Қазақтың дәстүрлі музыкасы ғасырлар бойы қобыз бен домбыраның қоңыр үнімен өріліп келді. Ал скрипка болса, бұл көшпелі халықтың музыкалық әлеміне бейтаныс еді. Алайда ХХ ғасырда, ұлттың рухани өрісі жаңғырып, кәсіби музыкалық білім беру ісі басталған кезде, скрипка да қазақ музыкасына бет бұрды. Бұл қазақ өнерінің әлемдік музыка мәдениетімен түйіскен жаңа кезеңі еді.
Скрипка – Еуропадан келген, техникасы мен репертуары терең аспап. Оны игеру оңай емес. Бірақ ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың талантты ұлдары бұл аспапты меңгеріп қана қоймай, оны ұлттық музыканың өрнегіне айналдыра білді. Міне, солардың алдыңғы қатарында тұрған Әлім Алмат пен Айткеш Толғанбаев сынды кәсіби музыканттарды айтуға болады.
Бұл мақалада біз бұл екі тұлғаны "алғашқы" скрипкашылар ретінде қатар атаймыз. Қайсысы бұрын шықты деген сұрақ бұл жерде басты емес. Өйткені екеуі де қазақтың кәсіби скрипка тарту өнерінің іргетасын қалаған, жол ашқан, тең дәрежеде бағалануға тиіс тұлғалар деп білеміз.
Әлім Алмат – қазақ скрипка өнерінің алғашқы буын өкілі
Қазақ кәсіби музыкасының тарихында Әлім Алмат (шын аты Ғалымжан Әбдісәләмов) ерекше орын алады. Ол скрипка аспабын кәсіби меңгеріп, Еуропада білім алып, халықаралық сахнада қазақтың атын танытқан алғашқы қазақ музыканттарының бірі.
Әлім Алмат 1917 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Қарақоға деген жерде дүниеге келген. Әбдіуақап Қара оның Шежіресін тарқатып Төремұрат Алматұлының, яғни Сардар Алмат әулетінің ұрпағы деп жазады Музыкаға ерте жастан бейімделіп, 1930 жылдары Ташкенттегі музыка училищесінде скрипка сыныбына түседі. Кейін Алматы музыка училищесін жалғастырып, осы аспапты кәсіби деңгейде меңгеріп шығады.
1936 жылы А. Жұбанов құрған Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Бұл қазақ кәсіби музыкасының ірі сахнаға алғаш шығуы еді.
Әбдіуақап Қара Әлім Алмат бірге. Фото abai.kz
1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңінде, 1941 жылы Брест қорғанысында тұтқынға түседі. Соғыс жылдарында тұтқын лагерінде болған кезінде де скрипкасын тастамай, өнер көрсетуді жалғастырған. Неміс офицерлерінің назарына ілігіп, алдымен Берлин, кейін Вена қаласындағы консерваторияларға жолдама алады. Францияда білімін жалғастырып, Париж консерваториясын аяқтайды.
Францияда жүрген жылдары Әлім Алмат сол тұста эмиграцияда жүрген қазақ зиялылары Мұстафа Шоқайдың жұбайы Мария Шоқай және оның айналасындағы адамдармен байланыс орнатады. Бұл жайында өнерпаздың өзі ғалым Әбдіуақап Қараға айтып берген екен. Осы көмектің нәтижесінде ол Түркияға көшіп, Ыстамбұл қаласындағы симфониялық оркестрге қабылданады. Мұнда шамамен 25 жылдай кәсіби музыкант ретінде қызмет атқарады.
1992 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған соң ғана ол тарихи отанына келген екен. Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатысып, сол жерде өзінің өмір жолы мен өнері туралы аз-кем мәліметтермен бөліседі.
Әлім Алмат 2018 жылы 3 ақпанда, 101 жасқа қараған шағында Ыстамбұлда дүние салады.
Айткеш Толғанбаев – тұтқыннан тірі қалған скрипка үні
Айткеш (Әйтікеш) Толғанбаев – қазақ скрипка өнерінің тарихындағы ерекше тұлға. Оның өмірі кәсіби музыкамен қатар, соғыстың қанды даласы мен саяси қуғын-сүргіннің ащы шындығын қатар өткерген тағдырдың куәсі. Ол – скрипканы тек сахнада емес, адам өмірін сақтау құралы ретінде де қолдана білген алғашқы қазақ музыканттарының бірі.
1924 жылы дүниеге келген Айткештің музыкалық қабілеті ерте танылыпты. 1936 жылы Семейде өткен мектеп оқушыларының олимпиадасында ерекше көзге түсіп, сол сәтте-ақ болашағынан үміт күттіретін музыкант ретінде бағаланды. Олимпиадаға қатысқан композитор Латиф Хамиди оны Алматыдағы музыка-драма техникумына қабылдауға ұсыныс білдіреді. Сол жылдары Ілияс Жансүгіров та жас музыкант туралы жылы пікір білдіріп, баспасөзде атап өткен.
Алайда соғыс тағдырды күрт өзгертті. Ғаламторда жазылған деректерге қарағанда, 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылған жас скрипкашы Кавказ майданында жараланып, неміс тұтқынына түседі.
Айткеш тұтқындар лагерінде скрипкамен өнер көрсетіп, өзінің ғана емес, айналасындағы тұтқындардың да өмірін сақтап қалды. Вермахт офицерлері алдында Шуберт пен Паганиниді орындаумен қатар, «Елім-ай» сияқты қазақтың халық әндерін де тартады. Оның орындаушылық шеберлігіне тәнті болған немістер Айткешке өнер көрсетуге мүмкіндік берген. Музыка өмір мен өлім арасындағы шекараны сақтап қалуға себеп болды.
Жазушы Мұхтар Мағауин А. Толғанбаевқа арналған мақаласында өнерпаз соғыстан кейін біраз уақыт Италияда Кеңес Одағы елшілігінің қадағалауымен болғанын жазады. Бірақ көп ұзамай отанына оралғанда, оны «тұтқында болды» деген желеумен 1946 жылы қамалып, Магаданға жер аударады. Онда да өнерден қол үзбей, лагерьдегі көркемөнерпаздар құрамында өнер көрсетеді. Бұл оның екінші рет музыка арқылы тірі қалған кезеңі болды.
Айткеш Толғанбаев Ахмет Жұбанов бастаған өнерпаздардың арасында. Фото tolganbayev.com
Сталин дүние салған соң, 1955 жылы ғана амнистиямен босап шығып, Қазақстанға оралады. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, кейін сонда оқытушылық қызмет атқарады. Алайда соғыс тұтқынында болғаны үшін ол өмір бойы белгілі бір шектеулермен өмір сүрді. Кеңес Одағы деңгейіндегі конкурстарға қатыса алмай, шетелдік сапарлардан шеттетілді. Мемлекеттік марапаттар да берілмеді. Тек 1992 жылы ғана Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Айткеш Толғанбаевты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танып, ресми түрде ақтады.
Айткеш Толғанбаев 1995 жылы дүниеден өтті. Оның артында музыкалық жазбалары, «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік кітабы бар.
Айткеш Толғанбаев – қазақ скрипка мектебінің алғашқы буынының өкілі ғана емес, өнер арқылы адам рухының беріктігін дәлелдеген тұлға. Оның есімі тек музыка тарихында ғана емес, XX ғасырдың күрделі беттерінде тірі қалған өнер иесінің символы ретінде есте қалады.
Екі өнерпаз да қазақтың скрипка өнерінде алғаш болып жол ашқан тұлғалар. Екеуінің өмір жолы да, өнер жолы да – бір-біріне ұқсас, бірақ тарихи мәні жағынан бірін-бірі толықтырып тұрған құбылыстар деп білеміз. Олардың шығармашылық қызметі ХХ ғасырдың түрлі саяси, әлеуметтік және мәдени жағдайларымен астасып жатыр.
Әлім Алмат - шетелде кәсіби білім алып, Батыс Еуропадағы академиялық музыка ортасында танылған алғашқы қазақ скрипкашысы. Оның Вена мен Париж консерваторияларында оқуы, Стамбул симфониялық оркестріндегі ұзақ мерзімді қызметі қазақ музыкантының халықаралық сахнадағы тұңғыш тәжірибесінің бірегей мысалы болмақ.
Айткеш Толғанбаевтың тағдыры мүлде басқа кеңістікте қалыптасты. Ол Кеңес Одағы жағдайында өмір сүріп, оның барлық саяси зардаптарын басынан өткерді. Соғыста тұтқынға түсіп, одан кейін лагерьде жазасын өтеген Айткеш репрессияланған музыканттың бейнесі. Алайда осы қиындықтарға қарамастан, ол консерваторияда ұстаз болып, кәсіби музыкаға адал қызмет етті.
Әлім Алмат пен Айткеш Толғанбаев екеуі әртүрлі тарихи жағдайда өмір сүрген, түрлі орындаушылық бағыт ұстанған жеке тұлғалар. Екеуінің де скрипка өнеріндегі орны, кәсіби жолы мен мәдениетке қосқан үлесі өз алдына дербес құбылыс ретінде бағаланады. Олар қазақ музыка тарихында дара орындаушылар ретінде сақталып, зерттеу мен таным нысаны бола береді.