Мархабат Жайымбетов өз сөзінде білім сапасы тікелей мұғалімге байланысты екенін айтты.
WhatsApp чаттар мен тапсырманың көптігі мұғалімнің уақытын алып, оқушымен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді – Мархабат Жайымбетов
194
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға білім беру саласындағы жүйелі мәселелер жөнінде депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутаттың айтуынша, қазіргі мектеп жүйесі барлық балаға сапалы білім беруде қиындыққа тап болып отыр. Осы ретте ол бұның бірнеше себебін де атап өтті. 

- Біріншіден, шамадан тыс жүктеме, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі, сондай-ақ WhatsApp-тағы чаттар пен тапсырмалардың көптігі ұстаздың уақытын алып, оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық та айқын: бір аймақта жаңа мектептер салынса, басқа өңірлерде интернет пен техника жетіспейді. Президенттің «Ауыл мен қала баласының мүмкіндігі тең болуы тиіс» деген талабы нақты іске айналуы қажет.

Екіншіден, білімдегі олқылықтарды толтыру үшін ата-аналар балаларын репетиторға беруге мәжбүр. Қазір репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға өскен. Репетитор - сән емес, қажеттілікке айналды. Бірақ оған барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша, білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеуде. 

Үшіншіден, білім сапасы тікелей ұстазға байланысты. Қазіргі уақытта қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін, алайда электронды форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы - бөлек мәселе. Осы орайда, аталған екі рәсімде де адамның жеке тұлғалық қасиеттері мен маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескере отырып, бұл рәсімдерге «әңгімелесу» немесе «сабақ беру» кезеңін қосу орынды. 

Төртіншіден, білім сапасы үшін жауапкершілік тек білім басқармаларының мойнына ілінген. Ал біліктілік арттыру орталықтары миллиардтаған бюджет қаржысын игергенімен, олардың жұмысының нақты нәтижесі ешкімнен сұралмайды. Білім заңына сәйкес, әрбір педагог үш жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс, яғни жыл сайын педагогтердің 33 пайызы оқудан өтеді. Алайда көп жағдайда бұл үдеріс республикалық мекемелермен (Өрлеу, Педагогикалық шеберлік орталығы және т.б.) шектеледі. Екі-үш аптаға созылатын курстардың оқушылардың білім сапасына нақты әсері бар-жоғы назардан тыс қалып отыр. Мемлекет қаржысы бөлінген болса, оның қайтарымы да талап етілуі тиіс. Сәйкесінше,  жауапкершіліктің бұл бөлігі біліктілік арттыру мекемелеріне де нақты жүктелуі қажет, - деді депутат.

Осы аталған мәселелерге байланысты, «AMANAT» партиясы фракциясы мынадай ұсыныстарды қарауды сұрайды: 

  1. Мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеру және біліктілік арттыру орталықтарына нәтиже үшін жауапкершілік тетігін бекіту.
  2. Аттестация мен жұмысқа қабылдау рәсімін қайта қарап, мұғалімнің практикалық шеберлігін бағалайтын кезең енгізу.
  3. Білім сапасын бағалауда кешенді және әділ көрсеткіштер жүйесін енгізу. Сондай-ақ білім сапасын тәуелсіз бағалайтын ұлттық зерттеу институтын құру.  
  4. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған нақты индикаторлар мен қаржылық тетіктерді бекіту.