Латвия астанасы Рига қаласында әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің «Stranger» атты жеке концерті өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Концерт елдегі ең ірі әрі танымал концерттік алаңдардың бірі Xiaomi Arena сахнасында ұйымдастырылды. Билеттер концертке дейін біраз уақыт бұрын сатылып кеткен.
Xiaomi Arena – 2006 жылы Хоккейден әлем чемпионатына арнайы салынған заманауи көпфункционалды кешен. Мұнда 11 мыңнан 14 мыңға дейін көрермен сыяды. Бұған дейін бұл сахнада Брайан Адамс, Deep Purple, Depeche Mode, Эд Ширан, Энрике Иглесиас сияқты әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен.
Концертке тек Латвия халқы ғана емес, сондай-ақ Еуропаның түрлі елдерінен арнайы келген жанкүйерлер – Dears қатысты. Димаштың бұл шоуы еуропалық тыңдармандар үшін де ерекше мәдени оқиғаға айналды.