Адамнан да ақылды Жалпы жасанды интеллект (ЖЖИ – AGI) жасауда бәсеке қызуда. OpenAI сияқты компаниялар сізді күнде таңғалдыратын ЖЖИ нұсқасына жақындап қалды. Бұл адамға қауіпті ме?
Таңғалдыратын жаңа GPT-5 моделі тамызда шығады, тегін болады
Сізді күнде таңғалдыратын ЖЖИ нұсқасы жақындап қалды. Бұл адамға қауіпті ме? Иллюстрация stablediffusionweb.com сайтынан алынды
949
оқылды

Aikyn.kz жасанды интеллект бәсекесіндегі жаңа кезеңнің басталғанын bgr.com сайты жариялаған хабарламаға сүйеніп болжайды.

OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы ауқымды болғанымен, оны ЖЖИ ретінде қабылдауға әлі ерте. Иллюстрация itp.net сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Екі жыл бұрын OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы Жалпы жасанды интеллект (ЖЖИ – AGI) болады деп күтілген. Жасанды жалпы интеллект – адамнан көп жағдайда асып түсетін жүйе ретінде сипатталуда. Ол кез келген тапсырманы адаммен салыстырарлық деңгейде, ерекше шығармашылықпен орындай алатын жасанды интеллект деп бағалануда. Алайда 2024 жылдың басынан бастап GPT-5 пен ЖЖИ арасындағы байланыс әлсірей бастады. OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы ауқымды болады деп болжануда. Бірақ, біздің ойымызша, оны ЖЖИ ретінде қабылдауға әлі ерте.

Тамыз айында қолдануға тегін ұсынылады деген GPT-5-тің мүмкіндіктері қазірдің өзінде қызу талқылануда. Оның ішінде OpenAI бас директоры Сэм Альтманның қызықты мәлімдемелері де бар. Соңғы хабарламалар бойынша OpenAI шынымен де ChatGPT жүйесін тамызда жаңартуға дайын.

Сарапшылар GPT-5 келесі айда бірнеше қызықты жаңалықпен шығатынын айтады. Соның ішінде ChatGPT-тің тегін нұсқасына шексіз қолжетімділік болады.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Америкадағы жасанды интеллект бойынша іс-қимыл жоспарын таныстыру алдында OpenAI-дың CEO-сы осы аптада Вашингтонда кездесу өткізді. Жасанды интеллектпен айналысатын кез келген компания сияқты, OpenAI да АҚШ үкіметінің қолдауына мұқтаж. Компанияларға инфрақұрылымға инвестиция, реттеудің жеңілдетілуі және Қытайдан қорғау шаралары қажет.

Сэм Альтман: «Әр адамға үздіксіз жұмыс істейтін GPT-5-тің тегін көшірмесін ұсыну – мені ерекше қызықтырады». Фото yahoo.com сайтынан алынды

Вашингтонға сапары барысында Сэм Альтман GPT-5-тің шығуы туралы бірнеше маңызды пікір айтты. «Әр адамға үздіксіз жұмыс істейтін GPT-5-тің тегін көшірмесін ұсыну – мені ерекше қызықтырады», – дейді Альтман осы аптада АҚШ Федералдық резерв жүйесінде сөйлеген сөзінде. Келесі күні ол This Past Weekend подкастында Тео Вонмен сұхбаттасып, GPT-5-пен жұмыс істеу барысында алған әсерімен бөлісті:

«Бүгін таңертең біз жаңа модельді тестілеуден өткіздік. Маған бір сұрақ келді, оны толық түсінбедім. Соны GPT-5-ке енгізіп едім – ол керемет, нақты жауап қайтарды. Мен креслоға шалқайып: «О, сайтан алғыр, міне, осы!» деп ойладым. Осы жұмысты мен істеуім керек сияқты еді, бірақ мен істей алмадым. Бұл күрделі тапсырма болатын. Ал ЖИ оны әп-сәтте шеше салды. Бұл түсініксіз сезім болды».

Өткен сенбі күні (19 шілде) Альтман Twitter-де (қазір X) GPT-5-ке қатысты тағы бір пікір жазды. Ол жаңа ЖИ моделін шағын бағдарламалау жобасы үшін қолданғанын және GPT-5 оны бес минутта орындағанын айтқан.

«Бұл модель өте, өте мықты. Оған деген көзқарасым әзірге екіұшты», – деп жазды ол.

Сэм Альтман GPT-5 ChatGPT-тің Халықаралық математика олимпиадасында жеңіске жеткен нұсқасындай қуатты болмайтынын да атап өткен. Өйткені компания математика олимпиадасында күрделі есептерге үйретілген нұсқасын жарысқа қосқан.

GPT-5 не істей алады?

Сэм Альтманның жұмбақтап айтуынша, GPT-5 моделі ChatGPT-ді бағдарламалаудан (код жазу) бастап күнделікті диалогтарға дейінгі барлық жұмыстарды айтарлықтай жақсартады. Ең қызығы – GPT-5-ті барлық ChatGPT қолданушылары тегін және шектеусіз қолдана алады. Ал ChatGPT Plus және Pro сияқты ақылы жазылым иелері тіпті одан да интеллектуалды деңгейдегі ЖИ-мен жұмыс істейтін болады.

Бүгінге дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, GPT-5 қазіргі ChatGPT жүйесіндегі бірнеше модельді біріктіреді. Яғни, бұрынғыдай тапсырманың мазмұнына қарай o3, GPT-4.1 немесе GPT-4o нұсқаларын таңдамай-ақ, GPT-5 сіздің сұранысыңызға автоматты түрде ең тиімді құралды таңдайды. Сонымен қатар, GPT-5-тің мини және нано нұсқалары жасалуы мүмкін. Олар арнайы мақсаттарға арналмақ. GPT-5 Microsoft Copilot жүйесіне де енгізіледі.

Дегенмен GPT-5 OpenAI ұсынған жалғыз жаңалық емес. Компания жуырда ChatGPT-дің барлық ақылы пайдаланушыларына арналған AI Agent жүйесін іске қосты. Енді ол бүкіл әлем бойынша қолжетімді. Agent те GPT-5 құрамына кіруі мүмкін.

OpenAI жазда бірнеше рет кейінге қалдырған ашық кодты ChatGPT нұсқасы GPT-5-ке дейін жарияланбақшы. Егер ақпараттар расталса, OpenAI келесі екі апта ішінде кемінде екі маңызды жаңалықты жарияламақ.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.