Бүгінде медицинадағы түрлі жетістікке қарамастан миллиондаған адамға әмбебап ем әлі табылған жоқ. Көптеген науқас жылдар бойы емделуге мәжбүр болғанымен, жақсы нәтижесін бере қоймайтыны тағы бар. Тіпті, кейбір сәтті терапиядан кейін де аурудың қайта оралуы ғажап емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, әлемдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 15 пайызы қатерлі ісікке байланысты екен. Қатерлі ісікті медицинада ауру емес, дене жасушалары әдеттен тыс тез көбейе бастайтын, ісіктерді қалыптастыратын жағдайлардың тұтас тобы деп қарастырады. Бұл ісіктер әртүрлі органда пайда болуы мүмкін және қан айналымы арқылы бүкіл денеге таралуы мүмкін.
ДДҰ көптеген елде онкологиялық ауруларды емдеу және паллиативтік көмек бағдарламалары әлі де жеткіліксіз қаржыландырылатынын атап өтті. 2022 жылы әлемде қатерлі ісіктің 20 миллион жаңа жағдайы тіркеліп, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны 9,7 миллион адамды құрады. Бұл ретте шамамен 53,5 миллион адам диагноз қойылғаннан кейін бес жылдан астам өмір сүрді. Статистикаға сүйенсек, әрбір бесінші адам өмір бойы қатерлі ісікке шалдығады, әрбір тоғызыншы ер адам мен әрбір он екінші әйел осы аурудан қайтыс болады. Осыған ұқсас мәліметтерді Дүниежүзілік онкологиялық зерттеулер қоры келтіреді. 2022 жылы 20 миллионға жуық жаңа жағдай анықталды: 10,3 миллион ерлер және 9,7 миллион әйелдер. Бұл ретте аурушаңдықтың стандартталған көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 196,9-ды құрады: ерлер арасында – 212,6, әйелдер арасында – 186,3. Сарапшылардың айтуынша, қатерлі ісік ауыртпалығы барлық елде дерлік артып келеді. Сондықтан оның алдын алу денсаулық сақтаудың басты міндетіне айналып отыр. Зерттеулер көрсеткендей, қатерлі ісік ауруларының шамамен 40% диетаға, физикалық белсенділікке және өмір салтына байланысты қауіп факторларын бақылау арқылы алдын алуға болады.
– Иә, өкінішке қарай, қазір бүкіл әлемде қатерлі ісік жасарып барады деген алаңдатарлық мәселе бар. Бұрын онкологиялық аурулар көбіне егде жастағы адамдарда кездесетін болса, қазір 40-қа жетпеген жастардан да жиі анықталуда. Бұл құбылыс бір жағынан медицинаның дамып, диагностиканың жақсарғанын, яғни ауруды ерте кезеңінде табу мүмкіндігінің артқанын көрсетеді. Бірақ екінші жағынан жастардың өмір салты, экология, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, созылмалы күйзеліс, гаджеттерді шамадан тыс пайдалану, темекі мен вейп секілді зиянды әдеттердің кең таралуы қатерлі ісіктің жасаруына әсер етіп отыр. Сондай-ақ тұқым қуалаушылық факторын да естен шығаруға болмайды. Яғни, ата-анасында немесе жақын туыстарында қатерлі ісік болған адамдарда қауіп деңгейі жоғары болады. Осы себептің барлығы қосылып, жастар арасында рак ауруының көбейіп бара жатқанына әкеліп отыр, – деді медицина ғылымдарының докторы, онколог Диляра Қайдарова.
Бүкіл әлем індеттен көз ашпай отыр
Қатерлі ісік ауруымен ауыратын елдердің рейтингін болжамды түрде халқы ең көп елдер Қытай, АҚШ және Үндістан басқарып тұр. Олардан кейін Жапония мен Ресей тұрақтады. Ең аз жағдайлар Сан-Томе мен Принсипиде, Вануатуда және Самоада деп көрсетілген. ТМД елдерінің ішінде Ресеймен бірге Украина мен Беларусь анти-лидерлер қатарында болды. Рейтингте Қазақстаннан төменірек Өзбекстан, Әзербайжан, Молдова, Армения, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан орналасқан. 100 мың адамға шаққандағы аурушаңдық бойынша қайғылы көшбасшылық Аустралия, Жаңа Зеландия, Дания, АҚШ және Норвегияда тіркеліп тұр. Рейтингті Сьерра-Леоне, Гамбия және Конго Республикасы аяқтады. ТМД елдері арасында Беларусь, Ресей, Молдова, Армения және Украина Қазақстаннан жоғары болса, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан бізден төмен көрсетілген. Гендерлік айырмашылықтарды бөлек атап өткен жөн. Ерлер арасында қатерлі ісікке шалдығудың ең жоғары деңгейі Аустралияда, Жаңа Зеландияда, АҚШ-та, Венгрияда және Данияда, әйелдер арасында Аустралияда, Жаңа Зеландияда, Данияда, АҚШ-та және Норвегияда байқалды.

Our World in Data мәліметтеріне сәйкес, онкологиялық аурулардың түрлері бойынша әлемде ең көп өлім-жітім өкпе, трахея және бронх ісігіне байланысты. Бұл ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 25,6-ны құрайды. Екінші орында тоқ ішек және тік ішек обыры (13,2), үшінші орында асқазан обыры (12,1).
Алматы онкологиялық диспансерінің хирургиялық онкологы Милан Әдиев ерлерде әйелдерге қарағанда асқазан обырына шалдығу ықтималдығы екі есе көп екенін айтты. Оның сөзінше, асқазан қатерлі ісігінің көпшілігі 55 жастан асқан адамдарда диагноз қойылады. Диагноздың орташа жасы 70 жасты құрайды. Сонымен қатар ер адамдар әйелдерге қарағанда асқазан обырына екі есе жиі шалдығады.
– Темекі шегетіндердің асқазан қатерлі ісігіне шалдығу қаупі темекі тартпайтындарға қарағанда екі есе жоғары. Оның себебі темекі шегу кезінде сіз үнемі аздап темекі түтінін жұтасыз, ол асқазанға түседі. Темекінің құрамындағы зиянды заттар шырышты қабықша жасушаларын зақымдап, мутация тудырады. Шылым шегу неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым дәрігер соғұрлым жоғары болады, – дейді онколог.
Қатерлі ісіктің даму қаупі жасына қарай айтарлықтай артады, сондықтан онкологиялық аурулардың көпшілігі және одан қайтыс болғандар егде жастағы адамдарда көптеп кездеседі. Дене жасушасындағы ДНҚ көбірек зақымданса, қалпына келтіру қабілеті төмендейді. Осылайша, бізді қорғағысы келетін иммундық жүйе қауқарсыз болып қалады.
Еліміздегі жағдай қалай?
Қазақстанды дүниежүзіндегі сандармен салыстыратын болсақ, онкологиялық ауруға шалдыққандар саны бойынша еліміз 185 елдің ішінде 61-орынға шықты. Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, бір жыл ішінде елімізде онкологиялық дертке шалдыққандар саны 6 пайызға дейін өскен. Жалпы, республикада жыл сайын мұндай дерттің 40 мың жаңа жағдайы тіркеліп, жыл сайын 12 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмады. 2024 жылдың соңында 230 мыңнан астам онкологиялық науқас динамикалық бақылауда болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға көп. Қазақстанда онкологтар санының тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өткен жөн. 2021 жылы олардың саны 883 болса, 2022 жылы – 974, 2023 жылы –1,1 мың болса, 2024 жылға қарай онкологтар саны 1,3 мың адамға жетті.

инфографика: Елдар ҚАБА
Онколог Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісіктен толықтай қорғанудың нақты бір тәсілі жоқ, бірақ әр адам қарапайым алдын алу шараларын сақтаса, аурудың даму қаупін едәуір азайта алады.
– Қазіргі медицинада алдын алу үшін кейбір ауруларға қарсы вакциналар бар, мысалы, жатыр мойны ісігінің алдын алатын ВПЧ-ға қарсы екпе. Сол сияқты, гепатитке қарсы вакцина да бауыр ісігінің қаупін төмендетеді. Бұдан бөлек, әр адам өз денсаулығына мұқият болып, ағзадағы кішкентай ғана өзгерістерге де мән беріп, дәрігерге дер кезінде қаралуға тиіс. Уақытылы тексерілу – қатерлі ісікті ерте анықтап, емдеудің ең тиімді жолдарының бірі, – дейді онколог.
Әсет ҚАЛИ