2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 494 кәсіпорны 10,4 мыңнан астам жұмыскерге 2,6 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 8 мыңға жуық фактісі анықталды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 10,1 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 2,2 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 886 тексеру жүргізді, оның барысында 7 902 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 6 362; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 495; халықты жұмыспен қамту бойынша – 45.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 45 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.