Қазақстан Парламентінің делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің бірлескен отырысына және XVIII жалпы отырысына қатысты. Делегацияны Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.
Мәжіліс төрағасы  ҰҚШҰ ПА мінберінде сөз сөйледі
152
оқылды

Отырыс барысында ҰҚШҰ ПА Кеңесінің қатысушылары Ассамблеяның осы жылғы қызметін қорытындылады. Парламентшілер Ұйымға мүше мемле­кет­тердің заңнамаларын үйлестіру және дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарды. Әртүрлі бағытта қауіпсіздікті нығайтуға арналған жаңа модельдік заңдар мен ұсынымдарды қабылдау жө­нінде жоспарлы жұмыс жүргізілді. Олардың қатарында есірткі бизнесімен, киберқылмыспен, трансұлттық терро­ризммен, адам саудасымен, қаруды заң­сыз таратумен және басқа да қылмыс түрлерімен күрес мәселелері бар. 

Өз сөзінде Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парла­менттік Ассамблеясы жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге жедел әрі тиімді түрде жауап беріп, Ұйымға мүше барлық елдің мүдделерін ескеріп, шешімдер қабылдануын қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ депутаттар ортақ тарихты сақтау бағытында белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы тұрғыда 2025 жылы ҰҚШҰ елдеріндегі басты оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту болды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс спикері гео­саяси тұрақсыздыққа қарамастан, биыл халықаралық деңгейде қабылданған бір­қатар маңызды шешімге назар аударды. Олар – Әзербайжан мен Армения ара­сындағы қақтығыстың реттелуі, Газа секторында бітімге келу туралы келісім­ге қол қойылуы, Қырғызстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қо­сылуы, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкіс­тан шекарасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілуі.

Ерлан Қошанов Қазақстанның ауған халқына қолдау көрсетуге бағытталған күш-жігері туралы да айтты. Биыл Қазақстан Ауғанстанға 2 500 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтті, оның ішінде азық-түлік, күнделікті қажет заттар және дәрі-дәрмек бар. Ол ҰҚШҰ елдерінің парламентшілерін Алматыда орналасқан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Өңірлік орталығының әлеуетін халықаралық көмекті үйлестіру мақсатымен белсенді пайдалануға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар бірқатар модельдік заң мен ұсыным­дарды, соның ішінде Қазақстан тарапы дайындаған «Терроризмге қарсы іс-қи­мыл туралы» заңды қабылдады. Ол терроризмге қарсы іс-әрекет саласын­дағы мемлекеттік органдардың өзара байланысын, ықтимал террористік ша­буыл нысандарын қорғау шараларын, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу шарттарын және басқа да мә­селелерді реттейді.

Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекет­тердің азаматтық қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салалардағы заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсы­ныстар қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша парламентшілер Дамушы көпполярлы әлемде халықаралық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету туралы мәлімдеме қа­был­дады.

Мәскеуде өткен ҰҚШҰ ПА іс-ша­ра­­лары аясында парламенттік деле­гация­лардың басшыларын Ресей Президенті Владимир Путин қабылдады. 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ төрағалығы Ресей Федерациясына өтеді.