Ұзақ әрі дені сау болып өмір сүру – адамдардың басым көпшілігінің мақсаты. Көпшілігіміз әлемді шарлап, зейнетке тыныштықпен шығып, қажет болса, балаларымыздың ержеткенін көргіміз келеді.
Болашақта адамдар 1000 жылға дейін өмір сүре алады
2070 жылға қарай адамдардың орташа жасы 125-ке жетуі мүмкін. Фото bestlifeonline.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Olena Yakobchuk
3,475
оқылды

Aikyn.kz адамның өмір сүру ұзақтығына байланысты bgr.com сайты жариялаған материалға сүйеніп, биологиялық қартаю мәселелерін талдайды.

2015 жылы дүниеге келген балалардың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жыл болады. Фото content.bbgi.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Өмір әртүрлі қауіп-қатерлерге толы болғандықтан адамның өмір сүру ұзақтығы да әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен жағымды жаңалық бар. Адамның орташа өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Бірақ бұл көрсеткіш одан да жоғары деңгейге жете ала ма?

Жаңа тарихта ең ұзақ жасаған адам – Жанна Кальман. Ол 122 жыл өмір сүріп, 1997 жылы дүние салған. Бұл орташа өмір сүру ұзақтығынан едәуір асып түседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, 2015 жылы дүниеге келген балалардың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жыл болады. Ал әйелдер ерлерге қарағанда шамамен 4 жыл артық өмір сүрген.

Адам өмірінің ұзақтығы одан әрі өсе бере ме деген сұраққа әлі күнге дейін біржақты жауап жоқ. Оптимистік көзқарастағы зерттеушілердің пікірінше, болашақта адамдар 1000 жылға дейін өмір сүре алады. Ал голландиялық зерттеушілер тобы 2070 жылға қарай бұл көрсеткіш 125 жасқа жетуі мүмкін деген болжам жасаған. Алайда кей сарапшылар бүгінде адам өзінің табиғи өмір сүру ұзақтығының шегіне жеткенін алға тартады.

Our World in Data порталының деректері бойынша, XIX ғасырда адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 40 жылдан аспаған. Бұл көрсеткіштің 71,4 жылға дейін көтерілуі – айтарлықтай жетістік. Оны одан әрі арттыру тіптен ерекше болмақ. Бірақ бұл мүмкін бе?

2017 жылы Nature журналында жарияланған зерттеу бойынша, тұрғын үй жағдайы мен өмір сүру деңгейінің жақсаруы, медициналық жетістіктер – адамның өмір сүру ұзақтығының артуына ықпал етеді. Олар 2070 жылға қарай бұл көрсеткіш 125 жасқа жетуі мүмкін дейді. Зерттеушілер бұл жасқа, әсіресе, әйелдердің жетуі ықтимал екенін, әрі 2070 жылдан кейін де ұзақ өмір сүру мүмкіндігі ары қарай артуы мүмкін екенін айтады.Алайда 2024 жылы Nature Aging журналында жарияланған жаңа зерттеу қарама-қарсы нәтижелерді жариялаған. Зерттеуде өлім-жітім мен өмір сүру ұзақтығының трендтері талданып, ұзақ өмір сүру өсімінің баяулағанын анықтаған. Авторлардың пайымдауынша, биологиялық қартаюды баяулатуда маңызды ғылыми ілгерілеу болмаса, осы ғасырда адамның өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттыру екіталай. Гарвард университетінің молекулалық метаболизм профессоры Уильям Мэйр бұл зерттеуді былай деп түсіндірді:

«Тарихи деректер бізге қазіргі медициналық технологиялар көмегімен адам денесі жете алатын ұзақ өмір сүрудің шегін көрсетеді. Өткен деректер бұл шекті бұзып өту мүмкін бе, жоқ па – оны айта алмайды».

Адам өмірін ұзартуға тосқауыл болатын елеулі қауіптер әлі де бар. Әлем халқы түрлі аурулардан қатты зардап шегуде. Қозғалмайтын өмір салты мен фастфудқа тәуелділік салдарынан пайда болған семіздік – денсаулыққа ауыр салмақ түсіреді. Сонымен қатар, жер шарындағы халық санының өсуі ресурстар мен жаһандық экономикаға айтарлықтай қысым түсіреді.

Адам өмірін ұзартуға тосқауыл болатын елеулі қауіптер әлі де бар. Фото 995qyk.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Choreograph

Жаңа туған нәрестелер үшін босану асқынулары мен әлсіз иммундық жүйе – өлім қаупін арттыратын басты фактор. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) деректеріне сүйенсек, бұл елдегі ересектер арасындағы өлімнің басты себебі – жүрек-қан тамыр аурулары мен қатерлі ісік болған. Бұл деректер тамақтану мен денсаулықтың өзара байланысын көрсетеді. Мысалы, қызыл ет тұтыну мен обыр арасындағы қатынас ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Профессор Мэйр қартаю шектеулерін түсінудің екі жолын ұсынады. Біріншісі – адамдардың ұзақ әрі сау өмір сүруіне ықпал ететін факторларды зерттеу. Бұл тәсіл адамдарға орташа өмір сүру ұзақтығына дейін және одан кейін де сапалы өмір сүруге көмектесе алады. Екіншісі – қартаюдың биологиясын өзгерту мүмкін бе, соны анықтау.

Ол былай дейді: «Адамның 90 жылдық шектен асуға ешқандай тосқауыл жоқ. Қоғамдық денсаулық сақтау бұл межені бұзған жоқ. Себебі бұл оның негізгі мақсаты емес. Егер біз қартаю биологиясына баса назар аударсақ, бұл шек бұзыла ма? Иә, бұл әбден мүмкін. Кейде менен адамдар 300 жасқа дейін өмір сүру мүмкін бе деп сұрайды. Менің беретін жалғыз шынайы жауабым – әзірге білмеймін!».

Ғалымдар айтатын ұзақ өмір сүрудің басты себептері осындай. Денсаулықты сақтап, зиянды әдеттерден арылып, сапалы өмір сүру әркімнің қолында екенін де ескерген дұрыс деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.