Қоғам үшін ең құнды инвестиция – адамның білімі мен әлеуетіне салынған салым десек қателеспейміз.
«Келешек» – ұрпақ қамын көздеген ұлы жоспар
Фото: istockphoto.com/ru
3,088
оқылды

Бұл аксиомаға айналған ақиқат. Өйткені болашаққа сенімді қадам жасаудың бірден-бір жолы – білім мен тәрбие арқылы өсіп-жетілген, саналы әрі қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осындай түсінікпен өмір сүріп келе жатқан әрбір ата-ана баласының келешегі үшін барынша жауапкершілікпен қарап, өз мүмкіндігінше әрекет етеді. Алайда, өкінішке орай кез келген отбасының қаржылық мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан талабы мен таланты болса да талай баланың қаражаттың тапшылығынан оқи алмай қалатыны жасырын емес. Ал қазіргі заманда жоғары білім мен тұрғын үй мәселесі барған сайын күрделіленіп келе жатқаны тағы бар. Осындай өзекті әлеуметтік теңсіздікті болдырмау және еліміздің әр баласына әділетті мүмкіндік беру үшін мемлекет тарихи мәні бар үлкен жобаны іске қосты. Ол – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі десек қателеспейміз...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ұсынып, 5 жасқа дейінгі балалар үшін бірыңғай жинақ жүйесін құруды тапсырған еді. Бұл жоба бүгінгі таңда білім алуға, қаржылық дербестікке және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған қаржылық және әлеуметтік негізгі құралдардың бірі ретінде жүзеге асып отыр. Ең бастысы – бұл тек жинақтау жүйесі ғана емес, сонымен қатар – болашақ ұрпаққа жасалып отырған мемлекеттік қамқорлықтың нақты көрінісі десек те артық айтқандық болмас. Бұл – ұлт ретінде кемелденуге бағытталған қадам әрі ұлттың болашақ ұрпағының білімді болып өсуіне мүмкіндік беретін жүйе екенін де атап өткен жөн.

«Келешек» – мемлекеттік бағдарламасының басты ерекшелігі сол құрылымында үш тараптың да жауапкершілігі үйлестірілгендігінде болса керек. Өткен жылдан бастап толық күшінде жұмысы жүзеге асырыла бастаған бағдарламаға сәйкес мемлекет, ата-ана және қаржы институттары баланың келешегі үшін бірлесіп әрекет етпек. Жүйеге сәйкес, егер ата-ана баласына 5 жасқа дейін «Келешек» шотын ашса, мемлекет ол балаға бастапқы білім капиталы ретінде 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік жарна аударады. Бұл қазіргі есеппен шамамен 235 920 теңге. Ал ата-ана қамқорлығынан айырылған жетім балалар үшін бұл сома екі еселеніп, 120 АЕК-ке дейін, яғни 471 840 теңгеге жетеді. Мемлекеттік бұл жарна бір реттік, әрі тек баланың шоты уақытылы, яғни 5 жасқа дейін ашылған жағдайда ғана аударылмақ.

Бірақ аталған жобаның игілігі бұл сомамен шектелмейді. Шотқа салынған жыл сайынғы ата-ана жарнасына мемлекет тарапынан 5 пайыздан 7 пайызға дейін сыйақы қосылады. Көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар баласы бар жанұяларға және жетім балаларға 7 пайыздық үстемақы тағайындалады. Сонымен қатар бұл депозиттерге банктер мен сақтандыру ұйымдары да ең кемінде 12 пайыз көлемінде сыйақы есептейтінін атап өткен жөн. Қарапайым тілмен айтқанда, егер ата-ана жүйеге ерікті түрде қосылып, жыл сайын қаражат құйып отырса, мемлекет пен қаржы ұйымдары бұл салымға қосымша қаржы қосып береді. Бұл – елде бұрын-соңды болмаған тәжірибе екенін де рас.

Салым мөлшері де отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай есептеледі. Кәдімгі отбасылар үшін жылдық жарна – 24 айлық есептік көрсеткіш, яғни 94 368 теңге болса, ал көпбалалы немесе мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін бұл сома екі есе азайтылып, 12 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бұл жарнадан мүлде босатылады. Егер ата-ана шотқа жыл сайын белгіленген соманы құйып отырмаса, бастапқы капитал мен мемлекеттік сыйақы кері қайтарылуы мүмкін. Сондықтан мамандар жүйеге қатысуда тәртіп пен жауапкершіліктің аса маңызды аса маңызды екенін айтады.

Қаржылық жинақ 18 жасқа толған кезде ғана пайдалануға берілмек. Жиналған қаражат тек нақты үш мақсатқа жұмсалады. Атап айтқанда Қазақстанның және шетелдік жоғары немесе кәсіптік білім беру орындарында оқуға, тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде қолдануға сонымен қатар қажет болған жағдайда – жинақты өзінен кейінгі бауырына аудару мүмкіндігі де қарастырылыпты. Егер бала мемлекеттік грант негізінде оқуға түссе, жиналған қаржыны магистратураға, шетелде оқуға немесе ипотекаға үй рәсімдеуге бағыттауға болады. Ал егер білім алуға қаржы қажет болмай, жас азамат өздігінен білім алып, дипломын көрсете алса, онда барлық жинақталған қаражат оның жеке есепшотына аударылатынын да атап өткен жөн.

«Келешек» жобасының тағы бір ерекше артықшылығы сол – оның «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен интеграциялануында десек артық айтпаспыз. Былтырғы жылдан бастап еліміздегі әрбір балаға Ұлттық қордан жыл сайын шамамен 100-110 АҚШ доллары көлемінде қаражат аударыла бастады. Бұл да 18 жасқа дейін жинақталып, тек білім мен тұрғын үйге бағытталуы тиіс. Екі жоба бірін-бірі толықтырып, еліміздегі әрбір баланың дербес өмір бастауына шынайы мүмкіндік беріп отыр.

Жаңадан ашылған бұл бағдарламада сонымен қатар жүйенің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Ата-ананың қарызы немесе банкроттығы баланың жинағына еш әсер етпейді. Шоттағы қаражат мемлекет тарапынан толық қорғалған, оған ешкімнің қол сұғуға құқы жоқ. Сондай-ақ, жобада сақтандыру компаниялары маңызды рөл атқарады. Егер баланың ата-анасы оқыс жағдайда қайтыс болып кетсе немесе еңбекке жарамсыз болып қалса, сақтандыру ұйымдары баланың 18 жасқа дейінгі барлық жарнасын ата-анасының атынан өздері аударады.

Жоба алғашқы кезеңінде-ақ ата-аналардың қызығушылығын оятып, нақты нәтижелер көрсете бастады. Сарапшылардың айтуынша, егер ата-ана шотты 5 жасқа дейін ашып, жыл сайын жарнаны жүйелі түрде салып отырса, 18 жасқа жеткенде жиналатын сома 8–8,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл – баланың оқуына толық жететін қаражат, немесе тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде жеткілікті сома.

Бағдарламаға қатысушы қаржылық ұйымдар мен сақтандыру компанияларының өкілдері елімізде қолға алынған бұл мемлекеттік бағдарламаның берері мол екенін айтады. Өйткені 2040 жылға дейін мемлекеттік гранттардың азаюы дәл осы бағдарламаларының көмегімен қаражат жиғандарға үлкен мүмкіндік болмақ. 

- Елімізде өткен жылдардан бастап жүзеге асырылып, бүгінде кеңінен қолданыла бастаған «Келешек» жүйесі өте ойластырылған бастама дер едім. Менің ойымша, бұл білімнің қаржылық жағынан қолжетімді болуына және отбасыларға алдын ала өз қаражаттарын жоспарлауға жақсы қадам әрі мол мүмкіндік дер едім. Әсіресе, үнемі ақша жинауға мүмкіндігі бар және білімді ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастыратындар үшін өте пайдалы. Сондықтан, балаларының болашағын ойлайтын ата-аналар «Келешек» бағдарламасы арқылы өз баласына лайықты инвестиция құя алады. Бұл мүмкіндікті пайдаланып жатқан халықтың да қарасы көбейіп келеді. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша тек біздің сақтандыру қоры арқылы ғана елімізде 1914 келісімшарт жасалған, - дейді «Halyk-Life» сақтандыру компаниясы Ақмола облыстық филиалының директоры Динара Жүнісова. 

P.S. «Келешек» – жай ғана қаржылық жоба емес, бұл – ұлттың болашағына деген үлкен сенім. Бұл – мемлекет, қоғам, ата-ана және қаржы институттарының бала тағдырына деген ортақ жауапкершілігінің көрінісі. Қазақ «Баланы жастан» дейді. Ал бұл бастама – сол даналықтың заманауи нұсқасы. Егер бүгін әр баланың болашағына бір кірпіш қалап қойсақ, ертең ол берік қабырғаға, еңселі шаңыраққа айналары анық. Ел ертеңіне деген сенім мен жауапкершілік осы «Келешекпен» бірге қалыптасады. Сондықтан да бұл жобаның аты да заты да өз орнында: болашақтың бастауы бүгіннен басталады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы