Ішкі істер министрлігі азаматтардың жеке деректерінің заңсыз таралу арналарына тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатқан қылмыстық топтың жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Ақпараттар мемлекеттік базалардан заңсыз алынған және Telegram арқылы таратылған, оның ішінде кейбір коллекторлық компанияларға берілген. 140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынды. Тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электронды техника тәркіленді, – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі ("ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу"), 147-бабы 5-бөлігі ("жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу"), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі ("шектеулі электронды ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдардың толық шеңбері анықталуда, – деді Жандос Сүйінбай. Ішкі істер министрлігі азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін бұзатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу және жеке деректердің таралуына жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.