Осылайша, Женевада өткен Халықаралық көші-қон ұйымы кеңесінің жыл сайынғы сессиясында қазақстандық әнші әрі гуманитарлық қызмет атқарып жүрген Димаш Құдайберген БҰҰ агенттігінің жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде тағайындалды. Goodwill Ambassador мәртебесі – ресми дипломатиялық қызмет емес, бірақ жаһандық аудиторияға ықпал ете алатын беделді тұлғаларға берілетін өте маңызды гуманитарлық миссия.
Халықаралық көші-қон ұйымы жариялаған мәлімдемеде Димаш Құдайбергеннің жаңа мәртебесін зор мақтанышпен хабарлайтыны жазылған. Онда өнерпаздың дауысы мен қоғамдағы белсенділігі әлемдегі дағдарыстардан зардап шеккен адамдардың қадір-қасиетін, табандылығын және алуантүрлілігін танытуға ықпал ететіні атап өтілген. DimashNews порталының мәліметінше, Димаш өткен жылдан бері ХКҰ-ның өңірлік ізгі ниет елшісі болған. Әнші жаһандық ықпалын пайдалана отырып, ұйымның жұмысына қолдау көрсетіп, көші-қон мәселелеріне назар аудартты, мигранттардың интеграциясына атсалысты және қайырымдылық шараларына қатысып келді.
Женевадағы отырыс барысында Димаш мүше мемлекеттердің делегациялары мен ұйым қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі. Ол Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе жұмыс істеу өзінің өміріндегі және шығармашылық жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі болғанын атап өтті. Әрбір бастама мен кампания кезінде ұйымның белгісіздік пен қиындыққа тап болған адамдарға қалай көмектесіп жатқанын көргенін жеткізді.

Әнші жаңа атақты зор құрмет әрі үлкен жауапкершілікпен қабылдайтынын айтып, алдағы уақытта мигранттардың құқығын қорғауды, қауіпсіз көші-қон туралы ақпараттық жұмысты күшейтуді, инклюзивтілік пен тұрақтылық қағидаларын насихаттауды жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол ұйымның қайырымдылық шаралары мен гуманитарлық дағдарыстарға әрекет ету бастамаларын қолдауды жалғастыратынын айтты.
Ізгілік елшісінің міндеті қандай?
Ізгілік елшілері БҰҰ-ның әртүрлі агенттіктерінде, бағдарламалары мен қорларында жұмыс істейді немесе өз миссияларын жария түрде атқарады. Яғни, ұйымда бір ғана ізгілік елшісі болмайды, ұйымға қарасты әр агенттіктің өз Goodwill Ambassador бағдарламасы бар. Айта кету керек, саяси көшбасшылардан гөрі өнер арқылы көпшілікке әсер ететін тұлғалар елші ретінде үлкен ықпалға ие.
– Саясат көбіне рационалды талдауды қажет етеді, ал өнер – сезімге әсер етеді. Адамдар музыка, кино, өнер арқылы берілген хабарды жүрекпен қабылдайды, сондықтан оны есте сақтайды және тез қабылдайды. Яғни, өнер – эмоция арқылы әрекетке итермелейтін күш. Бір ғана пост, бір ғана концерт немесе бір ғана сөз миллиондаған адамға бір сәтте жетеді. Мысалы, Шакира ЮНИСЕФ үндеуін жарияласа, оны бірден 100 млн адам көреді. Димаш концертте мигранттар туралы айтса, әлемнің 20-дан астам елінде көрермендер естиді. Саясаткерлердің үндеулері бұлай таралмайды, себебі олар ақпараттық шектеулерге тәуелді, – дейді өнертанушы Гүлназ Асанова.

Ізгілік елшілері ішінде ең жиі айтылатын есім – Анджелина Джолидікі. Ол тек Голливуд жұлдызы ретінде ғана емес, әлемдік гуманитарлық қозғалыстың алдыңғы қатарында тұрған тұлға ретінде танымал. Джоли кино әлеміндегі даңқтан биік тұрып, адамзаттың ең күрделі мәселелеріне үн қосып жүр. Ол 20 жасынан бастап БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссариаты (UNHCR) жанындағы ізгілік елшісі ретіндегі қызмет атқарып келеді. 2001 жылы Джоли алғаш рет босқындар лагерьлеріне барып, шынайы қайғы-қасіретті өз көзімен көрді. Ол кезде көптеген жұлдыз қайырымдылықты камера алдында ғана жасайтын дәуір еді. Бірақ Джоли фотосессия үшін емес, адамдардың шынайы өмірін түсіну үшін қауіпті аймақтарға барды. Осылайша, актриса Африкадағы аштық пен соғыс зардабын көріп, Азиядағы босқындардың тұрмысын зерттеп, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салдарын әлемге жеткізді. Украинаға да барып, соғыс зардабының қандай екенін әлемге паш етті. Деректерге сүйенсек, Джоли 40-тан астам елге барып, 30-дан астам гуманитарлық миссияға қатысыпты. Ол бір сұхбатында:
«Адамдардың қайғысын көріп тұрып, үнсіз қалу – ең үлкен қателік» деген еді. Әлі күнге дейін актриса адам құқығы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, бейбітшілік пен халықаралық жауапкершілік туралы пікірін ашық айтып келеді.

Ал Эмма Уотсонды көпшілік алдымен «Хәрри Поттердегі» Гермиона рөлі арқылы таныды. Алайда уақыт өте келе ол әлемдік киноның ғана емес, жаһандық гендерлік теңдік қозғалысының символына айналды. Ол даңқты сән көрсетілімдерінде емес, халықаралық мінберлерде сөйлеп, әйелдердің құқығы үшін күрес жүріп жатқан алдыңғы шепте көрінді. 2014 жылы Эмма Уотсон БҰҰ-ның UN Women ұйымының ізгілік елшісі болып тағайындалды. Бұл – оның актерлік мансабынан да жоғары, адамзаттық жауапкершілікті таңдаған сәті еді. Сонымен қатар әлемдік сахнаға латын ырғағын әкеліп, миллиондардың жүрегін баураған Шакира музыканың ғана емес, адамгершіліктің де символына айналды. Оның дауысы стадиондарды толтырса, жүрегі әлемнің түкпір-түкпіріндегі балалардың болашағын жақсартуға бағытталды. Бүгінде Шакира – БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) ең белсенді әрі ықпалды ізгілік елшілерінің бірі. Шакираның гуманитарлық қызметінің тамыры оның өз өмірінен бастау алады. Әнші Колумбиядағы кедей аудандардың бірінде өсті. Балалық шағында көрген әділетсіздіктер, жетім қалған балалардың өмірі, мектепке бара алмайтын кедей отбасы балалары, бәрі оның жүрегінде терең із қалдырды. Ол жұлдызға айналған сәтте-ақ гуманитарлық бағытты таңдады. 18 жасында Barefoot Foundation (Жалаңаяқ қоры) атты қайырымдылық ұйымын құрды. Қордың мақсаты латынамерикалық кедей аудандардағы балаларға сапалы білім беріп, тамақ пен психологиялық қолдау көрсету еді. Ендеше бұл – атақ үшін жасалған жоба емес, өзінің өткенін өзгелердің бүгінінен көрген адамның шынайы әрекеті.
Димаш феномені
Соңғы жылдары Димаш Құдайбергеннің даңқы Азиядан бастап Еуропа мен Солтүстік Америкаға дейін таралды. Оның әндері жүректерге жетіп қана қоймай, адамзатты махаббат пен сүйіспеншілікке, ізгілік пен мейірімге үндейді. Оның жанкүйерлері де жұмылған жұдырықтай қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Атап айтсақ, 2022 жылы Welcome to Kazakhstan, Dears фан-парақшасының әкімшілері Ана мен бала ұлттық орталығында онкологиямен күресетін аналарға көмек көрсету үшін қайырымдылық акциясын бастады. Қайырымдылық акцияны әлемнің түкпір-түкпірінен келген Dears қызу қолдады. Осылайша, оған Димаштың Португалия, Исландия, Германия, Франция, Италия, Норвегия, АҚШ және Қазақстаннан жанкүйерлері қатысты. Dears бірлескен күшімен 585 мың теңге жиналды. Ақша Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына берілді.

Ал 2021 жылы Димаш Құдайберген Қазақстанның денсаулық саласына 500 мың доллар сыйға тартты. Бұл туралы C.U.R.E үкіметтік емес қайырымдылық қорының президенті Дуглас Джексон мәлім етті.
«Димаш C.U.R.E жобасының амбассадоры ретінде Халықаралық әйелдер күнін онлайн форматтағы тойлау шарасына қатысып, ән салды. Одан түскен шамамен жарты миллион доллар ақша дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсау үшін Қазақстанға табысталады», – деді ол.
Бұл кезде Димаш түрлі елге қайырымдылық жасау мақсатында медициналық жабдықтар жеткізетін Project C.U.R.E. коммерциялық емес ұйымның бірінші амбассадоры еді.
Ендеше Димаш ізгілік елшісі атанбай тұрып та, өнер жолын ізгілікпен байланыстырған. Алдағы уақытта Димаштың халықаралық ұйымның миссиясын қолдап, қауіпсіз, реттелетін және адамгершілікке негізделген көші-қон мәселелеріне қоғам назарын аударатыны анық.
Көктем ҚАРҚЫН