Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданының полицейлері "зорлау ісі" бойынша күдіктіні босатып жібергеніне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдікті кейіннен жәбірленушінің туған ағасын өлтіріп, сонымен қатар кәмелетке толмаған қызды ұрлап кеткен.
«Талғар ауданының Полиция басқармасы лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігіне (ҚК-нің 370-бабы 4-бөлігі) байланысты облыс прокуратурасымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл – күдіктіні уақытылы ұстау және тиісті шараларды қабылдамау салдарынан болған. Аталған күдікті кейіннен Қызыл Қайрат ауылында ер адамды өлтіру және кәмелетке толмаған қызды ұрлау сияқты резонансты қылмыс жасаған», – делінген хабарламада.
Бұл іс арнайы прокурорлардың өндірісінде, ал тергеудің барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында болады.
«Прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды», – деп көрсетілген ақпаратта.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.