Сондықтан шығар бұл спектакль тарихтағы ең көп сахналанатын пьесалардың бірі. Қазақ театрлары да жиі сахналап жүр. Әр режиссер өз «Ромеосы мен Джульеттасына» өмір сыйлауда. Жақында елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры әлем классикасын жаңаша сахналады.
Жаңаша дейтініміз, бұл жолы Romeo & Juliet қойылымы синема-эпос жанрында ұсынылды. Жалпы, қазіргі мәдени кеңістікте өнер түрлерінің араласуы, стильдердің тоғысуы әлемдік тенденцияға айналды. Сол үдерістің ең қызықты құбылыстарының бірі – театрдағы синема-эпос жанры. Бұл – киноэпостың кең тынысын, тарихи масштабын, визуалдық қуатын театрдың тірі энергетикасымен ұштастыратын жаңа бағыт.
– Romeo & Juliet – барлық театрда қойылған әлемдік классика. Біз де Әбіш Кекілбаев аударған туындыны заманға сай түрлендіріп көрдік. Синема-эпос жанры театрымызда алғаш рет сахналанып тұр. Қойылым жастарға арналған, динамикаға толы. Арасында комедия да, драма да, экшн да бар, – дейді театр директоры Ербол Жақсыгелдіұлы.
Театрдағы синема-эпос – үлкен экрандағы эпикалық баяндауды сахналық кеңістікке бейімдеу. Мұнда режиссер тек актердің шеберлігіне ғана емес, көркемдік технологияларға, қозғалмалы декорацияға, бейнепроекцияларға, мультимедиялық сценографияға сүйенеді. Осылайша, сахнада бұрын мүмкін емес болып көрінген кеңістік «соғыс даласы, көне қала, шексіз дала, тарихи шайқас» қайта тіріліп, көрерменнің көз алдына жоғары деңгейде ұсынылады. Бұл бағыт театрды жаңартып қана қоймай, оның тіліне киноға тән ритм, кадрлық монтаж, музыкалық қарқын енгізіп, жаңа көркемдік тыныс береді. Қуанышбаев театры жауапты жұмысты ресейлік театр және кино режиссері Ұланбек Баялиевке сеніп тапсырған. Режиссердің спектакльдері көрерменге ерекше эмоция мен заманауи көркемдік шешімдерді ұсына отырып, классикалық пьесаларды жаңа қырынан ашатын ерекшелігімен танымал.

– Мені «Ромео мен Джульеттаны» орыс тіліне аударған Борис Пастернактың «Өшпенділік пен мейірімділік» деген сөзі шабыттандырды. Көпшілігі бұл шығармадан махаббат қасіретін ғана көреді. Бірақ өшпенділік жайлаған қазіргі заманда, мемлекеттер арасындағы қақтығыстар, отбасындағы жанжалдар көбейіп тұрғанда адамзатты махаббат қана емес, мейірімділік те құтқарады. Спектакльді сахналағанда халыққа осыны жеткізгім келді, – дейді Ұланбек Баялиев.
Режиссердің айтуынша, мәселе тек динамикада емес. Бұл – кинематограф пен эпос сынды мәңгілік жанрға жасалған құрметтің белгісі. Ең қызығы, бұл тәсіл қазақы болмысқа – оның темпераментіне, даналығына, бейнені терең қабылдайтын табиғатына сәтті үйлесті. «Біз айтулы қойылымда еуропалық ойлау мен азиялық дүниетанымды тоғыстыруға тырыстық», – деп қосты Ұланбек Баялиев.
Қазір көптеген әлем театрында тарихи қойылымдарды кино элементтерімен ұштастыру кең таралған. Жарық пен көлеңкенің кинематографиялық шешімдері, экрандық фондар, проекцияланған кеңістіктер, динамикалық музыкасымен толықтырылған қаһармандық сахналар – бәрі-бәрі театрға таңсық емес. Ал пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған – қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев. Жазушының көркем тілі көрерменді жалықтырмай, бірден баурап алады. Спектакльдің көркемдік шешімін жасау – көпқырлы шеберлікті, нәзік интуицияны және ұзақ шығармашылық ізденісті талап ететін күрделі үдеріс. Осы жауапты міндетті қоюшы-суретші Қанат Мақсұтов үлкен абыроймен атқарды. Ол сахнаны жай ғана декорациямен толтыруды мақсат етпей, оқиға мен кейіпкерлер тағдырын терең сезіндіретін поэтикалық кеңістік қалыптастыра алды. Сахнадағы әрбір деталь жарық, көлем, түс, қозғалыс трагедияның ішкі мазмұнымен үндесіп, көркемдік тұтастыққа қызмет етеді.
Спектакльдің әсерін күшейтетін маңызды элементтердің бірі – костюмдер топтамасы. Бұл бағыттағы жұмыс та қойылымның жалпы концепциясына айрықша салмақ түсірген. Белгілі дизайнер Жадыра Сахиева мен жас талант Ақбота Қапсалаң дайындаған костюмдер кейіпкерлер мінезін айқындап қана қоймай, қойылымның эмоционалдық атмосферасын тереңдетіп, оның көркемдік әлеміне жаңа реңк қосты.
– Бұл қойылымда қазақы нақышпен жаңаша түрленген «Ромео мен Джульетта» мүлде басқа үнмен сөйлейді. Бәрімізге таныс трагедия, өшпенділік, тағдыр, махаббат жайлы хикая, көрерменге жүрекке жақын, жылы әрі шынайы бояулар бедерімен жетеді. Ал сахналық кеңістік пен костюмдердегі ұлттық нақыш, ою-өрнек, мата фактурасы, бояулардың үйлесімі қойылымның рухани тынысын айқын көрсетеді. Қазақтың болмысына тән табиғи реңктер, салт-дәстүрді ескеріп жасалған әрбір бөлшек көрерменге түсінікті ғана емес, олардың жан дүниесіне жол табатын көркем эпосқа айналды. Қазақы өрнектер, ұлттық материалдар мен түстердің үйлесімі – сахна сәні ғана емес, кейіпкерлердің сезім әлемін, махаббат пен тағдырдың күрделілігін көркем тілмен сөйлететін қуатты құрал, – дейді дизайнер Жадыра Сахиева.
Бұл шығармашылық шешімдердің барлығы спектакльдің идеялық салмағын күшейтіп, классикалық туындыны ұлттық эстетикамен сабақтастырған заманауи сахналық эпосқа айналдырды. Ал премьера әуенін Олжас Дәлелхан жетекшілік ететін театрдың Theatre Avenue бэнді сүйемелдеді. Хореограф Салтанат Сұңғаттың да актерлермен жақсы жұмыс істегені көрініп тұр.

Ең бірінші болып сахнаға шыққан пірәдар Лоренцо Ромео мен Джульеттаның махаббатын қоштап, қос ғашықтың некесін жасырын қияды. Өйткені Монтекки әулеті мен Капулетти әулетінің арасындағы баяғыдан келе жатқан бітіспес дау бар болатын. Соның кесірінен махаббат хикаясы бір-бірін шын сүйгендердің қайғылы өлімімен аяқталады. Спектакльде жетекші рөлдегі пірәдардың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл ойнайды. Ромеоны қос құрамда Бибарыс Орман мен Ақжол Мамыр, Джульеттаны Ситора Анварова мен Саида Сағынова сомдайды. Ерлі-зайыпты Капулеттилерді сомдаған Ержан Нұрымбет пен Сая Тоқманғалиева сахнада өз шеберліктерін толық көрсетті. Олардың арасындағы нәзік сезімдер, ішкі шиеленістер, махаббат пен отбасылық міндет арасындағы күрделі қақтығыс көрерменге шынайы жетіп, қойылымның көркемдік деңгейін айқын көтерді. Ал Сүт ана бейнесіндегі Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтованың ойыны қойылымның бастан-аяқ көңіл күйін ұстап тұрды десек, артық айтпаспыз. Жалпы, Уильям Шекспирдің ғасырлар бойы жалғасқан «Ромео мен Джульеттасын» Қаллеки театры жаңа тыныспен, өзгеше жырлады.
Көктем ҚАРҚЫН