Биыл – Қазақстан Конституциясына 30 жыл.
Тоқаев: Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға апаратын төте жол
580
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордағы сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. 

«Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек. 

Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек. 

Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, "Заң мен Тәртіп" қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет.

Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді. 

Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуге тиіс», деді Президент.