр) 31 наурызда аяқталған жылдық есеп бойынша, 12 айда 5,8 млрд АҚШ доллары мөлшерінде (салыққа дейін) пайда тапқанын жариялады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары көрсеткіш.

Emirates бұл табысты өз секторы бойынша тарихтағы ең жоғары қаржылық нәтиже деп атап өтті. Бұл – Дубайдың әлемдегі ең ірі авиация нарықтарының біріне айналғанының дәлелі. Басқа ірі компаниялардың осы есептік мерзімдегі көрсеткіштері мынадай: British Airways қожайыны IAG – 2024 жылы 4,05 млрд доллар; АҚШ-тың Delta Airlines – 4,7 млрд доллар. Emirates-тің аймақтық бәсекелесі Qatar Airways – 1,7 млрд доллар пайда туралы хабарлаған.

Шейх Ахмед: «Біз тұрақсыздыққа үйренгенбіз және қажет болған жағдайда бағытымызды өзгертіп, ресурстарымызды қайта бағыттай аламыз». Фото emirates.com сайтынан алынды

Emirates-тің оң болжамы АҚШ-тағы саяси жағдайдың (Дональд Трамптың тариф пен иммиграция саясатына қатысты) салдарынан сұранысы төмендеген кейбір авиакомпаниялардың мәлімдемелеріне қарама-қайшы болып отыр. Шейх Ахмед Financial Times басылымына берген сұхбатында АҚШ нарығы да «тұрақты» екенін, рейстерге брондау деңгейі төмендемегенін мәлімдеген. Шейх Ахмед:

«Біз тұрақсыздыққа үйренгенбіз және қажет болған жағдайда бағытымызды өзгертіп, ресурстарымызды қайта бағыттай аламыз», – дейді.

Qatar Airways, Etihad және Emirates сияқты Таяу Шығыстағы мемлекеттік авиакомпаниялар соңғы 30 жылда құрлықаралық әуе сапарларының құрылымын түбегейлі өзгертіп, Парсы шығанағын ірі транзиттік хабқа айналдырды.

Emirates-тің Airbus A380 ұшағының 1-класы шағын пәтерге ұқсайды. Фото upgradedpoints.com сайтынан алынды

2024 жылы Etihad пен Сауд Арабиясының бюджеттік әуетасымалдаушысы Flynas компаниялары IPO (акцияларын бастапқы жария орналастыру) өткізеді деп күтілуде. Бұл авиация секторындағы 20 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы листинг болмақшы.

Ал еуропалық әуе компаниялары бәсекелестікке шағымдануда. Өйткені Еуроодақ-тың көмірқышқыл газының шығарылуын қысқарту талаптары олардың шығындарын өсіріп отыр.

Дубай үкіметі қала-мемлекетті әлемдік авиация мен туризмнің жаһандық орталығына айналдыруға күш салуда. Дубайдың жасанды аралдары мен үлкен сауда орталықтарында демалушыларға барлық жағдай жасалған. Ол жерлерде аквариумнан бастап, жабық тау шаңғы курорттарына дейін бар. Ресми дерек бойынша, тек 2024 жылдың алғашқы үш айында Дубайға 5,3 миллион турист келген.

Emirates-тің Airbus A380 ұшағының 1-класындағы 15 сағаттық әуе сапары қалай өтетіні мына видеода:

Дубай халықаралық әуежайы – тәулік бойы жұмыс істейтін және әлемдегі ең ірі халықаралық әуежайлардың бірі. Қаланың екінші халықаралық әуежайы – әлемдегі ең ірі хабқа айналу мақсатында кеңейтіліп жатыр.

Emirates – Дубай үкіметінің инвестициялық тобы – Investment Corporation of Dubai-ға тиесілі. Компания мәлімдегендей, ол үкіметтен тікелей қаржылық көмек алмайды, алайда биыл меншік иесіне 1,6 млрд доллар көлемінде дивиденд төлейді.

Жыл қорытындысы бойынша, Emirates-тің табысы 34,6 млрд долларға жетіп, 6%-ға өскен. Бұл – бірінші және бизнес-кластағы орындарға сұраныстың жоғары болуымен түсіндіріледі. Мысалы, Дубай – Лондон (Heathrow) бағыты бойынша Emirates-тің бірінші кластағы билеті 14 800 АҚШ долларын, ал British Airways-те сол бағыттағы билет шамамен 9 300 долларды құрайды.

Сән-салтанатты өмірге ұмтылу мен сыртқы айбынды көрсетуге бейім араб жолаушылары Emirates-тің табысының маңызды тірегіне айналып отыр. Фото newsweek.com сайтынан алынды

Emirates-тің төрағасы шейх Ахмед бен Саид әл-Мактум былай деді:

«Премиум-кабиналар барлық нарықтарда және туризмнің түрлі сегменттерінде жоғары сұранысқа ие. Сондықтан олар Emirates-тің табысына елеулі үлес қосуда».

Emirates-тің құрамындағы жерүсті қызмет көрсетуші Dnata компаниясымен бірге жалпы табыс 6,2 млрд долларға жетіп, 18%-ға артты. Бұл   рекордтық көрсеткіш болып тіркелді.

Emirates-тің премиум орындарына деген сұраныстың артуы – араб менталитетіндегі жоғары мәртебеге деген көзқарастың айнасы. Фото firstclass.flights сайтынан алынды

Біздің ойымызша, Emirates-тің премиум орындарына деген сұраныстың артуы тек жаһандық нарықтағы қалталы жолаушылардың талғамымен шектелмейді. Араб әлемінің өзіндік мәдени болмысы да бұл үрдіске айтарлықтай ықпал етеді. Өйткені Таяу Шығыс менталитетінде жайлылық пен жоғары мәртебе – әлеуметтік беделдің айнасы. Бірінші және бизнес кластағы ұшулар бұл аймақта тек жол жүру тәсілі емес, өзара бәсеке мен өмір салтының бір бөлігіне айналған.

Бизнес пен эконом класс арасындағы айырмашылық мына жексенбілік әзіл видеода: Сән-салтанатты өмірге ұмтылу мен сыртқы айбынды көрсетуге бейім араб жолаушылары Emirates-тің табысының маңызды тірегіне айналып отыр. Сонымен қатар Дубайдың әлемдік қаржы және туризм хабына айналуы, дүниежүзінің миллионерлерінің іскерлік қатынастармен араб жеріне жиі келуі де премиум кластағы билеттерге деген тұрақты әрі жоғары сұраныстың басты себептерінің бірі екенін көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.