«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жалғасын тапқан акцияға Полиция департаменті жанынан құрылған Есірткі қылмыстарының алдын алу жөнінде кеңес мүшелері де қатысты. Кеңес құрамында ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, тележүргізуші, fashion-продюсер Динара Сәтжан, кәсіпкер, футболшы Ноян Ауғанов, блогерлер – Артур Асқарұлы мен Сайлаубек Ерғазы да бар. Кеңес жұмысы – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, саламатты өмір салтын ұстау, өмірлік ұстанымдарға баулуға атсалысу. Әр салада жеңіс пен жетістікке жеткен тұлғалар қоғам дертімен дәрігерлер мен полицейлер ғана емес, қоғам болып күресу қажетін мақсат еткен. Олар бүгінде білім алып жүрген жастар да 10 жылдан соң келесі буынға ағалық, азаматтық қолдау білдіріп, дұрыс бағыт беретініне сенеді.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде нарколог-дәрігерлер студенттерге дәріс оқып, тақырыптық бейнематериалдар ұсынды. 6 жылдық тәжірибесі бар психиатр-нарколог Назым Жарасбекқызы есірткінің зиянын түсіндіріп, тәжірибесі жайында әңгіме өрбітті. Оның сөзінше, көбіне жасөспірімдер депрессия мен стреске төзбей, бұрыс жолға түсетін көрінеді.
– Қазір орталығымызда кәмелетке жасы толмаған балалар да ем алып жатыр. 13-14 жастағы ұл-қыздар да – пациентіміз. Сондықтан өміріңіз үшін дұрыс таңдау жасағаныңыз жөн, – дейді нарколог.
Есірткіге тәуелді адамды қалай байқауға болады? Олар ұзақ уақыт бұл әрекетін жақындарынан жасырғысы келеді. Алайда оны бойындағы белгілерден білуге болады.
– Психологиялық тұрғыдан белгілер көрініс табады, көңіл күй құбылып, мінез-құлық өзгереді. Мазасыздық басады, апатия пайда болады. Әңгімеден қашу, сөзден жалтару, өтірік айту, бейтаныс адамдармен араласу, жиі ақша сұрау да көңілге күдік ұялатады. Жағымсыз иіс пен киім-кешектен дақтарды байқайсыз. Адамның дел-сал күйде жүргенін сөзі түгілі көзінен-ақ аңғарасыз. Бірден салмақ жоғалту не дененің ісінуі байқалады. Ұйқысыздық мазалайды не керісінше адам бірнеше күн ұйықтап жатуы мүмкін, – дейді Назым Жарасбекқызы.
Бұдан соң мамандар студенттерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіп, есірткінің өлімге әкеп соқтыратынын түсіндірді. Ал іс-шараның екінші бөлімінде кеңес мүшелері жастармен әңгіме құрып, қызықты оқиғаларын баяндап берді. Жиынға арнайы мамандармен қатар жастар бетке ұстар азаматтардың қонақ болуы ерекше әсер етті.
– Мұндай жиындардың жиі өтіп жатқаны қуантады. Өзім де студент болдым, біз студент болғанда, дәл бұлай ешкім келмеген екен. Сол кездегі жағдай да қазіргідей емес, есірткіге жақын жастар көп еді, тіпті маған да байқап көр деп ұсынған. «Қане, байқап көр, бір қолданғаннан ештеңе де болмайды. Бұл – ересек өмірдің белгісі» деп, тура жолдан адастырмақ болғандар жанымыздан табылды. Сондай кезеңді бастан өткіздік. Сіздерге айтар жалғыз кеңесім, еңбексүйгіш болыңыздар. Еңбек еткен, жұмыстан қолы босамаған адамның басқаны ойлауға мұршасы да болмайды, – дейді тележүргізуші Динара Сәтжан.

Жастар іс-шара соңында Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы мен жылдам қимылдайтын арнайы жасағының өнерін де тамашалады. «Байкал» қызметтік итінің жасырулы есірткіні тауып, қылмыскерді қалай ұстайтынын көріп, қайран қалысты. Полиция қызметкерлерінен практикалық, теориялық білім де алып үлгерді.
– Адамдар қызметтік иттерді дайындықтан өткізу кезінде есірткі заттарын бересіздер ме деп жиі сұрап жатады. Қызметтік иттерге ешқандай да есірткі берілмейді. Әр есірткі затының өзіндік имитаторы болады. Мысалы, мына қораптағы синтетикалық есірткінің бірі – героинді алсақ, бұл шын героин емес, қызметтік итті героинге дайындайтын имитатор, – дейді полиция майоры Дастан Қалқаманұлы.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров ситуациялық ойындар өткізіп, белсенді студенттерге сыйлық та табыстады. Біз студенттердің де іс-шараға қатысты ой-пікірін білген едік.
– «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Астана қалалық филиалының төрағасының орынбасарымын. Тұран-Астана университетінің Ақпараттық жүйелер факультетінде оқып жатырмын. Іс-шараға медиаға танымал мамандар, арнайы қонақтар қатысқанына қуаныштымын. Жастардың да әсер алғанын байқадым. Ауыл-аймақтан келген студенттер қаладағы түрлі жағдайды білмеуі мүмкін, сондықтан мұндай жиындарды жиі өткізу қажет, – дейді 2-курс студенті Олжас Айдосұлы.
– Қонақтардың студенттермен пікір алмасуы, мотивациялық әңгімесі өте керемет өтті. Университет дайындығы, сахналаған көріністері, кинологтардың еңбегі ерекше таңғалдырды. Ризамын, – дейді юриспруденция мамандығында білім алушы Ақмарал Ақылбаева.
Түсініп-түйгеніміз, жастарға практикалық бағытта қызықты әрі сапалы жұмыстар өтімді әрі қоғам болып әрекет еткенде ғана нәтиже болмақ...
Айсұлу СЪЕЗХАН