12 шілдеден бастап Қазақстанда адамның бет-әлпетін толық жабатын киім киюге тыйым салатын заң нормалары ресми түрде күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Заңның мақсаты
ІІМ мәліметінше, бұл түзетулердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және бейнебақылау камералары арқылы азаматтарды тану мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Қандай киімдерге тыйым салынады?
- балаклава;
- медициналық мақсаттан тыс маска;
- никаб;
- бет-әлпетті анық көруге кедергі келтіретін өзге де киім түрлері.
Ерекшеліктер
Тыйым келесі жағдайларда қолданылмайды:
- медициналық себептерге байланысты;
- ауа райының қолайсыздығына байланысты;
- қызметтік және еңбек міндеттерін орындау кезінде;
- азаматтық қорғаныс шаралары барысында;
- спорттық, мәдени және бұқаралық іс-шараларда.
Діни киімге қатысты түсініктеме
ІІМ атап өткендей, жаңа ережелер адамның жүзін жаппайтын діни киімдерге – хиджаб, шейла, химар, аль-амира – қатысты емес. Полиция бұл түзетулер азаматтардың құқықтары мен діни сенім бостандығын шектемей, тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.