Жүргізушісіз робот-такси қала көшелеріне шығарылып, сынала бастады. Бұл жолы Tesla өзінің көлігін қызмет көрсетуге ұсынды.
Қалада роботакси қызметінің сынағы басталды
Фото shop4tesla.com сайтынан алынды. Авторлығы: Илон Масктің X әлеуметтік желісіндегі аккаунты
681
оқылды

CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz роботаксидің алғашқы сынағымен таныстырады.

Сынақ кезінде алдыңғы оң жақтағы жолаушы орнында Tesla-ның қауіпсіздік бақылаушысы отырады. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Joel Angel Juarez

Tesla-ның көптен күткен роботаксиі осы демалыс күндері (22 маусым) көшелерге шықты. Илон Маск басқаратын электромобиль өндірушісі роботакси қызметін Техас штатының Остин қаласында бастады. Тұңғыш жүргізушісіз сапар зауыттан тұтынушының үйіне дейінгі Масктің туған күні, 28 маусымға жоспарланған.

Алғашқы сынақтарға бірнеше Tesla көлігі қатысады. Алғашқы сапарлар қазан айында таныстырылған CyberCab емес, Model Y көліктерімен жүзеге асырылады. Сынақ кезінде көліктерге тапсырыс беру тек арнайы шақыру арқылы мүмкін болады. Әлеуметтік желілердегі кейбір танымал тұлғалар жаңа қызметті алғашқы болып сынау үшін шақырту алғандарын хабарлап жатыр.

Tesla жанашыры, акционері әрі компанияның промоутері Сойер Мерритт X парақшасында шақырту мәліметтерімен бөлісті. Онда бірнеше маңызды жайттар келтірілген. Мысалы, әуежайға дейінгі немесе кері бағыттағы сапарлар қызметке кірмейді; қолайсыз ауа райы кезінде қызмет шектелуі немесе мүлде қолжетімсіз болуы мүмкін. Сонымен бірге, сапар кезінде алдыңғы оң жақтағы жолаушы орнында Tesla-ның қауіпсіздік бақылаушысы отырады және сапарлар қала ішіндегі геозонамен шектеліп, сынақтарды қашықтан қосымша бақылайтын адамдар болады.

Илон Маск CNBC тілшісі Дэвид Фейберге берген сұхбатында роботакси тек компания ең қауіпсіз деп тапқан Остин аймақтарында ғана жұмыс істейтінін, Tesla көліктері алыстағы операциялық орталықтан бақыланатынын жеткізді.

Wall Street аналитиктері роботаксиді Tesla-ның «жүргізушісіз көліктердің алтын ғасырына» бастар жол деп санайды. Фото techcrunch.com сайтынан алынды. Авторлығы: Tesla

Илон Маск жүргізушісіз роботаксиді бұрыннан жарнамалап келеді, енді оған осы уәдесін орындауға деген қысым күшейе түсті. 2019 жылы Маск бұл қызмет 2020 жылы іске қосылады деп «өте сенімді» мәлімдеген болатын.

Мамыр айында миллиардер роботакси сынақтары Остинде, Лос-Анджелес пен Сан-Францискода да жүргізілетінін растаған. Остин көшелерінде Tesla-ның алғашқы 10 көлігі қызмет көрсете бастайтынын мәлімдеген.

«Аз ғана көлікпен бастап, бәрінің дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізіп, содан соң масштабтаймыз. Бұл – біз үшін ақылға қонымды қадам», – деді ол CNBC арнасына берген сұхбатында.

Wedbush компаниясының сарапшысы Дэн Айвс сияқты Wall Street аналитиктері роботаксиді Tesla-ның «жүргізушісіз көліктердің алтын ғасырына» бастар жол деп санайды. Бұл Tesla-ның нарықтық құнын келесі жылдың соңына дейін қазіргіден екі есеге арттырып 2 триллион доллардан асыруы мүмкін.

«Қиындықтар көп болары анық... Бірақ жаһандық нарықтың ауқымын ескерсек, біз Tesla-ның жүргізушісіз көлік нарығында көшбасшы болуға және өз технологиясын АҚШ пен әлемдегі өзге автокомпанияларға лицензиялау мүмкіндігіне ие екеніне сенеміз», – деп жазды Айвс аналитикалық жазбасында.

Бұдан бірнеше жыл бұрын роботакси қызметін көрсете бастаған Google-дің еншілес Waymo компаниясы мамыр айында жүргізілген 10 миллион сапар туралы хабарлады. Ол АҚШ-тың түрлі аймақтарында коммерциялық роботакси қызметін жүзеге асырып отыр және Нью-Йорк қаласында жүргізушісі бар автономды көліктерді сынауға рұқсат алуға жақын. Tesla бұл жолда бірқатар реттеушілік кедергілер мен заң шығарушылардың қарсылығына тап болуы мүмкін.

Сәрсенбі күні (18 маусым) Техастағы бір топ демократ заң шығарушылар Tesla-дан роботаксидің іске қосылуын 1 қыркүйекке дейін кейінге шегеруді сұрады. Өйткені дәл сол күні Техаста жүргізушісіз көліктерге қатысты жаңа заң күшіне енеді.

«Біз бұл шешімнің қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан маңызды деп есептейміз», – делінген Tesla-ның сапа жөніндегі директоры Эдди Гейтске жолданған хатта.

Сондай-ақ олар компаниядан жаңа заң талаптарына қалай сай келетінін дәлелдейтін толық ақпарат беруді сұрады.

Осы айдың басында Остин қаласында қоғамдық қауіпсіздікті жақтаушылар тарапынан Tesla-ның роботаксилерінің іске қосылуына қарсы наразылықтар болды. «The Dawn Project» деп аталатын қауіпсіздік технологиясы ұйымы Tesla Model Y көлігінің сынақ кезінде жолда тоқтап тұрған мектеп автобусын айналып өтіп, бала манекеніне соғылған сәтін көрсетті. Бұл оқиға бағдарламалық қамтамасыз етудің жолдағы нысандарды дұрыс танымай қалатынын дәлелдейтін мысал ретінде келтірілді.

«Заңды құрметтейтін кез келген адам шамдары жанып тұрған мектеп автобусын көрсе, тоқтайтын еді», – деді жоба жетекшісі Дэн О’Дауд CNBC арнасының Squawk on the Street бағдарламасында.

Tesla-ның бәсекелестеріне технология ұсынатын Green Hills Software компаниясының басшысы да CNBC арнасына берген сұхбатында: «Бағдарлама әлі дайын емес, оны көшеге шығару ерте. Бұл бағдарлама мектеп автобусын дұрыс тани алмайды», – деген.

 

Соңғы айларда Tesla бренді бірнеше рет сынға ұшырап, сатылымның төмендеуі мен Илон Масктың саяси әрекеттеріне байланысты беделіне нұқсан келді.

Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың негізгі жақтаушысы болып, оның сайлауалды науқанына жүздеген миллион доллар жұмсады.  Кейіннен миллиардер үкімет шығындарын қысқартуға бағытталған «Үкімет тиімділігі департаментін» басқарды. Ол бұл департаменттегі қызметін мамыр айының соңында тоқтатты.

Масктың Трамп әкімшілігімен тығыз саяси байланысының салдарынан кейбір Tesla иелері бұл брендтен бас тарта бастады. Кейбір жағдайларда бұл күш қолдануға ұласты: автосалондар мен көліктер өртеніп, вандализмге ұшырады.

Маусым айының басында Маск пен Трамп арасындағы қарым-қатынас нашарлағаны белгілі. Себебі Маск X әлеуметтік желісінде президенттің шығындар туралы заң жобасын сынады. Бұл Tesla акциясының күрт төмендеуіне себеп болды. Кейін Маск әлеуметтік желідегі кейбір жазбалары «тым шектен шыққанын» айтып, кешірім сұраған.

Электромобиль өндірушісі сонымен қатар жаһандық сатылымның төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл АҚШ пен Еуропа сияқты негізгі нарықтарға да әсер етуде. 2024 жылдың сәуірінде Еуропадағы көлік сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 49%-ға азайған. Ал жаһандық жеткізілім бірінші тоқсанда 13%-ға төмендеген. Бұл құлдырау Масктың саяси әрекеттерімен қатар, электромобиль нарығындағы бәсекелестіктің күшеюімен де байланысты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.