Осыған орай елдегі мал шаруашылығының жай-күйін, қолға алынып жатқан бастамаларды білмекке Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы дептартаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймұрзаевты әңгімеге тарттық.
– Мемлекет басшысы Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын, бұл істің жай-жапсары қалай болып жатыр?
– Мемлекет басшысы Жолдауда мал шаруашылығына байланысты тапсырманы айқындап берді. Соның негізінде 2026-2030 жылдарға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына ғалымдар, бизнес өкілдері және мемлекеттік органдарды тартылды. Бес отырыс өтіп, 150-ге жуық ұсыныс сараланып, іс-шаралар жоспарын дайындадық. Жобаның негізігі мақсаты – мал шаруашылығын қаражатпен қамтамасыз ету. Жұмыс тобы аясында есептеуімізге қарағанда 740 млрд теңге қаржы керек екен. Бүгінде 1 тамыздан бастап бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыруға 5 пайыздық несиемен 50 млрд беріліп жатыр. Ал бұған дейін шаруалар 23 пайызбен екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеуге мәжбүр еді. Мал шаруашылығында мал өсіретін тауарлық шаруашылықтарға, асылтұқымды репродукторларға да қаражат тартылуы қажет болып тұр.
Сондай-ақ бұл жобаның ішінде қоян, бал ара, марал шаруашылықтарына жеңілдетілген ниеселеу керек. Бұрынғыдай несиеге кепілге зат қою деген бөлімді алып тастадық. Қазіргі өте үлкен мәселе – кепіл мәселесі. Енді кепілдемені фермер «Даму» қоры арқылы 85 пайызына кепілдендіре алады. Сонымен қатар малшының ертерек зейнетке шығуы, балаларының тегін оқуы, әскерден босатылуы, әлеуметтік жағдай жасау сияқты бірқатар бастамалар легін жоспарға енгіздік. Бұл жобаны өзіміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде нақтылап, басқа мемлекеттік органдарға желтоқсан айында келісімге жіберіп, келесі жылдың басында бекітілсе, қаржыландыруды ақпан-наурыз айларында бастамақшымыз. Бір нәрсені айта өтейін. Цифрландыру дамыған заманда осы бағдарламаға қол жеткізу қиын емес.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы өсімдік шаруашылығын дамытқандығымызды алға тартып, ендігі меже мал шаруашылығын көтеру керек деп бағдар берді. Осы бағытта ілкімді істер атқаруды жоспарлап келеміз.
– Несие беру мәселесіне басымдық берілетін сияқты. Субсидия азайса, шаруа шатқаяқтап кетпей ме?
– Сұрағыңыз өте орынды. Субсидияда – өндірілген өнімге берілетін ақша. Мәселен, 1 литр сүт өндірсеңіз, мемлекеттен литріне 30 теңге беріледі. Президент субсидиялаудан жеңілдетілген несиеге кезең-кезеңімен өту бойынша тапсырма берген. Оны орындауымыз қажет. Бізде субсидияны түгел жою міндеті жоқ. Көрші Ресей тәжірибесінде федеративтік және өңірлік деңгейде субсидиялап, жеңілдетілген несие беріп қолдау білдіреді. Олардың өнімі Қазақстан нарығына кіргенде біздікілердің бәсекелесуі қиын болады. Сол себепті де тиімді субсидиялар қалады. Қазіргі кезде талдау сараптамалық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, кейбір субсидиялар қазірге дейін өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Мысалы, құс шаруашылығында келісіне 60 теңге субсидия беріледі. Елде 2020 жылы құс етімен қамтамасыз ету 58 пайыз болса, қазір 79 пайызға жеткіздік. Мұны осы субсидиялардың көмегі деп білуіміз керек. Өйткені кәсіпкер несие алған кезде субсидияның арқасында қайтарымдылығын азайтады. Сондай-ақ малды асылдандыру үшін кооперативтерге субсидия берілген еді. Алайда жемқорлық фактілері байқалып, заңсыздық орын алған соң тоқтатылды. Осындай жағдаяттың бәрін ескере келе, субсидия мәселесі әлі де сарапталу үстінде.
– Қазір жайылым жерлер шаруаларға жеткілікті ме?
– Қазақстанда 180 млн гектар жайылым жер бар. Соның 82 млн гектары ғана қолданыста. Бұл – ауыл-аймақтарға жақын орналасқан жерлер. 13,5 млн гектар жер қайтарылып, оның 6 млн гектар жері жаңадан қолданысқа берілді. Бізде ауылдан тысқары жерлер бар ғой. Көбісі ол жерге барып жұмыс істегісі келмейді. Себебі онда қажетті жағдайлар жоқ. Бірақта потенциалды пайдалануымыз қажет. Сондықтан да біз іс-шаралар жоспарымызда осыны ескердік. Егер шаруа шалғайда мал кәсібімен шұғылданамын десе, «Аграрлық несие корпорациясына» немесе «Өңірлік кәсіпкерлік корпорацияларына» жүгіне алады. Бұл несиелеу бағдарламасы шеңберінде құдық қазып, су тартқыш орнатуға, мал шаруашылығы базасын салуға, қажетті вагон сатып алуға, электр энергиясын тұтыну үшін күн сәулесі панелдерін сатып алуға болады. Аталған жоспар аясында 50 млрд теңгені шалғайдағы мал шаруашылығына бағыттап отырмыз.

Біздің Торғай, Ұлытау өңірлерінде бос жатқан жайылым жерлер бар. Малмен айналысуға ниетті Торғайда Жәнібек, Ұлытауда Нұрсұлтан деген фермерлер өзінің жобасын бастап жатыр. Осылайша, бос жатқан жайылым жерлердің игілігін шаруалар көре бастайды.
– Жем-шөп әзірлеу, қуаңшылықтың алдын алу, жалпы мал азығын дайындау бойынша қандай істер атқарылып жатыр?
– Негізі, жем-шөп базасын дайындау әр шаруашылықтың өз міндеті ғой. Бизнесті жүргізіп отырған соң 1,5-2 жылдық қорын ұстауға тиіс. 2021 жылғы Қызылорда мен Маңғыстаудағы қуаңшылық жағдайы соның дәлелі. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар малын тіркемей, жем-шөп базасын қалыптастырмай, ақыры қиын жағдайға душар болды. Мал қырылған соң, өтеп беруге мемлекеттен көмек сұрады. Өтеп берейін десе, малы тіркелмеген. Мұндай олқылықтар малшының жауапкершілігіне келіп тіреледі. Соған қарамастан, сол шақта мемлекеттен 1,2 млрд теңге бөлінді және арнайы операторларға ақша беріліп, қиын жағдайға тап болғандарға үлестірілді. Осының бәрі ескеріліп, бүгінде жем-шөп өндірісінің жол картасы әзірленді. Шаруашылықтарға 1,5 жылдық жем-шөп базасын қалыптастыру бойынша тапсырмалар берілді. Биыл 25 млн тонна жем-шөп базасы дайындалды. Малға арналған 5 млн тонна бидай мен арпадан жасалған фураждық қор әзірленді. Өңірлердегі, аудандағы, ауылдағы жағдайды әкімдіктер бақылауда ұстау, жеке ұйымдасқан шаруашылықтардың әрбірімен жеке-жеке істеу туралы тапсырмалар берілді. Қолайсыз ауа райы салдарынан қиындықтар туындаса, проблема бірден анықталып, түйткілді жедел шешуге мүдделіміз. Осыған байланысты арнайы жедел штаб құрып қойдық. Сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» ҰК 200 мың тонна арпа, бидайдан фураждық жем дайын тұр. Мал азығы тапшылығы туындаса, арзандатылған бағамен үлестіріп беретін боламыз. Бұның бәрі – келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша жасалған игі шаралар.
– Малды жаппай дәрілеу, тіркеу қалай іске асуда, ветеринарларға қандай әлеуметтік жағдай жасалған?
– Мемлекет тарапынан малды дәрілеуге қаржы тегін бөлініп келеді. Әркім өз малын дәрілетуге міндетті. Егер малға вакцинация алмайтын болса, заңды тұрғыда тіркемесе, жауапкершілік қарастырылған. Жалпы, ветеринария желісі бойынша, барлық процесс цифрлық форматқа көшіріледі. Цифрлық форматқа келтіру жұмысы заңнамалық тұрғыда мал иелері мен ет сатушыларының жауапкершілігін күшейтумен қатар жүретін болады. Малдың иесі дәрілетуге, тіркетуге өзі ұмтылуға тиіс. Ветеринар соңдарынан жүгіріп жүрмеуі керек. Ауру малдың еті нарыққа шығып кетпес үшін мал тіркеусіз қалмас үшін заңнамалық жағынан бәрін пысықтап отырмыз.
Мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту алдағы жылдың жоспарында тұр. Егер біз ветеринардың жалақысын көтеретін болсақ, оларда жұмысына деген құлшыныс пайда болады. Қателеспесем, кешенді жоспардан тыс, 2026 жылдан бастап мал дәрігерінің айлығын көтеру көзделіп қойған.
– Ауылдық жерде халықтың құрт-май, сүтін базардан басқа пұлдайтын орталығы жоқ. Осы өнімдерді қабылдайтын зауыт-фабрика салуды тиісті ведомство ойластырды ма?
– Сіз жеке қосалқы шаруашылықтардың жай-күйін айтып отырсыз. Ауылда жеке-жеке құрт-майы, ірімшігін дайындап отырғандардың бары рас. Олардың про- блемасы да осы ғой. Өнімін өткізіп, пұлдай алмай дал. Базарлар, сауда орталықтары жеке қосалқы шаруашылықтардан қажетті деңгейде өнім ала алмағандықтан, өнімін қабылдағысы келмейді. Өйткені олар үнемі үзіліссіз өнім келіп тұрса дейді. Осындай жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірген абзал. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Егер кооперативтер құрып, кәсіп ашатын болса, 30 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Осының арқасында жеке қосалқы шаруашылықтардан өнімді жинай отырып, кейін сатуына да болады. Негізі, Еуропа елдері, АҚШ солай дағдыланған. Біз де дамыған державалар деңгейге жетуді діттейміз. Кооперативтің қозғалысы бойынша 2016 жылы «Кооперация» заңы қабылданды. Қазір 2,5 пайызбен берілетін несиелеу бағдарламасы да бар. Бірақ адамдар кооперацияға бірігуге құлықты емес. Әзірге түсіндіру, оқыту жұмыстары аз. Әгәрәки, жұрт көптеп кооперацияға бірігіп өнімін өткізіп, өңдеп нарыққа шығарса, үлкен шаруа атқарылар еді.
– Өңірлердегі ахуалды баяндай кетсеңіз...
– Әрине, мал шаруашылығын әр өңірдің бейіміне қарай бағу өте үлкен пайда береді. Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдейтін Golden Camel зауыт жұмыс істеп тұр. Басты нарығы – Қытай елі. Дәл осындай үлкен сүт зауытын салуды Маңғыстау обылысында салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін 2,5 пайызбен беріліп, түйе сүтінен ұнтақ әзірлеп өнім өндіретін болады. Ақтөбе облысында жүн өңдейтін KazFelTec деген зауыт құрылысы желтоқсанда тә- мамдалады. Бұл өндіріс жүннен құрылсқа қажетті материалдар да шығармақ. Ынталандыру мақсатында жүннің келісіне 200 теңге субсидия беруді қарастырдық. Жүнді халықтан жинау үшін сервистік дайындау орталықтары түзіліп, оларды жеңілдетілген несиемен қолдаймыз. Алматыда Түркияның Iskefe Holding компаниясы тері өңдеу зауытын салғалы жатыр. Бұйырса, 2027 жылы теріні өңдеп, желатин өндіріледі. Осылайша, дамыған елдердегідей мал шаруашылығын дамытып, өңдеу технологиясына көшіп, ел қазынасы толыға түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ