Елорданың іргесіне жағалай орналасқан Ақмола облысының шалғай ауылдарында да тіршіліктің келбеті түбегейлі өзгеріп, заманауи агротехнологияның жаңа белесі ашылып келе жатқанын атап өткен жөн. Соңғы жылдары аймақта цифрландыруды тек қалалық инфрақұрылымның еншісі санамай, ауыл еңбегінің де автоматты құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылуы жаңаша сипатқа енген. Мәселен, бүгінде Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылы – осы өзгерістің айқын көрінісі. Бұл жерде жұмыстың бір бөлігін енді роботтар атқарып отыр. Жаңалыққа құлағы түрік елдің назарын аударған «ақылды ферма» – ауылдағы технологиялық серпілістің нағыз символы болды десек, артық айтпаспыз...
Цифрландыру – ауылдың да еншісі
Еңбек ауылындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында іске қосылған бұл тауарлы-сүт фермасы – өңірдегі ең заманауи кешеннің бірі. Мұнда сиыр сауу процесі толықтай автоматтандырылған. Күні кеше ғана етегінен сүттің табы кетпейтін сауыншы әйелдердің тәжірибесіне тәуелді болып келген тірлік ендігі кезекте роботтың дәлдігіне сенеді.
Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Саят Ахметжанов бұл жобаның тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызының да ерекше екенін атап өтті.
– Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Ақылды ферма цифрландыру тек қалаларға ғана тән емес екенін дәлелдеп отыр. Еңбек ауылында «екі қолға бір күрек» таппай жүрген жандарға жаңа жұмыс орындары ашылды. Инфрақұрылымы дамып келеді. Ең бастысы, жастар ауылда да заманауи техникамен жұмыс істей алатынын көріп, ауыл еңбегіне қызығушылығы артып отыр, – дейді Саят Ахметжанов.
Шынында да, бұл ферма – ауылдық жерде жаңа технологияны игерудің мүмкін екенін дәлелдеген тың тәжірибе. Қол еңбегі азайып, уақыт үнемделеді, адамға түсетін физикалық ауыртпалық біртіндеп кеми бермек.
Робот-сауыншының ақылына татитын қабілет
Ең соңғы заманауи цифрлық технологияларды қолға алған ферманың жүрегі – робот-сауыншылар. Олар 3D-камералармен, жоғары дәлдікті датчиктермен жабдықталыпты. Жүйе жануардың қашан саууға дайын екенін өзі анықтап, бар үрдісті еш қателіксіз жүзеге асырады. Атап айтқанда, сиырдың орналасуын дәл анықтап, желінге арнайы массаж жасап дайындайды. Одан кейін сүтті мұқият, толықтай сауып алады. Сонымен қатар әр процесті нақты тіркеп, ферма басқару жүйесіне онлайн жібереді.
Робот-сауыншылар шаршамайды, қателеспейді. Жоғары жүктемеден күйзеліске түспейді. Жұмысты тәулік бойы үздіксіз жұмыс істей береді. Кешен басшысы Сағжан Рақышевтың айтуынша, бұрынғы ауыр тірліктің бәрі енді еш қиындықсыз іске асырылатын болған. Бұл адамдардың тек іс жүзінде бақылау ғана жүргізуге мүмкіндік берген оң бастама болған.
– Бұрын бәрін түгелдей қолмен жасайтынбыз. Енді роботтар негізгі жұмыстың бәрін өздері атқарады. Біз тек процесті қадағалап, жануарлардың жайлылығына көңіл бөлеміз. Қорада климат-бақылау, желдеткіш, автоматты перделер орнатылған. Үнемі қолайлы микроклимат сақталады, – дейді Сағжан Рақышев.
300 бас – 6 тонна сүт
Фермада 300 бас ірі қараға арналған жағдай жасалған. Тәулігіне мұнда алты тоннаға дейін сүт өндіріледі. Мұндай тұрақтылық автоматтандырылған басқару жүйесінің арқасында болыпты.
Сапа бақылауы нақты уақыт режимінде жүргізіледі. Әр сиырдың денсаулығы, өнімділігі, сүт құрамы – барлығы бір ақпараттық платформадан бақыланады. Шаруашылықтың цифрлық экожүйесі талдау жүргізіп, жұмыс жоспарын да өзекті ақпаратқа қарап түзетеді. Бұл – әлемдік деңгейдегі фермалардың тәжірибесіне сай келетін жүйе екені сөзсіз.
«Еңбек» серіктестігі тек мал шаруашылығымен шектеліп қалмаған. 2013 жылдан бері мұнда органикалық егіншілік жүйелі түрде дамып келеді. 4 мың гектардан астам сертификатталған егіс алқабында экологиялық таза бидай өсіріледі. Еуропа елдеріне экспортталатын бұл өнімнің сұранысы да аса жоғары. Яғни, Еңбек ауылы – технология мен табиғилықтың үйлесімін таба білген бірегей өндірістік ортаға айналғанын атап өткен жөн.
Дегенмен робот бар болғанымен, адамның көмегінсіз тағы болмайды. Кейбіреулер технология көбейсе, адам еңбегі қажет болмай қалар деп топшылайды. Бірақ Еңбек ауылындағы жағдай мүлде керісінше пікір қалыптастырған. Кешенде 80-нен астам адам қызу еңбек етеді. Олардың бәрі – өз ісінің мамандары. Және бұл тек жұмыс орны емес, тұтас ауылдың қоғамдастығы. Қызметкерлердің басым бөлігі осы шаруашылықта тұрады. Басшылық олардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, жыл сайын жаңа үйлер салып, барынша әлеуметтік қолдау көрсеткен. Сағжан Рақышев бұл орайда адамдардың болашаққа сенімділігі ауыл өмірінің гүлденуіне тікелей ықпал етпек.
– Адам болашаққа сенімді болуы керек. Сонда ғана ауыл дамиды. Жастар ауылға тұрақтай бастайды. Роботтар жұмыстың ауыр бөлігін атқарса, адам өз ақылын, білігін қажет ететін салада еңбек етеді. Бұл – ауылдың болашағына деген стратегиялық көзқарас, – дейді ол.
Ақкөлдің «ақылды сауыншысы» – Астананың азық-түлік белдеуіндегі тұрақтылыққа үлес қосып жатқан маңызды аса іргелі жоба. Бірақ оның маңызы мұнымен шектелмейді. Бұл ферма алдағы уақытта ауылда да заманауи технология қолдануға болатынын айғақтап, жастардың ауылға деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
Жалпы, Ақмола облысы биыл да елдің басты астықты аймағы ретіндегі мәртебесін растап отыр. Өңірде аграрлық саланы жаңғырту және шаруаларды қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Облыс агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект енгізу арқылы жаңа кезеңге қадам басқан.
Бүгінде аймақта 49 «ақылды» ферма бар іске қосылып, жалпы көлемі 3 миллион гектардан астам жер цифрландырылған, бұл – облыстың барлық алқаптарының жартысынан көбі. Қазірдің өзінде өңірде цифрлық технологиялардың көмегімен өнімділік болжамының дәлдігі 90% деңгейіне жетіп, тыңайтқыш шығыны 20–25 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік алған. Сонымен қатар жерсеріктер арқылы түсірілген суреттер арқылы ауру ошақтарын дәл табу мүмкіндігі пайда болған.
Ақмола облысындағы Еңбек ауылы – өңірдің инновациялық бағыттағы қарқынын көрсететін бір ғана мысал. «Ақылды ферма» – ауылда роботтандыру мен автоматтандырудың мүмкін екенін дәлелдеді. Ал аймақ деңгейіндегі жасанды интеллект жобалары – тұтас агросаланы жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық қадам болмақ. Робот-сауыншы мен жасанды интеллектке негізделген басқа да цифрлық технологиялар жай ғана техника емес, олар – ауыл еңбегінің жаңа мәдениеті, болашаққа деген сенімі мен кіндік қаны тамған ауылына қайта оралатын жастардың жаңа мүмкіндіктеріне айналатыны анық. Осындай жаңашылдықтар еліміздің барлық өңіріне тараса, тұтас қазақ ауылдары да технологиялық серпілістің жаңа дәуіріне аяқ басары сөзсіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы