Еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығы күрт өсіп, жыл соңына тән қалпынан тайып отыр. Әсіресе, соңғы 22 айда байқалмаған өсім қараша айында қатты сезілді. Нақтырақ айтсақ, Астана мен Алматы қалаларындағы пәтер құны аспандап кетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz
«Жазға дейін күте тұрыңыздар»: Сарапшылар пәтер сатып алуға асықпауға кеңес берді
www.istockphoto.com
220
оқылды

Қазір елордада жаңа пәтердің бағасы қарашада бірден 3,2% өсті. Пәтердің орташа құны бір шаршы метрі үшін 671 мың теңге. Ал Астананың қайталама нарығындағы өсім одан да көп – 4,8%. Астанадағы ескі тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 711 мың теңгеге жетті. Жалға берілетін пәтер бағасы бір айда 4% қосылды.

Алматы шаһарында да бастапқы нарықтағы баға өсімі сезіліп жатыр. Қарашаның өзінде өсім 3,5%-ға жеткен. Бұл соңғы екі жылмен салыстырғандағы үлкен өсім. Жаңа үйлердегі тұрғын үйдің бір шаршы метрі 690,7 мың теңгеге бағаланып тұр, бұл – пәтердің орташа құны. Оның қасында қайталама нарықтағы баға сәл ғана көтерілген, бар-жоғы – 2,1%.  

Мамандардың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы салық реформаларының ықпалымен туындаған ахуал жаз айларына таяу басылады. Сондықтан олар қазір пәтер алуға асықпауға кеңес береді. Бастысы бұл мәселенің неден туындағанын анықтау керек: құрылыс салушының жаңа ҚҚС-ты алдын ала қосқан стратегиясы ма, әлде билік айтқандай салыққа еш қатысы жоқ, шынымен, нарықтық сұраныстың ұлғаюы ма?

Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Эльвира Сағандықова еліміз бойынша жаңа тұрғын үй бағасының жылдық өсімі +15,5% шамасында екенін атап өтті.

«Оның үстіне, баға өсімі жаңа құрылыстарда қатты сезіледі. Бұл дегеніміз – құрылыс салушылар алда болатын салық шығынын қосып, сатып алушылардың көңіл-күйімен ойнап отыр. Осыдан-ақ құрылысшылар өз өнімдеріне ҚҚС-ты қосып қойғанның белгісі», - дейді ол.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі тағы бір маманның ойынша, бұл өсім  2026 жылы қосылатын ҚҚС-ты алдын алып, халықтың санасын үйренісуіне арналған қадам.

– Алдымыздағы жылда пәтердің қымбаттайтыны анық. Сондықтан құрылыс компаниялары өсімнің күрт болмас үшін стратегиялық түрде көтеріп жатқаны, – деді  Александр Бикетов.