31 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттардың басын қосқан дәстүрлі «Қола домбыра -2025» республикалық жас ақындар айтысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» қоры» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өткізілді. Еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы жиырма екі дарынды оқушы бағын сынап, сөз бен домбыраның құдіретін паш етті.
– Биылғы айтыс "Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар" тақырыбында өтіп жатыр. Бұл айтыстың мақсаты – жастарды ұлттық өнермен сусындату, жас дарындардың жолын ашу. Сонымен қатар ұлттық өнерімізді дәріптеп, жас ақындардың шыңдалуына үлес қосу. Бүгінде елімізде 100-ден астам өнер мектебі бар. Төл өнерімізді одан әрі дәріптеп, дамыту үшін барлық өнер мектебінде арнайы айтыс ақындары сыныптарын ашу қажет. Себебі айтыс өнерінің бойында қазақ дәстүріндегі күйшілік, ақындық, шешендік, термешілік сияқты барлық өнер түрі тоғысқан. Сондықтан осы бір ерекше өнерді оқытуды дұрыс жолға қоятын болсақ, келешекте ел мәртебесін биікке көртерері анық, – деп атап өтті ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Жас ақындар қазіргі қоғам үшін өзекті үш негізгі тақырып аясында сөз сайыстырды:
- «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар»;
- «Еңбек адамы – елдің тірегі»;
- «Цифрландыру мен білім: жаңа дәуірдің талабы».
Айтыскерлердің шеберлігіне айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт; танымал айтыскер ақындар: Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев сөз өнерінің сарапшыларынан жиналған беделді қазылар алқасы баға берді.
– Бүгінгі шараның маңызы өте зор. Шараның тақырыбы "Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар" деп аталуы да бекер емес. Қазіргі жасанды интеллект пен жаһандану заманында негізгі идеологиялық мақсатымыз – қазақилықты сақтап қалу. Айтыс өнері келешекте жойылып кетпес үшін қолдау көрсете отырып, төл өнерді жасарту өте маңызды. Биыл айтулы шара екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытта жалғасын тауып, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр, – деді Ринат Зайыт.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде – диплом, «Қола домбыра» арнайы домбырасы және 500 мың теңге ақшалай сыйақыны Жамбыл облысынан келген Інжу Жаңабай иеленді.
Жүлделі І орын және 400 мың теңге ақшалай сыйлық Қостанай облысының тумасы Нұрислам Рагатқа бұйырды.
ІІ орын және 300 мың теңге ақшалай сыйлықты Ақнұр Зинулла (Алматы облысы) мен Мейіржан Баршынбай (Павлодар облысы) иеленді.
ІІІ орын мен 175 мың теңге сыйақы Айғаным Мақсұтқанова (Астана қаласы), Белес Өтепберген (Ақтөбе облысы) және Айша Бақтиярға (Шымкент қаласы) бұйырды.

Сондай-ақ, басқа қатысушыларға арнайы атаулы жүлделер тағайындалады.
Айтыстың іріктеу кезеңі 1-17 қазан аралығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» өңірлік филиалдарында өткен. Еске сала кетсек, былтыр бас жүлдені Шымкент қаласынан келген жас ақын-айтыскер Ислам Әли Біржанұлы жеңіп алған болатын.