Кітапхана мен архив ісін кешенді дамыту мақсатында осы салаға бөлінетін гранттар саны екі есе көбейді. Бүгінгі күнде Қазақстанда 236 архив жұмыс істейді.
Министрліктің мәліметінше, Ұлттық архив қорындағы 74,5 мың қорда 27,8 миллионнан астам құжаттар бар. Архивтегі көне қолжазбалар мен деректерді қаз-қалпында сақтау үшін жан-жақты жұмыс атқарылып жатыр. Білікті кадр даярлау мәселесіне жете көңіл бөлініп отыр. Кәсіби мамандарды даярлау мақсатында «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісіне» бакалавриатта грант санын 20-дан 100-ге дейін көбейтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес архив ісі және кітапханаға кадр даярлауға бес аймақта қосымша 89 грант бөлінді.
Кітапхана мен архив қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтай отырып, келешек ұрпақ үшін насихатталуына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кітапхана, архив жұмысын оңтайландыру үшін бұл саланы цифрландыруды кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Әсіресе, аймақтарда жаңа технологияны қолжетімді ету арқылы оқырманға жағдай жасалады. Сирек кездесетін қолжазбаларды электронды түрде оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар архивте сақтаулы тұрған құнды мұраларды да бірыңғай цифрлы форматқа ауыстыру процесі жүргізілуде. Кейінгі жылдары архивте ақылы негізде қызмет ететін бөлімдер жұмыс істейді. Ақылы қызметтен түскен қаражат архив ғимаратын күтіп-ұстау шығынын өтеуге, қызметкерлердің әлеуметтік мәселесін оңалтуға жұмсалады. Архивте қордаланған мәселелер рет-ретімен шешіледі.
2024 жылы «Архив-2025» жобасы шеңберінде 14 елден мыңнан астам сирек тарихи құжаттардың көшірмелері алынды. Архивтегі деректерді сақтау мен бірыңғай электронды архивтің құқықтық негізін жүйелеу мақсатында жаңа заң жобасы әзірленеді. Сонымен қатар мемлекеттік архивтер халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында жобаларды жүзеге асырады.
Бүгінгі күнде қала, аудан және ауылдық жерлердегі кітапханашылардың еңбекақысы бекітілген ережегі сәйкес төленіп отыр. Елімізде 3 883 кітапхана бар. Жалпы кітап қоры – 72 283 946 дана. Оқырман саны 3 292 226 адамға жетті. Республика бойынша кітапханаға келетін оқырман қарасы көбейіп келеді. Келген адам саны 51 921 261-ге жетті. Президент тапсырмасына сәйкес, кітапхана жұмысын әрі қарай оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылдан бастап «Қазақстанның жалпыға қолжетімді кітапханаларын жаңғыртудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы» жүзеге асып жатыр. Технология көмегімен кітапхана қызметінің сапасы артады. Цифрлық технологиялар кітапханада көпфункциялы қызметтерді қолжетімді етеді. Кітапханашының әлеуметтік мәртебесін көтеру, қоғамның дамуына қосып отырған үлесін арттыру әрдайым басты назарда болады.
Кітапханашылардың әлеуметтік мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Әсіресе, кітапхана ғимараттарын жөндеу, материалдық-техникалық базасын күтіп ұстау проблемасы да жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып шешілуде. Бұған дейін жалақының аздығынан кітапханашы табу, қаржы тапшылығынан кітапхана ғимараттарының техникалық базасын жөндеу күрмеуі қиын мәселе еді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде, 2022 жылдан бастап кітапханашылардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға көбейіп келеді, яғни бүгінгі күні 100 пайызды құрайды.
Майра ЖАНЫСБАЙ