Мамандар салада жағдай жақсарғанын атап өтті. Кейінгі екі жылда Президенттің тапсырмаларын орындау аясында біраз іс тындырылды. Әйткенмен, ақпарат құралдарында биылғы қыста төрт өңірдің жылусыз қалуы ықтимал деген болжам айтылды. Жаңа жылу маусымында апат болып, халық жаурап жүрмей ме?
«Қытымыр» қысқа дайын ба?
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының өту барысын қалыпты деп бағалады. Республиканың жылу-энергетикалық орталықтары (ЖЭО) көмірмен және мазутпен қамтамасыз етілген екен.
– Биылғы жөндеу науқаны аясында электр стансаларында 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған-тын. Соның ішінде 9 энергоблокта, 56 қазанда және 37 турбинада жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұған қоса, 17 мың шақырымдық электр желілері мен 420 қосалқы стансада жөндеу жүргізілді, – деді И.Рожков.
Ол барлық іс-шара бекітілген кестелерге сай іске асырылып жатқанына сендірді. Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері апта сайын энергетикалық кәсіпорындарға барып, жылыту маусымының өту барысын сол жерде бақылап отырады. Биыл электр стансаларындағы жөндеу науқанына 396 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Жылу желілері бойынша 323 шақырымдық жылу магистралінде жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізіліпті.
– Энергия көздеріндегі жанармай қоймаларында 5,6 миллион тонна көмір және 148 мың тонна мазут қордаланды, бұл нормативтік деңгейге сәйкес келеді. Жыл сайын әкімдіктердің өтінімі бойынша біздің министрлік өңірлерге арналған «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітеді. Биылғы жылыту маусымына 257 мың тонна мазут қарастырылған, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Өңірлердің жылыту маусымына арналған жалпы көмір қажеттілігі 7,4 млн тоннаны құрайды. Қазір соның 6,4 млн тоннасы дайындалды, бұл жылдық жоспардың 86%-ын құрайды. Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты және үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге уәде етті.
Жаңғырудың бір үлгісі – Қостанай
Саладағы өзгерістерді бір өңірдің – Қостанай облысының мысалында бағамдауға болатындай. Арқалық тұрғыны, энергетика саласының ардагері Ерлан Бексұлтанұлы 90-шы жылдары бес қабатты үйде көршілерімен бірге «буржуйка» жаққанын еске түсірді.
– Одан беріде жағдай біршама оңалғанымен, толық түзеліп кетті деу қиын. Қалада жалғыз ЖЭО бар, оның өзі әбден ескірген, 1970 жылы салынғалы тоқтаусыз пайдаланылды. 2020 жылдары оны жөндеуге 7,4 млрд теңге ақша жұмсалды, жаңарған кешен іске қосылды деп жарияланды. Шынында, оны реконструкциялау кезінде қаржы талан-тараж етілген. Прокуратура іс қозғады, бірақ әлдекім жазаланды дегенді естімеппіз. ЖЭО апаттан арылмады. Былтырдан бері жаңғырту жұмыстары қайта жүргізілді. Қалада жылу трассалары жаз бойы жаңартылумен болды, жұмыс байқалады, – деді жергілікті тұрғын.
Арқалықта апаттан бас көтере алмай қалған ескі жылу-электр орталығын жөндеу үшін бес жылдай бұрын Үкіметтің төтенше резервінен миллиардтар бөлінген еді. Ақыр соңында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта қалпына келтіру» және «Қуаттылығы 2,5 МВт болатын №2 стансасының турбоагрегатын ауыстыру бөлігінде Арқалық ЖЭО-ны реконструкциялау» атты 2 жобаны бірден қабылдап алды.
Жобалар шеңберінде жұмыстар толыққанды аяқталмаса да, оларға 7,4 миллиард теңге жұмсалып кеткен. 2023 жылдың маусымында Жоғары аудиторлық палатаның сол кездегі төрағасы Наталья Годунова жергілікті шенеуніктердің ЖЭО-ны тек қағаз жүзінде пайдалануға бергенін мәлімдеді. Іс жалпылай сынаудан әрі аспады.
Қала тұрғындарының сөзінше, қазір де жергілікті үйлерде жылу температурасы аса жоғары емес: жұрт терлемегенімен, жаурамайтын ғана деңгейде. Алайда Арқалықта әзірше қыс жұмсақ: сырттағы ауа -4°C маңайында.
Жуырда Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Қостанай облысындағы қалалардың жылу желілерін реконструкциялауға Үкімет резервінен шұғыл түрде 2,2 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Үкіметтің түсініктемесінде көрсетілгендей, бұл қаражат өңірде халықты үздіксіз жылумен қамту үшін энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жұмыстарын жалғасуға шығындалады.
Мұның сыртында Жітіқара қаласының 11 шағын ауданында жылу желілерін жөндеуге 389 млн теңге бағытталады: оның 269 млн теңгесі Ы.Алтынсарин көшесі, тағы 205 миллионы – Жібек Жолы көшесі бойында. Бұл жылу желілері – 183 көппәтерлі үйді, 2,5 мың аз қабатты үйді, жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді қамтиды. Жылу энергиясын жалпы саны 15,5 мың абонент тұтынатын болады. Оның кейбірі бұған дейін пеш жағып, айналасын түтінге көміп келген еді, енді ол тауқыметтен арылуға тиіс. Жітіқараның жылу желілерінің ұзындығы – 78 шақырым, оның ішінде магистральдық желілері – 7,53 шақырым.
Сөз болып отырған Арқалықтың жағдайы нешік? Үкімет тиісті жұмыстар бұл қалада да жүргізіліп жатқанын растады. Арқалықта жылу желілерінің тозу деңгейі апаттық 85% деңгейіне дейін жеткен екен. Шаһардың жылу трассаларының 10 шақырымы жөнделу үстінде. Соның ішінде 2025 жыл соңына дейін 1,6 шақырым желіні жаңарту аяқталады. Бұл желіге 300 абонент қосылған, жалпы білім беретін мектеп те енді тұрақты жылумен қамтылды. Қалаға арналған Жылу желілерін реконструкциялау жобасының ІІІ кезегін жүзеге асыруға биыл шамамен 645 млн теңге шығындалды.
Қостанай облысында жылыту кезеңіне дайындық шеңберінде жабдыққа, жылу желілеріне және электр беру желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Өңірде тозу көрсеткішін әрі қарай төмендету мақсатында биыл жалпы ұзындығы 27,9 шақырым жылу трассасын қайта жаңарту бойынша 22 жоба іске асырылады. Қабылданған жаңғырту шаралары өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды едәуір нығайтуға, жылу және сумен жабдықтау нысандарының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен және сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген үміт бар.
«Қызарғандар» саны азайды
Айтпақшы, реконструкциясы ақыры аяқталған Арқалық ЖЭО-сы жұмыс істеп тұр, 2025 жылғы мамырда оған Үкімет басшысы Олжас Бектенов ат басын бұрып, жаңа жылу маусымына дайындығын тексеріп қайтты. Бұл ЖЭО коммуникацияларының тозу деңгейінің жоғарылығы салдарынан әлі күнге «тәуекелі жоғары қызыл аймақтағы» жылу көздерінің тізімінде тұр. Әкімдіктің мәліметінше, соңғы 2 жылда 17 шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылды, бұл өткен 2024-2025 жылыту маусымын алғаш рет «апатты жағдайда тоқтап қалусыз» өткізуге мүмкіндік беріпті.
Биылғы жаңғырту жобасын іске асыру қорытындысында Арқалықтағы жылу желілерінің тозуы 12%-ға төмендеуге тиіс. «Арқалық жылу энергетикалық компаниясы» МКК директоры Жасұлан Әбдірахмановтың айтуынша, сұйық отын ретінде пайдаланылған мазуттан көмірге көшудің арқасында кәсіпорын өз шығындарын 2,2 млрд теңгеге азайтуға қол жеткізді.
Әйтпесе, мазут жаққан кезде арқалықтықтар батарея ішінен қаңғырлаған үрейлі дыбыстар шығатынына шағымданды. Тұрғындар оны артиллерияның атқылауына теңеп жүрді. Жергілікті билік бұған көмірден мазут отынына көшу себепкер болды деп түсіндірген еді. Көмірге қайта ауысқалы радиатор ішінде «бейбіт» тыныштық орнапты.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанның жылу энергетикасында тозу деңгейі төмендеді. ЖЭО-ларда жөндеу-жаңғырту жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары биылғы жылыту маусымына дайындық бұрынғы жылдардың тәжірибесі ескеріліп, барынша мұқият жүргізілгенін тілге тиек етті. Мысалы, тұтас маусымға қажетті көмір көлемі 7,4 млн тоннаны құрайды, оның 5,3 млн тоннасы, яғни, 72%-ы маусым басталғанға дейін дайындалып қойған. Көлемі күз-қыс кезеңін қалыпты өткізу үшін белгіленген нормативтерге толық сәйкес келеді.
2025 жылы Қазақстанда электр және жылу энергиясын бір уақытта өндіретін 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) жұмыс істейді. Оның ішінде 16 ЖЭО мемлекеттің меншігінде, қалған 21-і – жекеменшік. Жылыту маусымы қарсаңында жылу көздерінің жағдайына жүргізілген бағалау қорытындысына сәйкес 19 ЖЭО – «қызыл» аймаққа, 11 ЖЭО – «сары» аймаққа, 7 ЖЭО «жасыл» аймаққа кірді.
Бұл ретте 2025 жылы айтарлықтай оң өзгеріс тіркелді: бірден 9 ЖЭО – Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Рудный, Риддер, Шахтинск, Qarmet АҚ-ның ЖЭО-2-сі, Кентау ЖЭО-сы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Тағы 3 ЖЭО – Атырау, Текелі ЖЭО-сы, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-ның ЖЭО-3-і «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өте алды. Осының өзі салаға қатысты Президент қойған тапсырмалардың орындалып жатқанын паш етсе керек.
Биыл ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 61,39%-ды құрады, бұл өткен жылғы 64,55%-дан және 2023 жылғы 65,16%-дан біршама төмен. Сөйтіп, саладағы жағдай қарқынды болмағанымен, біртіндеп жақсарып келеді.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы жылу энергетикасы объектілерін жөндеу науқанын жүзеге асыруға 2025 жылы 376,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылғы қаржыландыру көлемінен (333,4 млрд теңгеден) 13%-ға артық. Сондай-ақ тұтынушыларға арналған тарифтерді жаппай көтеру де ЖЭО меншік иелерінің триллиондаған теңге қосымша табыс табуына жол ашты.
Негізгі жетістіктердің бірі – апат санының азаюы. Биылғы жылыту маусымы әзірге тыныш өтіп жатыр. Өткен жылыту маусымы да тұрақты оң өзгерістерді аңғартты. Технологиялық бұзушылықтардың кемуі бойынша оң серпін байқалды: апаттар саны бірден рекордтық 82,4%-ға қысқарды. Мұнда бірінші дәрежелі ақаулар 28,7%-ға, екінші дәрежелі ақаулар 9,4%-ға азайды.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ТКШ-ны ауқымды жаңғырту жұмыстары жемісін бере бастады. Апаттың біраз азаюы, жылу инфрақұрылымының тозу деңгейінің төмендеуі, қауіпсіздік көрсеткіштерінің артуы және жылыту маусымына уақытылы дайын болуы атқарылған жұмыстың нәтижесі барын көрсетеді.
Айхан ШӘРІП