Тараптар жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және Роберт Фицоның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Қазақстан мен Словакия ауыл шаруашылығы мен органикалық өндіріс саласында күш біріктірмек
229
оқылды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов елімізге алғаш ресми сапарымен келген Словакия Республикасының премьер-министрі Роберт Фицомен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

«Словакия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Біздің елдерімізде өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, жоғары білікті адами капиталды дамыту, сондай-ақ қолайлы географиялық жағдай салаларында көптеген ұқсастық бар. Мұның бәрі Қазақстан – Словакия қатынастарын одан әрі нығайтуға берік негіз болады», — деп баса айтты Олжас Бектенов.

«Екі мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлер кездесулері – жобаларды жүзеге асырудың жұмылдырушы құрамдас бөлігі. Біз тауар айналымын арттыруға ғана емес, бірлескен өндіріс орындарын құруға да мүдделіміз», — деп атап өтті Роберт Фицо.

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы  $140 млн-ды құрады, осы жылдың 4 айында өзара сауда көлемі 46%-ға артты. Сауда құрылымын әртараптандыру және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер түрін одан әрі кеңейту шараларының маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстан органикалық өндіріс саласында бірлескен кәсіпорындар құру және тәжірибе алмасу, халықаралық нарықтарға тұрақты шығуды қамтамасыз ететін тиімді көлік-логистикалық бағыттарды дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. 

ҚР Үкіметіне отандық тасымалдаушылар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Олжас Бектенов транзиттік жүк тасымалдауға рұқсат беру квотасын одан әрі ұлғайту мәселесін қарауға бастамашы болды. 

Тараптар жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және Роберт Фицоның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.