Форумда сөз сөйлеген ТШО Бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесінов компанияның ел экономикасындағы үлесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысы туралы баяндады.
51,4 млрд АҚШ доллары – Қазақстан экономикасына
Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, қазақстандық қамтуды дамыту ТШО үшін стратегиялық басымдық болып қала береді. Компания құрылған сәттен бері ел ішіндегі тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 51,4 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Бұл инвестициялар тек Атырау облысымен шектелмей, Қазақстанның басқа өңірлеріне де оң әсер етіп, жергілікті бизнестің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті.
«Биыл біз жаңа рекорд орнаттық – ТШО сатып алуларының 71 пайызы қазақстандық қамтуға тиесілі. Бұл – жергілікті өндірушілермен белсенді әріптестіктің нәтижесі», – деді Көңілқош Сүйесінов.
Бес жылдық даму бағдарламасы
Қазақстандық қамту үлесін одан әрі арттыру мақсатында ТШО 2024 жылы Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ел ішілік құндылықты дамыту бағдарламасын қабылдады. Бұл құжат – отандық компаниялардың жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтуға бағытталған «жол картасы».

Фото: «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметінен алынды
Бағдарламаның мақсаты – жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен халықаралық стандарттар арасындағы алшақтықты қысқарту, әсіресе қауіпсіздік пен сапа талаптары бойынша үйлестіру.
Бағдарлама келесі негізгі бағыттарды қамтиды:
• мұнай-газ машина жасау саласын дамыту;
• сервистік қызметтерді жаңғырту;
• цифрлық технологиялар мен IT-шешімдерді енгізу.
Арнайы көңіл қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін арттыруға, сондай-ақ өндірістік қуаттарды жаңғыртуға бөлінген. Осылайша, ТШО қазақстандық компаниялардан сатып алулар көлемін ұлғайтып қана қоймай, оларды халықаралық деңгейге шығуға ынталандырады.
Көңілқош Сүйесінов атап өткендей, 2024 жылы отандық өндірушілерден тауар сатып алу үлесі 9 пайызға жетіп, ТШО осы көрсеткіш бойынша мұнай-газ секторы операторлары арасында көш бастап тұр.
Өндірушілерді қолдау және жаңа ережелер
ТШО Мұнай-газ машина жасау халықаралық орталығымен (IMB орталығы) серіктестікте жұмыс жүргізіп келеді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 12 тауар тобы айқындалып, техникалық қызмет көрсету мен жеке қорғаныс құралдары бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды.
Компания қазақстандық құрамды қолдаудың жаңа икемді тетіктерін енгізді:
• тең жағдайларда баға айырмашылығын отандық өндірушілердің пайдасына қарастыру;
• сынақ (пилоттық) тапсырыстарды орналастыру;
• жергілікті тендерлер өткізу;
• қазақстандық жеткізушілер үшін төлем мерзімдерін қысқарту.
Сонымен қатар, жаңартылған рәсімдер жеткізушілерге банк кепілдіктерін қазақстандық екінші деңгейлі банктерден де ұсынуға мүмкіндік береді.
2024 жылдан бастап ТШО-ның ресми тізіміне 16 қазақстандық компания енгізілді – барлығы да компанияның жоғары стандарттарына сәйкес келген жеткізушілер.
Модульдік қосалқы станциялар – табысты серіктестік үлгісі
Табысты мысал ретінде PSI Energy және QMOZ компанияларының бірлесіп жасаған жобасы – Қазақстанда екі модульдік қосалқы станцияның салынуы келтірілді.

Фото: «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметінен алынды
38 метрлік екі қабатты ғимарат Теңіз кен орнында пайдалануға берілетін еліміздегі ең ірі модульдік станция болып табылады. Құрастыру жұмыстарына 800 мыңнан астам адам-сағат жұмсалып, бірде-бір өндірістік жарақат тіркелмеген. Бірінші модуль Теңіз кен орнында орнатылды, екіншісі қазан айының соңына дейін іске қосылады.
«Бұл жоба – отандық компаниялардың әлемдік деңгейдегі күрделі техникалық шешімдерді сәтті жүзеге асыра алатынының айқын дәлелі», – деді Көңілқош Сүйесінов.

Фото: «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметінен алынды
Болашаққа бағдар
Қорытындылай келе, ТШО Бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесінов компанияның қазақстандық құрамды дамытудағы ұстанымын тағы бір рет растады:
«Біз мемлекетпен және салалық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырамыз. Мақсатымыз – қазақстандық компаниялар нарықта берік орнығып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына қолдау көрсету. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз».