Жүздеген әуе шары ел әуежайларының жабылуына себеп болған. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп, елде төтенше жағдай режимін енгізілген.
Әуе шарларынан қорқып, елде төтенше жағдай жарияланды
Әуе кеңістігін бұзған жүздеген әуе шарлары Литваға Беларусьтен контрабандалық темекі тасуда қолданылады. Фото straitstimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: X / Linaskojala
124
оқылды

Financial Times басылымының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz әуе шарларынан туындаған қауіпті сараптайды.

«Көрші елдерден келетін «гибридтік» шабуылдарға қарсы» Литва билігі Еуроодақты көмекке шақырған үндеу жариялады. Вильнюс соңғы апталарда өзінің әуе кеңістігіне ұшып келген әуе шарлары көрші Беларусьтен келеді деп мәлімдеген. Литва бұл оқиғаны Ресей мен Беларусьтің НАТО-ға мүше мемлекеттерге қарсы жүргізіп отырған гибридтік соғысының кезекті кезеңі деп атаған. Әуе кеңістігін бұзған жүздеген контрабандалық әуе шарлары Литваның әуежайларының қайта-қайта жабылуына себеп болған. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргеннен кейін төтенше жағдай режимі енгізілді.

Үкіметтің сейсенбі күнгі (9 желтоқсан) шешімі Вильнюстің төтенше оқиғаға жауап ретінде Еуроодақты неғұрлым белсенді әрекет етуге шақырған көптеген өтініштен кейін қабылданды.

Әуе шарларын кім және не үшін қолданады? Аса үлкен әуе шарларын контрабандашылар Литваға темекі сияқты заңсыз тауарларды жеткізу үшін бұрыннан пайдаланады. Соңғы апталарда Вильнюс әуежайы 60 сағатқа жабылып, 350-ден астам рейске және 50 000 жолаушыға әсер етті. Каунас әуежайы да бірнеше рет уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

«Беларусьтің гибридтік шабуылына қарсы күресте біз ең қатаң шараларды қабылдап, осы шабуылдан ең көп зардап шеккен өңірлерді қорғауымыз керек. Төтенше жағдай режимі азаматтарға ешқандай қолайсыздық тудырмайды», – деді премьер-министр Инга Ругинене.

Ресейдің саяси және әскери тұрғыдан жақын одақтасы болып саналатын Беларусь болса әуе шарларының ұшырылуына өзінің ешқандай қатысы жоқ екенін айтуда.

Литва үкіметі сейсенбі күні (9 желтоқсан) төтенше жағдайдың енгізілуі әскерилерге әуе шарларынан төнетін қатерге қарсы күреске белсендірек араласуға және мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділікті күшейтуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Литва мен оған көрші өзге де НАТО-ға мүше мемлекеттер әуе шарларын өздерінің ұлттық қауіпсіздіктеріне немесе негізгі инфрақұрылымдық жүйелерге қарсы бағытталған диверсиялық кампаниялар – гибридтік шабуылдардың ең жаңа түрі деп қабылдауда.

2021 жылдан бері Литва, Латвия және Польша Беларусь аумағы арқылы шекараға қарай ығыстырылған мигранттардың едәуір легіне тап болды. Үш ел де мұны гибридтік шабуыл деп атады. Литва мен Польша бірқатар өрт қою әрекеттері үшін Ресейді айыптаса, Эстония мен Польшада министрлердің көліктеріне жасалған шабуылдар сияқты вандализм жағдайлары тіркелді.

Литва Еуроодақты Беларусь шенеуніктеріне санкция салуға және өзіне контрабандалық әуе шарларымен күресте көмек көрсетуге шақырды. Үкімет жел режимінің өзгеруіне байланысты төтенше жағдай тек шекара маңындағы өңірлерде ғана емес, бүкіл Литва аумағында енгізіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ полиция, шекарашылар, кеден қызметі мен әскери полиция түн сайын әуе шарларын ұстап қалу үшін рейдтер жүргізіп, осы аймақтағы автокөліктер мен адамдарды тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Ресми Минск бұл іске өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Еуроодақ елдері шарларды гибридтік шабуыл десе, Беларусь әуе шарлары контрабандашылардың әрекеті деп түсіндіруде. Контрабандашылар екі елдің азаматтарынан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері болуы әбден мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.