ХХ ғасыр қазақ музыкасы үшін түбегейлі өзгерістер мен күрделі мәдени трансформациялар кезеңі ретінде есте қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл дәуірде жаңа еуропалық музыкалық жанрлар – опера, симфония, камералық музыка игеріліп, кәсіби композиторлық мектеп қалыптасты. Қазақ музыка өнерінде Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мүсілім Әбдінұров, Ғазиза Жұбанова сынды сазгерлер ұлт мәдениетін жаңа биікке көтерді.
Алайда кеңестік идеология ұлттық музыкалық тілдің толыққанды дамуына тосқауыл болды. Еуропалық стильге бейімделу арқылы көптеген шығармалар ұлттық негізден алыстап кетті. Соған қарамастан, қазақтың дәстүрлі музыкалық байлығы саналатын күй, терме, жыраулық дәстүр жаңа үлгілермен қатар өмір сүрді. Зерттеушілер бұл кезеңді «шығыс пен батыс антиномиясы» деп сипаттап, композиторлар екі мәдениет арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысқанын айтады.
Кеңестік жүйе құлағаннан кейін композиторлық мектеп рөлі әлсіреп, симфониялық оркестрлер мен опера театрларына қызығушылық азайды. Осыған орай, музыка саласында ұлттық-тілдік ортаны қайта қалыптастыру, жас ұрпақты дәстүрлі музыкалық тілге баулу қажеттілігі туындады.
Мамандардың ұсынысы бойынша:
Мемлекеттік деңгейде ұлттық музыканы БАҚ арқылы кеңінен насихаттау;
Мектептерде музыка сабағы арқылы балаларды ұлттық музыкалық тілге үйрету;
Күйші, жыршы, термешілердің шығармашылығын қолдау;
Дәстүрлі музыкалық орталарды сақтау және дамыту қажет.
Музыка – халықтың рухани жадын сақтайтын қуатты құрал. Сондықтан ХХ ғасыр мұрасын қайта бағалап, болашаққа бағыттайтын кезең келді.