Associated Press материалына сүйенген Aikyn.kz су құйып ішетін бөтелкені күнделікті жуудың себебін түсіндіреді.
Сіз күнде қолданатын бөтелкеңізді тек таза әрі дәмі жақсы сумен ғана толтырасыз. Оны сонда да жуу керек па? Ия, өйткені бөтелкеңізге тек таза су құйсаңыз да микробтар, зең және бактериялар жиналады. Бұл асқазанға зиянды, аллергия мен астманы күшейтеді. Сондықтан бөтелкені жылы сабынды сумен күн сайын жуып тұру, ал апта соңында тазалап, кептіру қажет. Бөтелке металл болсын, пластик немесе шыны болсын – айырмашылығы жоқ. Олардың барлығы да микробтарға қолайлы орта бола алады. Әсіресе ішкі жағы сырылған пластик бөтелкелер.
Су бөтелкелеріне микробтар біздің аузымызбен, қолымызбен түтікшесіне немесе қақпағына тигенде жиналады. Бөтелкенің ішінде көзге көрінбейтін ойықтар мен саңылаулар көп болады. Осы жерлер зеңнің, бактериялар мен басқа да микробтардың «ұясына» айналуы мүмкін.
«Бұл күнделікті, елеусіз нәрсе сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде өте маңызды», – дейді Питтсбург университетінің медициналық орталығында жұмыс істейтін Мишель Кнеппер.
Сарапшылар бөтелкені қашан және қалай жуу керектігі жөнінде бір пікірге келе алмай отыр. Бірақ бәрі де су бөтелкесін мұқият әрі күнде жуу қажеттігін мойындайды.
«Бұл шынымен соншалық маңызды ма? Жоқ. Бірақ су бөтелкесін жай ғана жуып шығу онша қиын да емес қой», – дейді Бэйлор медицина колледжінің отбасылық медицина дәрігері Майк Рен.
Сарапшылардың пікірінше, бөтелкенің неден жасалғаны кірдің жиналуы үшін аса маңызды емес. Көп рет қолданылатын металл, пластик және шыны бөтелкелердің барлығы да микробтардың көбеюіне ыңғайлы орта. Бірақ пластик бөтелкелердің ішкі жағында сызаттар мен майысқан жерлер көп болады. Микробтар дәл осы жерлерді «мекендеуді» ұнатады.
Ең тиімді тазалау рәсімі өте қарапайым. Бөтелкенің ішін де, сыртын да жылы сабынды сумен жұмсақ ысқышпен немесе арнайы бөтелке щеткасымен ысқылап жуыңыз. Жақсылап шайқап, келесі толтыруға дейін құрғатып кептіріңіз. Түтікшелер мен тар саңылауларға жету үшін жіңішке құрал немесе түтікше тәрізді щетка пайдаланыңыз.
Тереңірек тазалау үшін ғалымдар бөтелкені ыдыс жуғыш машинада жууға (егер бөтелке үшін қауіпсіз болса) немесе түнге қарай ішіне тіс протездеріне, каппаларға арналған тазарту таблеткасын ерітіп қоюға кеңес береді. Болмаса жылы сірке суы ерітіндісін немесе ас содасы ерітіндісін пайдалануға болады.
Көптеген сарапшылар қарапайым сабынды сумен жуу рәсімін күн сайын жүргізуді, ал мұқият тазалауды аптасына бір рет жасауды ұсынады. Егер сіз көп рет қолданылатын бөтелкеге протеин коктейльдері немесе фитнес сусындары сияқты басқа сусындарды құйсаңыз, оны міндетті түрде күн сайын жуу керек. Тәтті сусындар бактериялар аса «жақсы көретін» жабысқақ қалдық қалдырады.
Көп рет қолданылатын бөтелкедегі суды түнге қалдырмаңыз. Ұзақ уақыт сақталған су бөтелкеде зең, бактериялардың өсуіне қолайлы жағдай туғызады.
Сіз үшін су бөтелкелерін тазалау рәсімдері әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бастысы – бөтелкені таза ұстау, суды ұзақ сақтамау, күнде жуу. Су бөтелкелерінің ластануын зерттеген Джорджияның Оңтүстік университетінің сарапшысы Айви Сан өзінің және балаларының бөтелкелерін күн сайын сабынды сумен жуатынын айтады: «Бұл өте кішкентай ғана қадам. Бірақ ол біздің денсаулығымызға едәуір пайдалы әсер етуі мүмкін», – дейді Сан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.