Негізі пойызға билетті ертерек алған жөн. Әйтпесе мерекеге жақын күндері тым қарбалас болады.
Жаңа жылда үйіне пойызбен барғысы келетіндерге жақсы жаңалық
285
оқылды

Жуырда ғана «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі қазақстандықтарға жағымды жаңалықты жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Ұлттық тасымалдаушы жаңажылдық мереке күндеріне орай жолаушылар ағынының артуын ескере отырып, қосымша пойыздар іске қосылатынын хабарлады.

«Қысқы кезеңде жолаушылардың артып отырған сұранысын қамтамасыз ету үшін ұлттық тасымалдаушы қосымша пойыздарды жолға шығарады. Бұл пойыздар шамамен 23 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.

Қосымша пойыздар мына бағыттар бойынша жүреді:

№201/202 «Алматы-2 – Астана-1»

Алматыдан: 2025 жылғы 20, 22, 24, 26, 28, 30 желтоқсан және 2026 жылғы 2, 4 қаңтарда

Астанадан: 2025 жылғы 21, 23, 25, 27, 29, 31 желтоқсан және 2026 жылғы 3, 5 қаңтарда

№203/204 «Астана Нұрлы жол – Шымкент»

Астанадан: 20, 23, 26, 29 желтоқсан және 2 қаңтар

Шымкенттен: 22, 25, 28, 30 желтоқсан және 4 қаңтар

№257/258 «Ақтөбе – Астана Нұрлы жол»

Ақтөбеден: 20, 23, 26, 29 желтоқсан және 2 қаңтар

Астанадан: 22, 24, 28, 30 желтоқсан және 4 қаңтар

Бұлар негізі стандартты купе және плацкарт вагондары болады. Сонымен қатар  сұранысы жоғары бағыттар бойынша жұмыс істеп тұрған пойыз құрамдарына 584 қосымша вагон тіркеледі. Бұл шамамен 30 мыңнан астам қосымша орынмен қамтамасыз етеді.

Билеттерді қайдан алуға болады?

Билеттерді ресми сайттан сатып алуға болады. Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерді ерте сатып алуға кеңес береді, өйткені жаңажылдық мереке күндерінде орындарға сұраныс дәстүрлі түрде жоғары болады.

Егер билет жоқ болса, "Күту парағына" тіркеліңіз

Егер сатып алу сәтінде билеттер болмаған жағдайда, жолаушылар "Күту парағы" (лист ожидания) қызметін пайдалана алады. Бұл қызмет арқылы билет қолжетімді болғанда жүйе жолаушыны жеке кабинет немесе SMS арқылы автоматты түрде хабардар етеді.

«Күту парағы» қызметі сайт пен кассалар арқылы қолжетімді. Қызметті пойыз жөнелтілуінен кемінде 7 күн бұрын және кемінде 2 сағат қалғанда рәсімдеуге болады.

Қосымша ақпарат алу үшін 1433 нөміріне хабарласыңыз!