Қара бетперде таққан жігіт тағы бір мүмкіндігі шектеулі жандардың әлетіне көмек қолын созды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Qaimaq.media Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Олардың жазуынша, отбасының анасы Бегімайдың сол көзі көрмейді. Оң көзінің өзі небәрі 2-3 пайызға ғана көру қабілеті бар. Ал күйеуі арбаға таңылған. Ерлі-зайыптының қызы да сырқат. Ол эпилепсиямен ауырады, ДЦП диагнозы қойылған.
Бегімайдың айтуынша, өздерінің жеке баспанасы болмаса да үйдің азаматы бос отырмаған. Өзінің арбаға таңылғанына қарамастан, өзгенің көлігімен таксилетіп, отбасын асырап отыр.
“Барлық қиындықтың артында бір қайыр болатынын білемін. Қызымның сырқатына да шүкіршілік етемін. Жаратқан бізді жақсы көргендіктен, күнә жасамас үшін осылай сынайды деп сенемін”, – дейді ол.
Жұмбақ қайырымды жан отбасына емге қажетті қаражат, кіші қажылыққа жолдама, көлік және жаңа пәтердің кілтін табыстаған.
“Ең адал, ең лайықты отбасылар көбіне ел көзінен таса жүреді, бірақ Жаратушы үшін олар аса қымбат”, – деді қара бетперде таққан жігіт.