Атырау облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы пысықталып жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілі Айбек Оңғаров айтып берді.
Қыстың қамын жаз ойлар
1,608
оқылды

Оның айтуынша, аталған өңірде республикалық деңгейдегі жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыс­та­рын «КажСервис» мекемесі жүзеге асы­рады. Қазір ұзындығы 136 шақы­рым­ды құрайтын Мұқыр – Құлсары ба­ғытындағы жолда орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде.

– Бұл жолда көлік қозғалысы он­ша қарқынды емес. Жолдың үс­тің­гі қабаты сырылып алынған. Қа­зір­гі кезде жөндеу жұмыстары бел­сен­ді түрде жүріп жатыр. Атырау об­лысы бойынша жол күтіміне қа­жетті инертті материалдар Мақат ау­данында және Қызылқоға ауда­ны­ның Сағыз ауылындағы арнайы ба­за­ларда сақталуда, – деді Айбек Оңғаров.

Жолдарды күтіп ұстау – тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік және экономикалық маңы­зы бар іс. Қыс мезгілінде жол­дар­дың уақытында тазаланбауы не­месе тайғаққа қарсы материалдардың жеткіліксіздігі жол-көлік оқиға­ла­рына, адам шығынына, тауар тасы­ма­лы мен жедел қызметтердің кі­ді­рісіне алып келуі мүмкін. Статис­ти­ка­лық деректерге сәйкес, жол сапасы мен жағдайына байланысты қыс айларында апаттар саны 20–25%-ға дейін артады.

Сондықтан мәселенің маңыз­ды­лығына байланысты аталған жұмыс­тарға партиялық бақылау да күшей­тілуде. Атырау қалалық мәслиха­ты­ның депутаты, «АMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму кеңесінің төрағасы Ақылбек Құлбарақовтың ай­туынша, қазіргі уақытта кеңес мү­шелері «КажСервис» мекемесінің қыс­қа дайындығын тексеруде.

– Біз мұнда техника мен адам са­ны жеткілікті ме, жылыту пункт­тері бар ма соны бақылау үшін кел­дік. Қыс мезгілінде халық тара­пы­­нан жол бойында уақытылы қар та­­заламау, шұқырларды жамау бойын­ша жиі шағымдар түседі. Сон­дықтан бұл жұмыстар жіті назарда болады, – деді депутат.

 Атырау облысы Полиция депар­та­ментінің өкілі Тілепберген Ақбо­ла­тов облыс аумағындағы жолдардың тех­никалық жағдайына тоқталды.

– Бұған дейін Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағыты бойынша жол­дар­ды күтіп ұстауға «КажСервис» жауап­ты болмаған. Ол жұмыстар мер­дігер мекемелердің міндетінде бол­ды. Бірақ қысқы мезгілде олар­дың тарапынан инертті материалдар жеткіліксіз болып, оны сақтайтын қоймалар болмады. Соның салдары­нан кейбір материалдар жарамсыз­да­нып кетті. Қазір облыстық және ау­дандық деңгейдегі жолдардың, сон­дай-ақ көше торабының қысқы мез­гілге дайындығына да тексерістер жүр­гізіліп жатыр. Жанар-жағармай қо­ры мен жылыту бекеттері тек­серілуде, – деді ол.

«КажСервис» мекемесінің Аты­рау облыстық филиалының дирек­то­ры Мұратбек Қамзаевтың айтуын­ша, мекеме аймақтағы 847,6 шақы­рым жолға жауапты.

– Биыл бұл жұмыстарға 1 млрд 300 млн теңге бөлінді. Бүгінде қысқы жұ­мысқа 82 қызметкер мен 46 тех­ника дайын. Облыс филиалында бар­лығы 119 адам жұмыс істейді. Қа­зір біз тайғаққа қарсы инертті ма­териалдар – техникалық тұз және та­биғи құм қорын толық жинақ­та­дық. Бүгінде жаңбырдан кейін пай­да болған жыра­лар мен шұң­қыр­лар тегістелуде. Қорда 4 000 тонна тех­­никалық тұз бен 6 000 тонна та­би­­ғи құм дайын тұр, – деді мекеме бас­шысы.

Жолдарды тиімді күтіп ұстау – қауіпсіздік кепілі. Қазақ­стан жол ғылыми-зерттеу институ­ты­ның мәліметіне сүйенсек, жолдар­ға уақытылы техникалық қызмет көр­сету көлік қозғалысының қауіп­сіз­дігін 30%-ға дейін арттыра алады. Со­нымен қатар сапалы күтіп ұстау жол­дың қызмет ету мерзімін екі есе­ге дейін ұзартатыны дәлелденген.

Айта кетейік, өңірдегі қысқы жол қауіп­сіздігі мен жол инфра­құры­лы­мын күтіп ұстау жұмыстары алдағы ай­ларда да бақылауда болады.

Атырау облысы Полиция де­пар­таментінен анықтағанымыздай, өт­кен жылдың алғашқы тоғыз айында бар­л­­ығы 588 жол апаты тіркелген. Сал­дарынан, 797 адам жарақат алып, 77 адам қаза болған. Биыл жол апат­тары көбейіп отыр. 2025 жылдың ал­ғаш­қы 9 айында барлығы 1320 жол апа­ты тіркеліп, 1893 адам жарақат ал­ған. 70 адам көз жұмды.

Әрине, жол апатының себеп­те­рі өте көп. Бірақ адам өмі­рін жалмайтын апаттардың қата­рын­да жолдың техникалық жағдайы, қо­лайсыз ауа райы және жолдың қыс­қа дайын болмауы сынды себеп­тер бар.

«Шұрық-тесік жолдар, тегіс емес жа­бын, жарықтандырудың болмауы, белгі мен сызықтардың өшуі – бәрі жүргізушінің реакциясына әсер ете­ді. Мұндай жолдарда көлікті басқару қиындай түседі. Сонымен бірге, қыс мезгілінде жолдың дер кезінде таза­ланбауы, мұз басуы және инертті ма­териалдардың жеткіліксіздігі кө­лік апатына себеп болады. Бұл әсі­ре­се, Атырау облысы сияқты кли­мат­тық жағдайы күрделі өңірлерде өзек­ті», – дейді Атырау қалалық мәс­лихатының депутаты Ақылбек Құлбарақов.

Айтпақшы, күні кеше «Қазгидро­мет» мамандары алдағы қыста Қа­зақ­станда ауа райы қандай бола­ты­нын айтты. Алдын ала болжамдарға сәйкес, 2025-2026 жылғы қыс салыс­тырмалы түрде жылы болмақ, бірақ ауа температурасының күрт ауытқуы, боран мен көктайғақ болуы мүмкін. 

Қарашада Қазақстанның басым бө­лігінде қар түрінде жауын-шашын бо­лады, ал оңтүстік және оңтүстік-ба­тыс өңірлерде жаңбыр мен қар ара­лас ауа райы күтіледі. Әсіресе, со­л­түстік, орталық және шығыс ай­мақтарда бұрқасын, көктайғақ және тұман болады.

Синоптиктердің айтуынша, ай бойы ауа райы жиі өзгере­ді. Ал Атыраудың табиғи ерекшелігі сол – желтоқсанның ортасында жауын жауып, қатты аяздан мұз қату жағ­дайлары жылына бірнеше рет тір­келіп жүр. 

Қалай десек те, бұл жағдайлардың барлығы жолдағы қауіпсіздікті қам­та­масыз ететін негізгі критерий – трас­са­ның қауіпсіздігі қаншалықты маңыз­ды екенін көрсетеді. Жолда абай болыңыздар! 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы