Мұндағы мақсат – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру, жастардың техникалық және өндірістік салаларға деген қызығушылығын ояту.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын Мемлекет басшысының бастамасы аясында қолға алынған жобалар жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздің болашағы – еңбектің қадірін білетін, кәсібіне адал жастардың қолында. Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру тек экономикалық міндет емес, бұл – қоғамның рухани жауапкершілігі. Біз жастарға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың еңбек адамын үлгі тұтуына жағдай жасаймыз», – деді ол.
Іс-шара барысында Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейт жастарды еңбекке деген адалдық пен табандылыққа үндеп, аға буынның тәжірибесі мен еңбек мәдениеті жөнінде ой бөлісті.
Форумның негізгі бөлімі жас мамандардың тәжірибе бөлісуіне арналды. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген «Бақыт-Қаратал» ЖШС-ның басшысы Серікжан Жексембиев баяндама жасады. Ол аралас ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері туралы айтып, ауыл жастарының кәсіпкерлікке бет бұруының маңызын атап өтті.
«Қай салада жұмыс істесең де, шын ниетпен, табандылықпен істесең, нәтиже болады. Жастар өз мамандығын жетік меңгеріп, нағыз маман болуға ұмтылуы керек. Себебі ауыл – елдің тірегі, ал ауылды алға сүйрейтін – еңбекқор жастар», – деді ол.
Сондай-ақ Ak Altyn Products бас директоры Данияр Искаков, «АқсуҚант» зауытының зертхана меңгерушісі, «Үздік жас жұмысшы – 2025» көшбасшы Аруна Кенжеханова, KEGOC АҚ электромонтері Қуаныш Мұсабаев және техникалық колледж оқытушысы Айбек Иманжанов сөз сөйлеп, өз тәжірибелерін бөлісті.
Форум аясында өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика, зертхана, коммуналдық және құрылыс салаларында үлгілі қызмет атқарып жүрген бірқатар жұмысшы маманға «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының Алғысхаты табысталды.
Елнар ЕЛТАЙ