Aikyn.kz тұрмыста қолданатын сүлгілердің тазалығын bgr.com сайтының материалына сүйеніп талдайды.
Сүлгі тек суды ғана сіңірмейді. Ол тері жасушаларын, табиғи майларды және денеңіздегі микробтарды да жинайды. Фото express.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Сүлгілер хош иісті, жұмсақ, мамықтай болғанымен, бактериялар мен басқа да микробтар үшін қолайлы ортаға айналуы мүмкін. Сондықтан сүлгілерді үнемі және дұрыс жуу өте маңызды.
Сіз денеңізді сүрткен кезде сүлгі тек суды ғана сіңірмейді. Ол тері жасушаларын, табиғи майларды және денеңіздегі микробтарды да жинайды. Ылғалды жуынатын бөлмеде ілініп тұрған дымқыл сүлгілер бұл микробтардың көбеюіне таптырмас орта. Уақыт өте келе ауадағы бактериялар мен микробтар талшықтарға орнығады. Бұл ластануды одан әрі күшейтеді.
Жаңа зерттеулер сүлгілерде стафилококк пен ішек таяқшасы сияқты бактериялар да жиналуы мүмкін екенін көрсеткен. Егер сүлгіні ұзақ уақыт жумасаңыз, онда микробтар кейін кетуі қиын биоқабық түзе алады және сүлгінің түрін өзгертеді.
Бәлкім болашақта микробтар мен бактерияларды жуытпайтын киімдер шығар. Алайда әзірге мамандар сүлгілерді кемінде аптасына бір рет жууға кеңес береді. Қолдану қарқындылығына қарай бұдан да жиі жуу қажет болуы мүмкін.
Отбасы мүшелерінің бірі ауырса, аурудың таралуын болдырмау үшін сүлгілерді күн сайын жуған жөн. Сол сияқты жиі қолданылатын қол сүлгілері мен асүй сүлгілерін 2-3 күн сайын жуған дұрыс. Бактерияларды мүмкіндігінше азайтып, сүлгілердің сапасын сақтау үшін мынаны ұмытпаңыз:
сүлгілерді 40-60°C температурада ыстық суда жуу микробтарды жақсы жояды;
сүлгілерді жуғанда антимикробтық жуғыш құралдар қолданыңыз. Олар бактериялардың мата талшықтарына жабысып қалуын болдырмайды;
сүлгілерді күнге жайып кептіру немесе ыстық кептіргіш пайдалану микробтардың өсуін одан әрі баяулатады;
дымқыл сүлгілерді үнемі жаңасына ауыстырып тұрыңыз.
Сүлгілерді жүйелі жуу тек жеке гигиена үшін ғана емес, айналаңыздағы адамдарды қорғаудың да маңызды жолы. Таза сүлгілер қоғамдық орындарда микробтардың таралуын азайтады және халық денсаулығын нығайтуға көмектеседі.
Сондықтан «сүлгіні жуатын кез келді ме?» деп ойланбай, бірден жуып тастаңыз. Жуынатын бөлмеңіз сіз ойлағаннан ластау болуы мүмкін. Ал көпшілігіміз сүлгілерді себезгінің қасына іліп қоямыз. Аз ғана ұқыптылық өзіңіз бен жақындарыңыздың да, өмір сүретін ортаңызға да оң әсер етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.