Балаңызбен бірге көлікпен сапарға шығуды жоспарладыңыз ба? Ол үшін сапарыңыздың жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін алдын ала қамданыңыз.«ҚазАвтоЖол» мамандары нені ескеру керек екенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жолға шықпас бұрын көлігіңізді дайындаңыз:
- Дөңгелектердегі ауа қысымын тексеріңіз.
- Жарық, тежегіш, бұрылыс шамдарының жұмысын тексеріңіз. Бұл – қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі.
- Тежегіш жүйесінің жұмысын және әйнек тазалағышты тексеріңіз. Қолайсыз ауа райы кезінде өте қажет.
- Жолды жақсы көру үшін айна баптауларын ретке келтіріңіз.
- Балаларға арналған автоорындықтың дұрыс орнатылғанын, баланың қауіпсіздік белдігін таққанына назар аударыңыз.
Жас ерекшеліктеріне қарай балаларды тасымалдау ережелері:
1 жасқа дейін
Нәрестені қозғалыс бағытына қарсы орнатылған автобесікпен (0+ санаты) тасымалдайды. Бесікті алдыңғы орындыққа да, артқы орындыққа да қоюға болады, алдыңғы орындыққа қойған жағдайда қауіпсіздік көпшігін ажырату керек.
1 жастан 7 жасқа дейін
Бұл жастағы балалар биіктігі мен салмағына сәйкес келетін балаларға арналған автоорындықта отыруы керек. Алдыңғы және артқы орындыққа да отырғызуға рұқсат етіледі, бірақ алдыңғы жағына орнатылған кезде қауіпсіздік көпшігін өшіру керек.
7 жастан 11 жасқа дейін
Егер баланың бойы 150 см-ден жоғары болса, сіз стандартты қауіпсіздік белдігін пайдалана аласыз. Әйтпесе, тек автоорындық немесе бустерді пайдалану қажет. Алдыңғы орындықта тек ұстағыш құрылғыда отырғызу керек.
12 жастан бастап
Штаттық қауіпсіздік белдігін пайдаланып кез келген жолаушылар орнында тасымалдауға рұқсат етіледі. Қосымша құрылғылар қажет емес.
Қатаң тыйым салынады:
- Балаларды шанақта немесе тіркемеде тасымалдау.
- Қозғалыс кезінде баланы қолда ұстап отыруға болмайды, себебі апат кезінде оны қолда ұстай алмайсыз.
- Тоқтаған кезде де 7 жасқа дейінгі балаларды көлікте қараусыз қалдыру.
Қолайлы сапарға арналған пайдалы кеңестер:
- Су, жеңіл тағамдар және жүрек айнуды басатын дәрілерді өзіңізбен бірге алыңыз.
- Сапарды және аялдамаларды алдын ала жоспарлауды ұмытпаңыз.
- Балаңыз өзін жайлы сезінуі үшін сүйікті ойыншықтарын немесе кітаптарын бірге алыңыз, бірақ жүргізушіні алаңдатпауды қадағалаңыз.