Отырыс барысында ҰҚШҰ ПА Кеңесінің қатысушылары Ассамблеяның осы жылғы қызметін қорытындылады. Парламентшілер Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіру және дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарды. Әртүрлі бағытта қауіпсіздікті нығайтуға арналған жаңа модельдік заңдар мен ұсынымдарды қабылдау жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізілді. Олардың қатарында есірткі бизнесімен, киберқылмыспен, трансұлттық терроризммен, адам саудасымен, қаруды заңсыз таратумен және басқа да қылмыс түрлерімен күрес мәселелері бар.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге жедел әрі тиімді түрде жауап беріп, Ұйымға мүше барлық елдің мүдделерін ескеріп, шешімдер қабылдануын қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ депутаттар ортақ тарихты сақтау бағытында белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы тұрғыда 2025 жылы ҰҚШҰ елдеріндегі басты оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту болды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Спикері геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, биыл халықаралық деңгейде қабылданған бірқатар маңызды шешімге назар аударды. Олар – Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстың реттелуі, Газа секторында бітімге келу туралы келісімге қол қойылуы, Қырғызстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылуы, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілуі.

Ерлан Қошанов Қазақстанның ауған халқына қолдау көрсетуге бағытталған күш-жігері туралы да айтты. Биыл Қазақстан Ауғанстанға 2500 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтті, оның ішінде азық-түлік, күнделікті қажет заттар және дәрі-дәрмек бар. Ол ҰҚШҰ елдерінің парламентшілерін Алматыда орналасқан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Өңірлік орталығының әлеуетін халықаралық көмекті үйлестіру мақсатымен белсенді пайдалануға шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар бірқатар модельдік заң мен ұсынымдарды, соның ішінде Қазақстан тарапы дайындаған «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңды қабылдады. Ол терроризмге қарсы іс-әрекет саласындағы мемлекеттік органдардың өзара байланысын, ықтимал террористік шабуыл нысандарын қорғау шараларын, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу шарттарын және басқа да мәселелерді реттейді.
Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің азаматтық қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салалардағы заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша парламентшілер Дамушы көпполярлы әлемде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәлімдеме қабылдады.
Мәскеуде өткен ҰҚШҰ ПА іс-шаралары аясында парламенттік делегациялардың басшыларын Ресей президенті Владимир Путин қабылдады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ төрағалығы Ресей Федерациясына өтеді.