Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, өз сөзінде қазіргі Ата заң тарихи жолдан өткеніне тоқталды. Осыған байланысты Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай да өз пікірін білдіріп, Конституцияның уақытпен бірге жаңарып отыруы маңызды екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы орайда Сенат депутаты Конституцияның мемлекет дамуындағы орны мен қоғам алдындағы жауапкершілігі жайында ой қозғады.
"Биыл – Ата заңымыздың 30 жылдығы. Елордада айтулы күнге орай Мемлекет басшысының қатысуымен алқалы жиын өтті. Халықаралық конференцияда Конституцияның эволюциялық даму кезеңдері жан-жақты сараланды. Тәуелсіздіктің темірқазығы болған бұл құжат 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданғаны баршаға мәлім. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділ атап өткендей, шын мәнінде халықтың жадында үш жыл бұрынғы тарихи референдум ерекше сақталып отыр. Сол кезде Конституцияның үштен бірі жаңарған еді.
“Әрине, ол кезеңде жаңа Конституция қабылдайық деген пікірлер де болды. Заң жүзінде де, саясат тұрғысынан да қисын тапқан ұсыныстар еді”, – деді ел Президенті. Қандай ұсыныстар айтылса да, Мемлекет басшысы сабақтастықты таңдады. Егер олай болмағанда, біз қазір 30 жылдықты емес, үш жылдықты атап өтер едік, – деді сенатор.
Осы үш жылдың ішінде елімізде Конституциялық сот құрылды. Президент партиядан тыс мәртебеге ие болды. Мажоритарлық жүйе қайта оралды. Адам құқықтарын қорғау институты күшейді. Өлім жазасына түбегейлі тыйым салынды. Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, бұл – жай ғана өзгерістер емес, қоғамның жаңа дәуірге қадам басқанының айғағы.
– Президент өз сөзінде халық ең үлкен жетістік ретінде жердің, жер қойнауы мен табиғи байлықтың халық меншігі болып заңда бекітілгенін атады. Шындығында, қазақ үшін бұл – өмірлік мәселе. «Жер – халықтікі» деген ұстаным – елдің ар-намысы мен болашағы.Ата заңымыз – Қазақстанның тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің берік кепілі. Бірақ ол да қоғам секілді уақыт талабына сай өзгеріп, дамып отыруы тиіс.
Конституционализм – үнемі қозғалыстағы жүйе Президент айтқандай, конституционализм – тоқтап қалмайтын процесс. Ол заң шығару ісімен біте қайнасқанымен, бүгінгі жаңа технологиялық, экономикалық және геосаяси шындықта мүлде басқа мазмұнға ие бола бастады.
Қазақстан үшін бұл – үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Жаңа сын-қатерлерге дер кезінде бейімделу, халықаралық тәжірибені сараптай отырып, ұлттық мүддеге сай шешім қабылдау – біздің құқық жүйеміздің басты міндеті, – деп нақтылады Сенат депутаты.
Сондай-ақ Бибігүл Жексенбай Президенттің конференциядағы сөзінен бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін анық байқауға болатынын атап өтті.
– Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, дәстүрлі түсініктерді қайта қарауға мәжбүр етуде. Қазірдің өзінде әлемде адамның рөлі мен орнын талқылайтын өткір пікірталастар жүріп жатыр.Биотехнологиялардың дамуы құқықтық қайшылықтарға әкеліп, ғасырлар бойы қалыптасқан этикалық нормаларды шайқалтты. Генетикалық инженерия, жасанды органдар, клондау сияқты мәселелер заң саласын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Геосаяси өзгерістер ұлттық заңнаманы ғана емес, халықаралық құқық жүйесін де қайта қарауға итермелейді. Әрбір мемлекет өзінің егемендігін жаңа жағдайда қорғаудың жолын табуға тиіс.
Бүгінгі Конституцияны қорғау – ертеңгі ұрпақтың тағдырын қорғау. Цифрландыру, жасанды интеллект, биотехнологиялар адамзаттың болашағын ғана емес, құқықтың мәнін де өзгертуде. Кеше ғана ертегіге ұқсаған дүниелер бүгінгі күннің шындығына айналды. Ал осы өзгерістердің бәрі адам құқығы, мемлекет егемендігі және халықаралық құқықтың жаңа жүйесін қажет етеді.
Президент айтқандай, конституционализм ешқашан тоқтап қалмайды. Ол заң шығару үдерісімен бірге қарыштап дамиды. Ендігі міндет – осы жолда елдің тәуелсіздігін қорғап, уақыттың талабына сай жаңартып отыру.
Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі келешегі – осы сергектікте, осы зерделі қадамда, – деді Бибігүл Жексенбай.