Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген ананың қоғам­дағы орны қашан­да ерекше.
Аналардың жайы алаңдатады
155
оқылды

Дегенмен ана мен бала өлімі көр­сет­­­кішінің азай­мауы мә­се­лесі сала­да­ғы сал­ғырт­тық пен жауап­кер­шілік­­тің тым төмендеп кетке­нін айғақ­тайтамай ма? Өкініш­ке қарай, дәл осын­дай дабыл бүгінде Ақмола облысынан да естіліп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі жария еткен статистика тұтас өңірді елең еткізді. Биыл Ақмола облысы ана өлімі бойынша рес­пуб­ликада бірінші орынға шық­қан. Бұл аймақтың көрсеткіші елдегі орташа деңгейден жеті есе жоғары болып тұр.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы На­ри­ман Ермековтің мәліметінше, биыл өңірде төрт бірдей әйелдің өмірі босану кезінде қыршын қиылған. Бір қарағанда аз сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл көрсеткіш 100 мың тірі туған сә­би­ге шаққанда 59,1-ге тең екен. Ал ел бойынша ол 10,2-ге тең.

Бұл сандардың артында онда­ған отбасының күйзелісі, баласыз қалған әке мен жетім қалған сә­билердің ащы тағдыры жатқаны алаңдатады. Дәрігерлердің тергеу мәліметтеріне сүйенсек, барлық жағдай бойынша кешенді сарап­тамалар жүргізіліп жатыр. Өңір­дегі аталған істерге облыстық бас­қарма, медицина академиясы­ның профессорлары, ұлттық ана мен бала орталығы және ми­нистр­лік комитеті арнайы арала­сып отыр.

Алғашқы оқиға Есіл ауда­нын­да болған. Әйелдің жатыр түтігі жарылып, ішке қан кеткен. Ота жасау кезінде көп қан жоғалтып, жүкті әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты. Бұл жағдай егер дер кезінде назар аударылса, ажал­дан арашалауға болатын жал­ғыз оқиға ретінде бағаланып отыр. Әйел уақытылы тексеріліп, ультрадыбыстық зерттеу жасал­ғанда, бәлкім, бәрі басқаша да болар ма еді?

Екінші жағдайда әйел тубер­кулезден көз жұмған. Ауру әбден асқынып кеткен. Созылмалы өк­пе туберкулезі жүктілікпен қо­сылып, ағзаны әлсіретіп, оның арты қай­ғылы жағдайға душар еткен.

Үшінші жағдай облыс орта­лығы Көкшетауда болды. Мұнда нашақорлық пен созылмалы ви­рустық аурулар салдарынан әйел ағзасы инфекцияға төтеп бере ал­мапты. Сепсис, гепатит, пнев­мо­ния сияқты дерттің бәрі қосы­лып бірінен соң бірі асқынып кеткен. 

Төртінші оқиға кесарь тілігі­нен кейінгі асқынудың салда­рынан болғаны мәлім болды. Ке­ліншектің жүктілік кезінде медициналық бақылауда болма­ғаны анықталды. Босану кезінде балаға оттегі жетіспей, кесарь ота­сы өте күрделі жағдайда өткен. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, босану және жүктіліктен кейінгі кезең хаттамалар мен стандарт­тарға сәй­кес орындалған. Интенсивті терапия шаралары жүзеге асы­рылған. Алайда босанған әйелдің ағзасының әлсіздігі қайғылы жағдайға әкеліп соққан. 

Аталған төрт оқиғаның ішінен  біреуі ғана дер кезінде медицина арқылы алдын алуға болатын жағдай деп бағаланды. Қалған үшеуі – тым кеш анықталған аурулар мен түрлі факторға бай­ланысты болғаны анықталды.

Басқарма басшысы Нариман Ермековтің бұқаралық ақпарат құралдарына берген дерегіне қа­расақ, ана өмірін сақтауда алғаш­қы медициналық қызметтің дұрыс жасалуы шешуші рөл атқарады. Дәл сол ауылдық емханалар мен әйелдер консультациясы дәрігер­лері жүкті әйелдің жағдайын уа­қытында бағалап, қауіп-қатер деңгейін анықтауға тиіс.

Бірақ кей өңірлерде осы ал­ғаш­қы көмек тым әлсіз болып тұр­ған жайы бар. Дәрігер жетіс­пейді, кейбірінде қажетті жабдық та жоқ. Ал көп жағдайда маман бар болса да, тәжірибесі жеткі­лік­сіз. Мәселен, Есіл ауданында уль­традыбыстық аппарат болға­нымен, оны жүргізген маман зей­нет жасында болып шыққан. Бүгінде ол жұмыс істемейді.

Әйтеуір, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қол қусырып отырған жоқ. Биыл өңірде әйел­дер консультациялары ашылып, 1 200-ден астам жүкті әйел есепке алынған. Жағдайы қауіпті деп ба­ғаланған 452 әйел ерекше бақы­лауда.

Көкшетаудағы перинаталдық орталық базасында симуляциялық тренинг орталығы да тұрақты түр­де жұмысын бастаған. Онда тә­уекел тобына кіретін жүкті әйе­л­дерге үздіксіз бақылау жүргізіліп, дәрігерлер әр апта сайын «аку­шер­лік сағаттар» форматында ше­берлік сабақтар өткізеді.

Сондай-ақ 426 маман арнайы оқудан өткен. Телемедицина ор­талығы шалғай аудандардағы жүк­ті әйелдермен онлайн байла­ныс орнатып, тұрақты түрде кеңес беру қолға алыныпты. Облыстық аурухана жанынан арнайы ситуа­циялық орталық құрылған. Он­дағы мамандар жедел ақпарат қабылдап, тәуекел жағдайларын бақылап отыратын жедел штаб қызметін атқарып отыр.

Ақмола өңірінің денсаулық сақтау саласындағы басты әрі аса өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Бүгінде аймақта 190 медицина қызметкері жетіспейді. Оның ішінде 18-і – акушер-ги­неколог. Әкімдік бұл мамандықты аса тапшы тізімге енгізіп, жас ма­ман­дарға 8 миллион теңге кө­ле­мін­де көтермеақы беруді қолға алған.

Бірақ мәселе тек кадрға бай­ланысты болмай шықты. Меди­ци­налық мекемелерде арнайы жабдық жетіспейді. Соның ішінде ең зәруі – ультрадыбыстық ска­нерлердің эксперттік үлгілері. Жаңа аппараттарсыз жоғары сапалы скрининг жүргізу мүмкін емес, ал бұл – асқынулардың алдын алудағы шешуші құрал.

Ана өлімі – тек дәрігерлердің  емес, тұтас қоғамның да жауап­кершілік танытуға тиіс мәселесі. Уақытылы тіркелу, медициналық бақылауға ерте тұру, скринингтен өту сияқты дүниелерді елемеудің салдары кейде орны толмас қасі­ретке айналып жатады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы