Жыл басында Бас прокурор Берік Асылов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура қабылдап жатқан кешенді шараларды сөз еткен болатын. 2023 жылдан бастап Бас прокуратураның бастамасымен еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғауға, зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және уақытылы көмек көрсетуге бағытталған екі жоба – URPAQ пен «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ қысқа уақыт ішінде оқушылар мен мұғалімдер тарапынан бұзақылық пен буллинг туралы 1809 хабарлама түскен. Тексеру нәтижелері бойынша 2023-2024 жылдары 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1617 адаммен профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін елде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «кәмелетке толмағанды жәбірлеу» бойынша 184 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Ал 2025 жылдың 6 айында мұндай 202 құқықбұзушылық анықталған. Демек, салыстырмалы түрде кейінгі уақытта қылмыс өскен.
Мұндай жасөспірімдер арасындағы қатыгездік көбейгендігіне белгілі заңгер Мейірман Шекеев алаңдаушылықпен қарайды. Оның сөзінше, әлімжеттік жасап әлсіз баланы ұрып-соғу, ақша бопсалау, күш көрсету қалыпты жағдайға айнала бастаған. Мектепте көзге көрінбейтін оқушылар арасында «система» деген жүйе бар көрінеді. Ол өзі қарастырған Семейдегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жай-күйін мысалдап, Тараздағы мектеп оқушысын жоғары сыныптың балалары ұрып жазым еткендігі қоғамды алаңсыз қалдырмауы керегін айтады. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтың 127-бабына буллинг бабы енгені аз, мұны қылмыстық құқықбұзушылық деп өзгертіп, заң қатаңдатуды ұсынды.
– Әлімжеттік фактілері көбейіп барады. Мектептерде жоғары сынып төменгі сыныптағыларға күш көрсететін болған. Мұны өздері «система» деп атайды. Жақында Таразда Мирас деген баланы өзінен бір сынып жоғары оқитын балалар дүкен алдында ұрып-соғып мерт қылды. Дәл осындай іс менде Семейде де болды. Яғни, әлімжеттікке қатысты 106-бап бойынша іс қозғалып, айыпкер 3,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Заң бойынша аса ауыр қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген. Ал жалпы қылмыстық жауапкершілік 16 жастан қарастырылған. Білуімше, әр мектепте полиция инспекторы бар, бірақ ол бәрін бақылап жүре алмайды. Әскерде қайғылы жағдайлар бола берген соң, ең аяғында әжетханаға дейін бейнебақылау орнатты ғой. Сондықтан баланың бос уақытында қосымша үйірмелер ұйымдастырылып, білім ошақтарына да камералар орнатылу керек. Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылықтың 127-бабына буллинг бабы енгізілді. Мұнда жауапкершілік оның ата-анасына ғана жүктеледі. Ал шетелде буллинг қылмыстық жауапкершілікпен тең. Сондықтан жауапкершілікті қатаңдатсақ екен, – дейді заңгер.
Былтыр Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылында бір үйдің жалғыз баласы 10 сынып оқушысын жүрек тұсынан ұрып, жазым қылды. Кінәлілер 6,5 жыл ғана арқалаған. Жуырда Жамбыл облыстық полиция департаменті Шу ауданы Көкқайнар ауылында 10 мен 11-сынып оқушылары футбол ойынынан соң дауласып, төбелес салдарынан 10-сынып оқушысы жантәсілім еткенін мәлімдеді. Бұл басы ашылған, біз білетін қылмыстың бір парасы ғана, ал ашылмаған әлі зерделенбегені қаншама?!
Қазақстанның Еңбек Ері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Аягүл Миразова мәселені ұлттық саясат деңгейінде қарап, түйткілмен тыңғылықты айналысу қажет деген ой-пайымды алға тартады.
– Әлімжеттікке мектеп те, ата-ана да, бала да кінәлі деп бөлуге болмайды. Бұл қоғам болып күресетін дерт. Мұғалімдер баласының сөзін сөйлеген ата-анадан қаймығып баға қояды, оқушы тәрбие туралы айтпайтын болды. Ал ата-анасы балаға материалдық жағдай жасасам болды деп түсінеді. Баланың жүрегінде басқа нәрсе жатқан болуы мүмкін. Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерде балаға ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіреді, сыйластық пен құрметке үйретеді. Сондай-ақ қазіргі кей балалар телефоннан небір қатыгездікті үйреніп, өз өмірлерін қиып та жатыр. Сондықтан бала тәрбиесіне мемлекет деңгейінде көңіл бөліп, арнайы шешім қабылдау қажет. Өйткені қазақ қоғамына саналы ұрпақ керек, – дейді ұлағатты ұстаз.
Үкімет дереккөздеріне зер салсақ, 2025 жылдың жаңа оқу жылынан бастап әрбір мектеп пен колледжге учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бекітіліпті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 2026 жылдың қаңтарынан бастап барлық мектепте 500 балаға 1 психолог болуға тиіс деп мәселе көтерген болатын. Оқу-ағарту министрлігі №224 бұйрыққа өзгерістер енгізіп, оқушылар саны 2 мыңнан асатын мектептерге әр қосымша 500 оқушыға бір психолог енгізуді ұсынып отыр. Бұл норманы қазір жергілікті атқарушы органдар талқылап жатыр. Осылайша, мектептердегі тәртіп қадағалаушы инспектор, моральдық қысым көруді бөлісетін психолог мәселесі біртіндеп шешілетін сияқты. Көпшілік бұл іс аяғына дейін жетеді деп сеніп отыр.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін шешуде тұтас қоғам болып күресу керек деген пайымды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті педагог-психологы, PhD доктор Айгүл Ахметова қоштайды. Ол таяудағы Аустралияда 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желіні шектегендігін мысалға келтіріп, мектептегі әлеуметтік педагог, психологтардың айлық жалақысы мардымсыздығынан салада салғырттық пайда болып, толық емес отбасылар көбейгендігі, отқа май құйғанмен тең деп сараптайды.
– Өзінің ортасын мектепте, үйде таппаған жеткіншектер көшенің тәрбиесіне еліктейді. Соның салдарынан компьютер және түнгі клубтарды жағалап, әлеуметтік желіден нешетүрлінің бәрін көріп отыр. Бізде матриархалды отбасылар көбейіп, кейбір әйелдер баланы өздері тәрбиелеуге көшті. Мектептегі психологтар, әлеуметтік педагогтар жалақысы небәрі 100-150 теңге көлемінде болғандықтан, олар құжат толтырып қана отыр. Бұрынғыдай ұрпағына қазақи тағылым ата-әжелер институты да әлсіреді. Бірақ буллингтен шығудың жолы бар. Аустралияда 16 жасқа дейінгі жасөрендерге ғаламторды шектеді. Бұл жақсы бастама. Отбасында ер-азаматтың табысына қарамай беделін көтеріп, әлеуметтік желіні шектеп, қазақтың «ұят болады» сөзінің моральдық ұғымын арттырып, үлкендер өзіміз жас ұрпаққа үлгі болсақ, мектепте де, әскерде де әлімжеттік тыйылар еді, – деді психолог.
Әлімжеттік мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралып, заң шығарушы орган мінберінен зерделеніп, Мәжіліс «Құқық бұзушылықтыктардың алдын алу туралы» заң қабылдапты. Қазақ қоғамын күйзелткен буллингтің алдын алу шаралары жөнінде, адамның жүріс-тұрысына қарсы әрекеттерге барудың құқықтық салдарын көрсететін бейнероликтерді балалардың өздері жасау керек деген ой төңірегінде, әлімжеттік, бопсалау, күш көрсетуді дәріптейтін ақпараттар легін азайтпаса, балалардың да, бұқараның да құлағы, көзі үйреніп, қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін деп Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ой бөлісті.
– Мәжіліс «Құқық бұзушылықтықтардың алдын алу туралы» заң қабылдады. Заңда алдын алушылықпен айналысатын субъектілердің құзыры кеңейтілді. Қоғамдық тәртіптің күйі, құқықбұзушылықтың себеп салдары туралы Ұлттық баяндама жасалатын болады. Жастар арасындағы әлімжеттікті, күш көрсетуді азайту үшін жастармен алдын алуға бағытталған жұмыс жасау керек. Мектеп оқушылары өздері әлеуметтік жоба жасап үйрену керек. Адамның жүріс-тұрысына қарсы әрекеттерге барудың құқықтық салдарын көрсететін бейнероликтерді балалар жасауға тиіс. Олар өз түсінігімен, өз тілдерімен балалардың ортасына әсер ете алады. Әлімжеттіктің, бопсалау, күш көрсетуді дәріптейтін ақпараттар легін азайту керек. Бір облыста, ауданда іс болса, соны жаппай барлық ақпарат құралдары жариялай бастайды. Ондай ақпараттарға балалардың құлағы үйреніп, қалыпты жағдай сияқты немесе батырлық, ерлік сияқты қабылдайтын деңгейге жеткізіп жатыр. Мысалы, Талғар туралы көптеген ақпарат легі, енді сол ауданның балалары жүректі, мысты, бірлікшіл сияқты ойды қалыптастырады, – деп түйді депутат.
Тоқетері, Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектеп пен колледждерінде отандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді. Бағдарламаның апробациясы еліміздің 9 өңіріндегі 50 мектепте жүргізіліп, буллингтің алдын алу жүйелері құрылды. Апробация нәтижесінде ең тиімді тәжірибелер Астана, Алматы қалалары мен Абай, Жамбыл облыстарының мектептерінде байқалды. Демек, әлімжеттік мәселесін шешуде ілгерілеу бар деген сөз.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ