Уәли Бекеновтің күй тарту мәнері сабырлы, байсалды, терең ойлы сипатымен дараланады.
Күйдің кілтін тапқан шебер: Күйші Уәли Бекенов жайлы не білесіз?
2,068
оқылды

Қазақ күй өнері халықтың рухани тарихын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қазына екені даусыз. Сол қазынаны жеткізуші, жинақтаушы, насихаттаушы тұлғалардың бірі – Уәли Қалиақпарұлы Бекенов. Ол күйші ғана емес, зерттеуші, ағартушы ретінде де ұлттық мәдениет тарихында елеулі орын алады. Бұл мақаланың мақсаты ғылыми талдау жасау емес, қарапайым оқырманға еңбегімен елеулі із қалдырған, бірақ есімі көп айтыла бермейтін күйшіні тағы бір мәрте еске салып қою. 

Уәли Қалиақпарұлы Бекенов (1934-2004) Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Үрімжі ауданына қарасты Еренқабырғаның Саршоқы өңіріндегі Ақтерек ауылында дүниеге келді. Әкесі Қалиақпар – саяси қуғын-сүргіннің құрбаны, ал анасы ұл-қызын қиындықта өсірген еңбекқор жан еді. Балалық шағынан бастап домбыраның қоңыр үніне құлақ түріп өскен бала Уәлидің алғашқы музыкалық әсері ауыл арасындағы күйшілерден бастау алды. Табиғи қабілеті жасынан байқалып, ескі күйлерді жаттап, қайта орындауға құмартты.

Білім жолында ол 1951 жылы Үрімжідегі мұғалімдер гимназиясын тәмамдайды. Дәл осы жылдары 1951-1952 жылдары Шыңжаң ән-би ансамблінде өнер көрсетсе, 1952-1955 жылдары Пекиндегі Орталық ұлттар ән-би ансамблінде домбырашы болған екен. Кейін Қазақстанға қоныс аударған соң, 1956 жылы Семей музыкалық училищесін, 1965 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірді. Бұл кезеңдер оның өнер жолындағы кәсіби қалыптасуына негіз қалады деп толық негіз бар.

Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін Уәли Бекенов кәсіби домбырашы ретінде таныла бастады. Ол тек сахнада ғана емес, ғылыми-әдістемелік жұмыстарға да араласып, ұлттық мұраны жинау ісіне ден қойды. Арқа мен Қаратау өңірінің шертпе күйлерін ел ішінен жазып алып, нотаға түсіру оның шығармашылық қызметінің басты арнасына айналды.

Ең алдымен, Уәли Бекенов өз замандастарының ешқайсысы айта алмаған ақиқатты, сол заманғы қазақ музыка зерттеушілігінің негізінде жатқан енжілдерге қарсы айтылған күпір сөздей болып көрінетін ақиқатты – қазақта бір емес, үлкен екі күй дәстүрі бар екенін, ал ол дәстүрлердің өз ішінде көптеген мектептерге ыдырайтынын айтты. Сондай-ақ өнер дегеннің ат бәйгесі емес екенін, дәстүр мен дәстүр, мектеп пен мектептің арасындағы кейде табандасқан дұшпандыққа ұласатын бақастықтың ұлт мүддесіне қайшы екенін, бұл тартыстан ақыр соңында тұтастай қазақтың өзі ұтылатынын алғаш айтқан Уәли Бекенов болатын. Содан кейін, ұланғайыр қазақ даласының үш пұшпағын алып жатқан, күрең топырақ Жиделі-Байсыннан Сібірдің тұнжыр ормандарына дейінгі аралықта кең қанат жайған, сан ғасыр салтанат құрған, ұлы тұлғалары, өзіне тән қайталанбас дәстүрлері бар шертпе күй өнерін ауызша насихаттап қана қоймай, ең алғаш саралап, жүйелеп, ғылым дәрежесіне көтерген де Уәли Бекенов еді, – деп жазады Таласбек Әсемқұлов “Күйші Уәли” атты мақаласында.

Уәли Бекенов – күйді тек орындап қана қоймай, оны зерттеуші ретінде де танылды. Ол Қазақстан Оқу министрлігінің ғылыми-әдістемелік кабинетінде қызмет істей жүріп, Арқа мен Қаратау өңірінің шертпе күйлерін ел арасынан жинап, нотаға түсірді. Бұл жұмыс – ұмыт бола бастаған туындыларды қайта жаңғыртып, ғылыми айналымға енгізуге үлкен үлес қосты.

Ол алғашқылардың бірі болып «шертпе күй» терминін қолданысқа енгізді. Бұл қазақ күй өнерінің аймақтық ерекшеліктерін айқындауға зор мүмкіндік берді. Консерваторияда, кейіннен К. Байсейітова атындағы Республикалық музыка мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осы уақытта радио мен теледидарда да белсенді ағартушылық қызмет жүргізді. Әрбір күйдің тарихы мен мән-мағынасын түсіндіріп, халықты ұлттық музыкаға жақындатуды мақсат етті. Оның бағдарламалары күйдің тек әуен емес, халықтың өмірі мен дүниетанымының көрінісі екенін көрсетуге арналды.

Уәли Бекенов қазақ музыкасына қатысты бірқатар құнды еңбектер қалдырған. «Шертпе күй шеберлері» (1977), «Күй табиғаты» (1981) сынды бірқатар зерттеулері күйші мен күйдің табиғатын терең түсіндіруге, дәстүрлі мектептердің ерекшелігін айқындауға және ұлттық аспап өнерін жүйелеуге бағытталды. Ғылыми мақалалары мен зерттеулерінде ол күйді тек әуендік құбылыс емес, халықтың рухани болмысының айнасы ретінде қарастырды. Осы еңбектері арқылы күйші Уәли орындаушылықпен қатар, қазақ музыкасының теориялық негізін қалыптастыруға да елеулі үлес қосқан тұлға ретінде танылды.

Енді орындаушылық мәнері жайлы бірер сөз жазып көрсек. Уәли Бекеновтің күй тарту мәнері сабырлы, байсалды, терең ойлы сипатымен дараланады. Ол Арқа дәстүріндегі шертпе күйлерді шебер орындайтын, әрбір дыбысты асықпай, қоңыр үнмен жеткізетін. Шертпе күйдің табиғатына тән – сыршылдық пен ішкі толғанысты ол ерекше сақтай білді. Күйді шерткенде саусақтың әрбір қимылына, ішектің тербелісіне дейін мән беріп, тыңдаушыға әуеннің астарындағы сезім мен тарихты жеткізуді басты мақсат ететіндей.

Уәли Бекенов үшін күй – жай ғана әуен емес, халықтың өмір жолы, қуанышы мен қайғысының, арман-мұратының көрінісі болатын. Сондықтан ол күй тартқанда асықпай, әр дыбысқа жан бітіріп, тыңдаушыны терең толғанысқа жетеледі. Оның орындауында шертпе күйдің табиғи әсемдігі, сырлы әуезі айқын ашылып, тыңдарманды өзіне баурап әкететін.

Шәкірттерінің және көзін көрген адамдардың айтуынша, ол күйді шертіп қана қоймай, әр шығарманың тарихын, шығу себебін түсіндіріп беруді әдетке айналдырған. Бұл тәсіл тыңдаушыны күйді тек тыңдауға емес, оны сезінуге, ондағы ойды терең қабылдауға үйрететін. Сонымен бірге Бекеновтің өз шығармалары да бар. «Жеңгем сүйер», «Ерен толғау», «Күй аңсаған», «Боздағым» сияқты күйлерінде ол өз толғанысын, заман тынысын жеткізді. Сондай-ақ ол Ғ. Сармурзиннен Абай Құнанбайұлының «Торыжорға» мен «Май түні» күйлерін жазып алып, алғаш рет нотаға түсіріп, халыққа қайта ұсынған да осы Уәли Қалиақпарұлы.

Уәли Бекенов – қазақ күй өнерінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға. Ол алғашқылардың бірі болып «шертпе күй» атауын ғылыми айналымға енгізіп, Арқа мен Қаратау дәстүрін жүйелеп, нотаға түсірді. Ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, домбыра өнерін келесі буынға жеткізді. Ғалым-зерттеуші ретінде күйдің табиғатын терең талдап, бірнеше құнды еңбек қалдырды. Ал орындаушы ретінде әрбір шығарманы жүрекпен шертіп, күйдің ішкі сырын тыңдаушыға жеткізді. Осы еңбектері арқылы ол қазақ музыкасының сақталуына, жаңғыруына және болашаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосты.

Сөз басында айтқанымыздай, бұл мақаланың мақсаты – ғылыми талдау емес, еңбегімен елеулі із қалдырған, бірақ есімі көп айтыла бермейтін күйшіні ғаламтор кеңістігінде қайта жаңғыртып, оқырманға еске салу. Сондықтан ақпаратты ұсыну тәсілі де қарапайым, деректі түрде берілді. Әрине, алдағы уақытта күйші Уәли Бекеновтің шығармашылығына арналған терең ғылыми зерттеу қажет екені анық. Ол үшін болашақ зерттеушілерге материалдар да жеткілікті.